ЗЕЙНЕТАҚЫ: Үйме-үй таратылып беріледі
Иә, бүгінгі талап үйден шықпай, індетке қарсы сабырлық сақтау болып тұр. Себебі, өз өміріміз өзімізге байланысты. Осы тәртіпке бағынғанымыз дұрыс-ақ. Қазіргі таңда әлемді дүр сілкіндірген індет расында қауіпті болып келеді. Облыс орталығынан табылған ауру аудандарға да жетті. Осы тұрғыда бәріміз бірігіп, тәртіпке бағынуымыз қажет. Оған мүмкіндік те жасалуда. Қауіпсіздік шаралары қатайды, тұрғындардың жүріп-тұруы шектелді. Сонымен қатар, көптеген жұмыс орны мүмкіндігінше онлайн жұмысқа көшті. Халықпен жұмыс жасайтын арнайы мекемелер де осы бағытта жұмысын жалғастыруда. Себебі, қауіпті инфекцияның таралуының алдын алу және қала тұрғындарының қауіпсіздігі басты назарда. Мәселен, төтенше жағдай мен карантин режимі басталғалы бері «Қазпошта» АҚ қызметкерлері қарқынды түрде өз жұмысын бастады. Оның бірегейі зейнеткерлерге зейін қойды. Жасы үлкен кісілерді поштаға сабылтпай, қашықтықтан қызмет көрсетуге кірісті.Сол үшін арнайы 6 жұмыс тобы құрылып, жедел желілер ұйымдастырылған.
Жылжымалы мобильді пошта қызметі жасы 65-тен асқан қала тұрғындарына және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға зейнетақыларын мекен-жайлары бойынша жеткізуде. Бұл жөнінде «Қазпошта» АҚ облыстық филиал директоры Аида Әбибулллаевадан сұрағанды жөн көрдік.
– Қалыптасқан жағдайда тез арада шұғыл шешім қабылдап, төтенше жағдайға жұмыс процесін бейімдеп, тиімді әрекет жасауымыз керек болды. Осы жұмысқа филиалдың әр саласының 20 қызметкер жұмылдырылды. Тұрғындардың және қызметкерлердің денсаулығын сақтау үшін барлық мүмкін болатын шараны қарастырып, қолданудамыз. Қалада 16 қалалық байланыс бөлімшесі штаттық режимде жұмыс жасауда. Ал қалаға қарасты елді-мекендерге барып, сол жердің тұрғындарына қызмет көрсету үшін 4 мобильдік топ құрылып, кесте бекітілді. Соған сәйкес Талсуат, Ақсуат, Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Сабалақ елді мекендеріне барып, барлығы 1272 азаматқа банктік-қаржылық қызметтер көрсетілді. Біздің ұсынысты қуана қабыл алғандар да бар, керісінше бұрынғыдай бөлімшеге келіп алғысы келетіндер де кездеседі, – деді директор.
Бүгінгі ахуалға байланысты өздеріне жасалып жатқан мүмкіндікті естіген қарт кісілер үйде отырып зейнетақысын күтуді жөн санады. Себебі, тәртіпке бағынған жөн деп ұқты. Пошта қызметкерлері кезегімен зейнақысын алып келетініне сенді. Мәселен, сәуір айының 6 күнінде 399 зейнеткердің үйіне зейнетақысы жеткізіліп табысталған.
– Қалада жүргізіліп жатқан қатаң тәртіп елдің амандығы үшін жасалуда. Талапқа бағынып үйде отырғанды жөн санадық. Зейнетақымды үйге әкеп берді. Барлық талап сақталды. Біздің бүгінгі ахуалға қосқан үлесіміз – үйде отыру. Күн сайын теледидар арқылы ақпаратқа қанықпыз. Бұл дерт өршіп барады. Отбасымыздың, еліміздің амандығы қажет. Осындай қауіпті кезеңде жұмыс жасап жатқан пошта қызметкерлеріне алғысым шексіз, – дейді зейнеткер Шамсия Оспанова.
Расында, елдің амандығы үшін барлық шара жасалуда. Президент тапсырмасына сәйкес осындай қиын сәтте зейнетақы мен жәрдемақы да 10 процентке өсті. Бұл да көңілге демеу.
– Коронавирус індетіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақыны көбейтуге тапсырма берді. Осы жаңалықты естіп қуанып отырмыз. Үкімет халықпен бірге екендіктерін көрсетіп жатыр. Бүгін, міне пошта қызметкерлері зейнетақымды әкеліп берді. Қуанып қалдым. Талап күшейіп, көшеде адам жүруге тиым салынды. Осы тәртіпке бағынған жөн. Пошта қызметкерлерінің жеделдігіне риза болдым, – дейді зейнеткер Алима Медеуова.
Иә, қатаң тәртіп орнады. Дегенмен, пошта, банк алдында адамның қарасы қалың. 42500 теңге алу үшін де қарапайым халық әрлі-берлі жүгіріп жүр. Ал індеттің өршуі аймағымызда күннен-күнге өршіп барады. Әлеуметтік желі арқылы онлайн негізінде өтініш тастауға мүмкіндік те жасалуда. Сондықтан да сәл сабырлық танытып, үйде отырған абзал. Ең бастысы, зейнетақы қолыңызға тиді ма?
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ