Жұмыла көтерсек, жүк жеңіл
Әлемді шарпыған індеттің уыты адамзатты әбігерге салуда. Қысылтаяң сәтте бірлік танытқан ел ғана бұл сыннан сүрінбей өтері сөзсіз. Ол үшін тәртіп сақтай отырып, індетке қарсы іс-шараны жоғарғы деңгейде орындау мемлекет тұтастығына бағытталған жалпыхалықтық қадам екенін түсінуіміз маңызды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты үндеуінің мән-маңызы да қауіпті індетпен күреске шақыру, бірлесе қимыл жасауды насихаттайды.
Еліне қорған болған Елбасы: «Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық. Сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты ете аламыз» деу арқылы ынтымақтың салмағын бағамдай білді. Сондықтан ынтымақ пен бірлік сынға түскен шақта әр қазақстандық артылған жүктің салмағын сезіне білсе, бұл індетті де еңсерер күн алыс емес.
Өз кезегімде барша мәдениет саласы қызметкерлерін халықты сабырға шықыруға, ел басына түскен қауіпті кезеңде індетке қарсы атсалысуға шақырамын. Себебі, жұмыла көтерген жүк жеңіл, бірлесе атқарған іс берекелі.
Рамазан Тайманов,
композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері