Жемқорлықпен күрес науқандық шарасы емес
Қоғам бойына құрт боп түскен сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу әзірше мүмкін болмай тұр. Соттарда қаралатын істерді сараласақ, осы сипаттағы қылмыстардың денін қызмет бабын жеке бастың пайдасына жарату мақсатында жасаған әрекеттер құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек, сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек», - деді .
Жемқорлық – қызметтік лауазымды пайдалана отырып, оны жеке мүддеге жарату. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқару жүйесін бұзып, экономиканың дамуына шектеу қояды. Соған орай, жемқорлықпен күресу күнтізбеден түспейтін мәселелердің негізгісі болып қала бермек.
Жемқорлықпен күрестегі маңызды бағыттың бірі – мемлекеттік қызметкердің сыбайластық мәміле жасауына тосқауыл болатын тиісті заңдар шығару. Бұл жерде мемлекеттік қызметкердің кәсіпкерлікпен айналысуына немесе өз әрекеті үшін сыйақы алуына қойылатын тыйым-норма ғана емес, олардың өз бетімен әрекет етуіне немесе біреулердің мүдделерін қорғауына «саңылау» қалдырмау керектігі сөз болып отыр. Сонымен қатар, заңда басқару процесін күрделендіретін нормалардың болмауына көңіл бөлу керек, себебі олар бопсалау, парақорлық және т.б. үшін әкімшілік тосқауыл қоюға жол ашады.
Жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, одан нәтиже шығармай, алға қойылған мақсатқа жете алмаймыз. Жемқорлықпен күрес – науқандық шара емес. Онымен әрбір ұжым, бүкіл халық болып атсалысуы қажет.
Тайыров Дәурен Тайырұлы
Қызылорда облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маманы
Қызылорда облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маманы