Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Диқан қауым, іске сәт!

Диқан қауым, іске сәт!


Егіс алқабындағы қыстай мүлгіген тыныштықты техника гүрілі бұзды. Жер-Ана мен диқан қуана қауышқан сәт. Диқан «тағы да дән себемін» десе, Жер-Ана «еңбегің еш кетпейді» дейтіндей. Қыстай тұсаулы тұрған техникаларға да тіл бітті. Гүрілінің өзі далаға сән бергендей. Көктемнің бір керемет көрінісі.
Төтенше жағдайға қарамастан еңбекке араласқан ауыл шаруашылығы мамандары бүгінде егін егу қамындағы қарбалас тірлікке кірісіп кетті. Мұны көз ұшындағы техниканың қозғалысы мен айналасындағы қарбалас жұмыстан да байқауға болады.
Жұмысқа тұсау болған төтенше жағдай кезінде асыраушы сала – ауылшаруашылығына барынша қолдау болатынын Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде: «Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Ең алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады. Жалпы осы айтылған шаралар қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар мен отандық бизнесті қолдау үшін керек» деген болатын.
Төтенше жағдай егіс алқабына түрен салуға тосқауыл болған жоқ. Әне-міне дегенше қарбалас қимылға кіріскен диқан қауымы егін егу қамына кірісті. Бұл науқаннан Қызылорда қаласына қарасты ауылшаруашылығы құрылымдары да қалыс қалмады.
Қызылорда қаласына қарасты ауыл шаруашылығы құрылымының барлық нысаны бойынша үстіміздегі жылы 7395 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдарын орналастыру межеленген. Оның ішінде 3033 гектары күріш, 20 гектар жаздық арпа, 292 гектар жаздық бидай, 70 гектар күздік бидай, 5 гектар сұлы, 40 гектар мақсары, 356 гектар жаңа жоңышқа, 600 гектар картоп, 1086 гектар көкөніс, 877 гектар бақша дақылдарын егу және қолда бар 1016 гектар ескі жоңышқа дақылы күтімге алынбақ.
Бүгінде 1016 гектар ескі жоңышқа, 70 гектар күздік бидай тырмаланып, ерте көктемде егілетін 292 гектар жаздық бидай, 20 гектар жаздық арпа және 356 гектар жаңа жоңышқа егілген.
Қазіргі таңда 5 гектар сұлы, 40 гектар мақсары дақылдарын егу жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз етудің барлық қажеттілігі 3576 тоннаны құраса, оның ішінде 2982 тоннасы азотты, 594 тоннасы фосфорлы тыңайтқышты құрайды.
Шаруашылықтар бойынша қажетті минералдық тыңайтқыштарды отандық тыңайтқыш өндірушілер «Қазфосфат», «КазАзот» ЖШС және шетелден тыңайтқыш жеткізушілер «Алтын Орда» мен «Агрохимсервис» ЖШС арқылы алуға келісім шарттар жасасуда. Бүгінгі күнге дейін 3576,0 тонна минералды тыңайтқыш сатып алынған.
Техникалар да сақадай-сай. Қаладағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері көктемгі дала жұмыстарына 74 дана трактор, 21 дана тіркеме құралдары, 21 дана соқа, 9 дана дән сепкіш және 2 дана жүк көлігі толығымен ағымдағы жөндеулерден өткізіліп, көктемгі дала жұмыстарына қатысуға дайын.
Биылғы егін егу науқанына барлығы 705 тонна дизель отыны қажет. Қажетті жағар май отынын қалаға жеткізуші болып белгіленген «Нефть Транс Қызылорда» ЖШС және «РК-мұнай» ЖШС операторлар арқылы 1 литрі 170 тенге көлемінде ауыл шаруашылығы құрылымдарына таратылуда.
Қазіргі таңда қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарына дизель отынын жеткізіп беруші операторларымен келісім-шартқа отырып, жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге қалаға қарасты 2 ауыл шаруашылығы құрылымы бойынша барлығы 20 тонна дизель отынын алуға келісім шарт жасап, бүгінде 8 тонна дизель отыны ауыл шаруашылығы құрылымына жеткізілді.
Су шаруашылығы нысандарын дайындау бойынша жоспарланған су жүйелерін тазарту жұмыстары шаруашылық аралық каналдар 81,6 мың текше метр, ішкі шаруашылық каналдары 12,0 мың текше метр болып белгіленген, бүгінгі күнге дейін барлығы 79,8 мың текше метрі тазаланған.
Су тапшылығын алдын алу мақсатында қала әкімдігі, ауыл шаруашылығы бөлімі және «ҚызылордаСушар» өндірістік учаскесімен бірлесіп, іс-шара жоспары дайындалған.
Саланың өзекті мәселесі су тапшылығының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын білу үшін қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Дәулетбек Абдрасуловке хабарластық.
– Қалаға қарасты ауылшаруашылық құрылымдары жылдағы егіс көлемін азайтпай сақтап отыр. Сонымен қатар жыл сайын су көп керек етпейтін дақылдарды мейлінше көбірек егу жұмысына «Қазақ Күріш ғылыми-зерттеу» институты ғалымдарымен бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Алдағы уақытта соя, мақсары, мал азығын көптеп дайындау жоспарда бар, – дейді бөлім басшысы.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

11 сәуір 2020 ж. 1 040 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам