“Қызыл отаудың” құлыбы
Шиелі – киелі жер ғой, сол топырақта туылған да тегін болмайтыны түсінікті шығар. Бәлкім, мұндағы өмірден өткен тұлғалар туралы еске алсақ қайтер еді?
Сәтін салып, жол түскен соң екі күн аялдауға тура келді. Мақсатым – Қалмақан Әбдіқадыровтың өз қолымен құраған “Қызыл отауды” көру болды. Шамаласам, Шиеліден бірнеше шақырым. Көліктің де дұрысы болмаса жету неғайбыл. Әйтеуір, бағымызға су жаңа “Нива” тиді.
Жергілікті жұрт қазір ол жақты “Қызыл отау” емес, Таштоп деп атап кеткен. Кезінде сексеуіл дайындаған өзбектердің мекемесі болған. Сол есте қатты сақталса керек, сөздің басы солай ойысады.
Сонымен жолға шықтық. Қалың құмнан қысылып, көлік ыңыранып келеді. Айнала ну жыңғыл. Адамның сұлбасын көрмегендей қырғауылдың өзі үркуді білмейді. Таңертең түрегелген талабымыз түске қарай әрең орындалды. Кең жазық даладан көз шалатындай ештеңе жоқ. Қалқиып екі үй қалыпты. Біз Нұрпапа Оралбаевтың үйіне түстік. Уақытында орманшы, жүргізуші болған, қазір зейнеткер. Білері көп, аздап өлең жазады. Өзі де әңгімешіл екен.
– Кезінде бұл аймақты жылқышы ауылы атайтын. Ұзын-ырғасы 500-дей түтін тұрды. Елуінші жылдардың аяғында «Қызыл отау» дүркіреген мәдени қызмет орталығы еді. Кітапхана қорында бес мыңға тарта кітап болды. Есіл дүние-ай, иесіз қалды ғой. Қазіргі ұрпақ сол жайында білмейді де. Өткен өмірдегі өкініш осы емес пе? – деді ол.
Әңгіме әр тақырыпты шалады. Бақты ата жайлы да баяндады. Бұл маңайдағы халық оны пір санаған. Мүрдесін балаларын салып, жыңғылмен қоршатыпты.
– Айтпақшы, Бейімбет Майлин «Еңбекші Қазақ» газетінде жүргенде Қалмақанды атқосшы етіп алған жоқ па? Бұрынғының адамдары қандай көреген, түбінде талант жатқанын сезген ғой. Сол Қалмақан оның ойын орындады.
–Ия, солай.
Бір күні түс көрдім. Қалмахан қара құлып жайлы қозғады. – Әй, Нұрпапа, малды сатқанмен бас жібін бермейді. Сол сияқты кітап кетсе кетсін, құлыпты сақтап қойшы, – деді.
Таңертең тұрған бойы “Қызыл отауда” отырған апайдан қоярда-қоймай құлыпты сұрадым.
Нақа болмаса сатып алуға да дайынмын. Себебі әлгі кісінің аманатын ақтауым қажет. Ол бере қойды. Мынау сол құлып, деп сандықтан алып шықты.
Салмағы жарты кілә тартатын кәдімгі қара құлып. Таңданатындай ештеңе жоқ. Бірақ, ең құндысы, Қалмақанның қолы талай тиген тарихын айтсаңшы. Гәп осында.
Нұрпапа аға келесі тамға кіргізді. Мәссаған, ішінде не жоқ, бәрі бар, кітап та, газет те, журнал да. – “Қызыл отау” құлағасын біршама дүниесін тасып алдым. Шынымды айтсам, түгелдей оқып шықтым. Енді балаларымның қажетіне жарар, – деді ол.
Мен көз алдыма құжынаған халықтың “Қызыл отауға” кіріп-шыққан елесін әкелдім. Пай-пай неткен заман-ай десеңші, өтті де кетті. Алайда біз ұмытпауымыз керек. Тарих сонысымен құнды. Ал, қара құлыпты қолымда ұзақ ұстап тұрдым. Ол Қалмаханның көзі, “Қызыл отаудың” қорғаны емес пе еді...
Қ.Құрбан