Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Оқушы және онлайн

Оқушы және онлайн

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, қашықтан оқытудың мәселесі көтерілгенде жекелеген отбасыдан дау да шықты, өтініш те түсті. Негізгі талап: «Үйде компьютер жоқ!».
Әрине, ыңғайсыздау жағдай. Мектепке міндеттеу немесе мойнына отыру ата-ана жауапкершілігін жоққа шығарады. Бала үшін мұғалімнің міндеті аз емес, ал оның өз үйінен планшет әкеліп бергені ұяттау шаруа. Ұстаздың ойы – ата-ана тыныш болса жарар деген пікір ғана. Жарайды, бұл өтті, кетті. Енді білім берудің мақсаты мен міндетін ата-ананың қазіргі үйден оқыту жағдайындағы түсінігі қалай?  Басқа түскен баспақшыл ғой, осыны ой елегінен өткізсек, «мұғалім кім, ата-ана кім?» деген сауалдың жауабы өздігінен ақтарыла береді.
Қай дәуірдің де қалтарысы, қапылысы болады. Ел ептеп аңтарылып, қайта бойын тіктейтін еді. Бұл жолы біраз әбігерге салғаны бар. Коронавирус туралы көзқарас осы жерден оянды.
Естеріңізде ме, өтпелі кезеңде жарық жалп етіп сөніп, тіпті шектеу жүрді. Сол кезде энергетик мамандардың мәртебесі бір көтерілген еді. Бір жылдары мал дәрігері мен агрономға тәуелділік артқан болатын. Енді дәрігер мен мұғалімнің мерейі өсті.
Шыны керек, мемлекеттік мекеме ішінде мектеп пен аурухана, емхана ең ірі ұжым саналады. Қала, ауылдағы қайбір шара болмасын, аталған ұжыммен атқарылатын. Сайлау да, сенбілік те, халық санағы да, түптеп келгенде бірде-бір мәдени, саяси шара олардың қатысуынсыз өткен емес. Осыдан кейін олардың беделі түсті, құрмет азайды. Білім беруден босаған уақытында күл-қоқыс жинауға жиналды. Сала министрінің жыл санап ауысуының да кері ықпалы тиіп жатты. Білім реформасы жиі өзгерді. Бір «Күнделік. кз» порталының жұмысы мұғалімге жеткілікті.  Қай ұстазға қараңыз, ноутбук арқасынан түспейтін болды.
Жалпы, дәрігерге кездейсоқ кісі бармайды, не тұқымда бар, не белгілі себептерге сүйенеді. Әсіресе, хирург маманы болуға екінің бірінің жүрегі дауалайды. Ал, мұғалім ше? Осыны өзімізше тарқатып көрсек.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мұғалім мамандарын броньмен бала оқытуға қалдырып, мемлекет тарапынан оларға ерекше көңіл бөлді. Ел аш отырғанда әрбір мұғалімге екі пайок азық-түлік таратты. Мұнан бөлек отын-суы тегін болды, тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Тәуір киім тек мұғалімнің үстінде еді. Халықтың құрметі деген еселенді, бұрынғыдан бетер артты. Елдегі насихатшы қызметті де солар атқарды, басты үгітші саналды. Бәлкім осының салдары болар, тіпті қазақтың санасына әбден сіңгені соншалық, ұрпағын мұғалім болуға тәрбиеледі. Бейбіт кезеңде дәл мұндай мүмкіндік бола қоймады. Тек билік басына бұрыңғы мұғалім Черненконың келуі шарапаттың шырағын жақты. Жалақы көбейді. Мұғалім еңбегін бағалау басталды. Әттең оның өмірі қысқа болды да көтермелеу кезеңі ерте аяқталды.
Демократия үрдісі келді де мектептің «ауасы» өзгерді. Мұғалімнен ата-ананың пәрмені күшейді. Оқушыға дауыс көтеріп сөйлеудің өзі мұғалімді айыпты етті.
Біз жетпісінші жылдары мұғалімнің «таяғын» талай татып едік, оны үйге естірту мұң болатын. Есіткен күнде әке-шеше алдымен өз баласын тәртіпке салып, мұғалімді ақтап алатын. Осының өзінен  уақыттың екі аралықтағы мектеп жағдайын салыстыру қиын-ақ.
Орта білім беру мекемесінде қашықтан оқыту процесі мүлдем болған емес.Алғашқы кезде бұған мұғалімдер абдырап қалғаны жасырын емес. Ал, оқушылар үшін күтпеген оқиға болды. Үйде жатып кітап оқуға әлі үйренісе алмай жатқан жайы бар. Баланың сабағын қадағалауға ата-ананың мүмкіндігі жетіспей, әбден састы. Карантин кезіндегі каникул басқаны қайдам, балалы үйдің базарын еселей түсті. Бір мезгіл мектепке кететін бала енді күні бойы үйдің ішінде. У да шу. Әбден тыныштыққа құлағы жатсынған жұртты баланың «бүлігі» миын қағып алды. Мұғалімді кіналайтын кісілер енді жалынышты жағдаймен хабарласа бастады. Мектептің, мұғалімнің қадірі білінді. Әрбір үйдің еркесіне әріп үйретіп, қатарға қосқан ұстаздың ұстамдылығын ұғына бастады. «Ұстаз мәртебесі» заңы дәл мұншалықты мерей әкелген жоқ, есесіне төтенше жағдай талабы терең түсіндірді.
«Мектеп қашан қосылады?» деген сауал көбейді. Әлі де көбейе түсетіні анық.
Ауылды айтпай-ақ қояйық, қала тұрғындарының әлеуметтік мәселесі әрқалай. Тойып та, тоңып та секіретін табылады. Мұны қашықтан оқыту талабы аңғартты.
Қазір қалада 5936  мұғалім бар. Ал, 38907 отбасында 63305 оқушы білім алуда. Қашықтан оқытуға көшу кезінде кейбір ата-ана шағымданып, үйде компьютер жоқ дегенді алға тартты. Бұл мәселені дер кезінде шешу мақсатында білім бөлімі берік байлам жасады. Мектептегі қолданыстағы компьютерді тізім бойынша үй-үйге таратуға тура келді. Сонымен ұзынырғасы мектепте бар деген барлық компьютер таратылды. Әңгіме мұнымен бітпеді. Жетіспеушілік тағы жағадан алды. Ендігісін қайдан алуға болады? Әрине, ұстаздың мойнына түсті. Сөйтіп қала бойынша 52 мектеп оқушыларына ұзынырғасы 529 компьютер мен планшет таратылды.
Сабақ басталды, онлайн режиммен жүргізілуде. Алғашқыда жүрексінгендер, бүгінде жаңа жүйеге жаттықты. Нәтижесі де жаман емес. Мұғалім өз міндетін адал атқара білді.
Ал, дәрігер үшін дамылсыз күн мен түн өтуде. Коронавирус күш алды. Дертпен күресте олар үй жағдайынан шеттеп, кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың көмегімен «Қызылорда» қонақ үйіне 100 медицина қызметкері орналасты, олар үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Дәрігерлер еңбегі ел Президенті тарапынан да ескерілді, жалақыға үстеме қаржы қосылатын болды. Ендігі жерде ұстаздарға да қамқорлық қажет-ақ. Түптеп келгенде дәрігерді де мұғалім оқытты, биліктегі қызметкерлер, қысқасы саналы әрбір азамат ұстаздың алдынан өткен. Сөзіміздің нақты нышаны осылай болып тұр.
Қ.Әбдуов
21 сәуір 2020 ж. 747 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам