Жаралы жартас жұмбағы немесе қара қағаз хикаясы
Мен өмірге келгенде әкем 50 жастағы ел ағасы екен. Есейіп әңгімеге құлақ түретін кезімізде айтылған болса керек, осы оқиға анық есімде қалыпты. Ауылдың ақ жайлау киіз үйі жаз болса іргесін түріп тастап, желпініп жатып естелік айтуға керемет орын. Таяғын керегеге сүйеп қойып, оқ тиген аяғын созып жіберіп, төңірекке көз тастап, өткен күнді ой елегінен өткізіп, жастыққа өзіне ыңғайлы жайғасқан соң, әкем майдандағы әңгімесін бастайтын.
Ойын баласы болып, жүгіріп кетпей, оқиға қызық болған соң, құмарта тыңдайтынбыз. Бізді еліктіріп әкеткені сондай, кейде тапжылмай бірнеше сағат айналасына жиналатынбыз. Ол кісінің қолдан құрастырған қалың кітабы болатын. Ондағы әр жазбада соғыста шайқасқан жерлері, оның суреті, күні, айы тайға таңба басқандай анық көрсетілетін. Сөйлегенде де дәлел ғып санмен уақытты дәл айтатын. Оның мамандығы математик болған соң ба, дәлдік пен туралықты жаны қалайтын. Тірі шежіре дерсіз. Ауылдың балалары ол кезде бір құймақұлақ болатын. Есте сақтау қасиеті де керемет еді. Сондай күндердің бірі болатын. Жаз айы. Күн қайтқан уақыт. Іргені түріп тастап, біраз қарадомалақ жиналғасын, әкемнің арқасы қозып, соғыстың хикаясын бастайтын. «Румыния жері болатын. Сол күні шайқастан қалжыраған біздің жаяу әскер қаптаған жаудың қармағына түспеуді жоспарлап, кері шегінген екен. Бірақ окопта бірнеше әскер одан хабарсыз орындарында қаперсіз жата берген. Соның бірі – мен. Мен автоматшы болдым. Біз қоршауда қалғанымызды аласапыранда білмей қалғанбыз. Тым-тырыс тыныштық орнағаны сол еді. Басымды көтерсем, екі неміс төбемнен төніп тұр. Қолдарында автомат. Ойлануға мұршат жоқ. Қара тер бұрқ ете қалды. Өздерінің тілінде әкіреңдеп тұр. «Шық» дегенін түсінсем де, жан дәрмен шақта не істерімді білмей, оларға аңтарылып қалдым. Үрей билеп, денем қалш-қалш етеді. «Біткен жерім осы екен ғой» деп өмірмен іштей қоштаса бастадым. Өзім де кіндіктен жалғыз едім. Сол жалғыз күйімде ұрпақсыз өмірден кететін болдым ау деген өкініш те өртеп барады. Ой деген қандай жүйрік еді. «Жаратқан Аллам жар бола гөр» деп ішімнен білетін дұғамды оқи бастадым. Қасындағысы қызу қандылау біреу екен. Мен сыртқа шыға қоймағасын, мылтықтың шүріппесіне қол жүгіртіп, атуға оңтайлана бергенде, қасындағы жоғары шенді неміс, «тоқта, атпа» деген ишара жасады. Жан тәтті, ақыры ілбіп жоғары шықтым. Сөйтсем мен секілді әр жерден біздің әскерлердің басы қылтиып көріне бастады. Атша тулаған жүрегімді сабырға шақырып, әрең дегенде өз-өзіме келдім. Өзіміздің адамдарды көргесін санада үміт шырағы жана бастады. Ал немістер болса құтырынып, ілесе алмағандарды мылтықтың дүмімен ұрып, айуандығын көрсетіп жатыр. Күздің суығы денеден өтіп барады. Аяқта аяқ киім де жоқ. Жалаңаяқ келемін. Аяқтың тырнағында жан жоқ үсіп кеткен. Оған қарайтын дұшпан жоқ. Біздің әскерлердің де көздерінде – үрей, көңілі – күпті. Бір-бірімізбен тілдесуге де мүмкіндік жоқ. Жүріп келе жатқанымызға жеті күн болды. Талай таяқ жеп үлгердік. Істемеген азабы болмады. Жеті күн жеті жылдай ұзақ көрінді бізге. Ұсталып қалсақ, атып тастайтыны белгілі. Тәуекелге бел байладық. Бір жерге қараңғы түскенде аялдадық. Әлі Румынның жерінде екенбіз. Ымдап жүріп, 7 адам қашуға бекіндік. Мына азапты көргенше өлген көп артық деп ойладық. Осылайша,жеті жауынгер жермен еңбектеп, қараңғыны пайдаланып, таса-тасаға тығылып, қашып шықтық. Кері қарай жылжып, бір ауылға жеттік. Жергілікті тұрғындардың фашистерге өкпесі қара қазандай екені белгілі. Таң атып кетпей, тасалайтын жер табу керек. Шеткі тұрған бау-бақшасы қалың аласа үйдің есігін қақтық. Көп ұзамай үйден 80 жастың шамасындағы қария шығып, бізді лезде қақпасынан кіргізіп алды. Есігінің алды ну орман жеміс-жидек соның арасына жасырды. Демімізді ішімізге тартып, анда-санда естілген оқтың дыбысын естіп, біз де тауып ала ма, тінти ма деп қорқып жатырмыз. Түнде қария жүрек жалғайтын тамақ, сусын әкеп, жан шақырдық. Таң қылаң беріп келеді. Аяғымыз үсіп тоңған. Румын шал бірімізге носки, бірімізге шұлғау, ілінген аяқ киімін беріп жатыр. Жолға деп нан да, су да салып жатыр. Бір жерде көп аялдау да қауіпті екені белгілі. Өз әскерімізге қосылу үшін кері жүру керекпіз. Ол үшін орман-тоғай тасаламасаң қаңғыған оқ пен отқа тап боласын, не дұшпанның қолына түсесің. Осылайша, екі күн өткен соң, түн ортасында алыстан жылтыраған от көрінді. Дәу де болса, біздің әскер. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» дегендей, үміт алдамапты. Біз әлі Румында екенбіз. Біздің әскерлер немістерді Румын жерінен қуып шығып, қаланы басып алған екен. Қайтадан қатарға қосылып, сап түзедік. Сол жетеуміздің достығымыз талайға үлгі болды.
Дәл осы кезде ауылға мені өлгендердің қатарына қосып, қара қағаз жолданып үлгеріпті. 2-3 ай ауылға хат-хабарым да бармаған. Менің «Күннен сәлем» деген өлеңім мені жоқтап, өлдіге балап, күдер үзген кезде жетіпті. Оған елде ешкім сенбеген. Арпалысқан қанды қырғында сызды окопта жазған хатымның көпшілігі ауылға бармаған. Қаншама сұрапыл майданның өтінде жүрдік қой, шырақтарым. Сөйтіп жүріп, 1944 жылы асымды беріп жатқанда таяқ сүйеніп, аман-сау ауылға жеттім. Бірақ елге жеткенше бір көрген түсім мені мазалаумен болды. Мені ақ кебінге орап, жан-жағымнан басында сәлдесі бар молдалар құран оқып жатыр екен. Мен қаншама оқ пен оттың арасынан өтіп сескенбесем де, сол күнгі көрген түсім мені қатты алаңдатты. Ауылға аман-сау жете алмаймын ба деп уайымдадым. Сол түстің мәнін ауылдағы жақындарыммен қауышқан соң түсіндім. Мені отбасым өлдіге санап, арнайы молдаға қатым құран шығартқан екен. Жан-жарым Қатша мені жоқтау жазғызып, бір жыл қара жамылып жоқтапты. Мен бұл пәниде бақилыққа аттанып, қайта тірілген жанмын. Мамаев қорғанындағы ескерткіште мені 1943 жылы қайтыс болған деген сөздер жазылған. Сонда қорғандағы жаралы жартастың да ішке бүккен құпиясы көп болғаны ғой. Жаратқанның тылсым сыры мол екеніне шүбәм жоқ. «Адамның басы– Алланың добы» деген сол» деп күрсініп қойып, әңгімесін түйіндеді әкем.
Шынында, «шырағың сөнбесін» деген сөздің мәнін енді терең түсінгендеймін. Әкемізді сұрапыл соғыстан жетелеп аман-сау әкелген Жаратқанға сансыз шүкір қыламыз. Бұл күнде әкем мен анам жаққан алты шырақ жанып тұр. Ол Қожахметовтер отбасында өмірге келген – алты перзент. Ал біз бүгінде ұлы жеңістің қарлығаштары екенімізді мақтан тұтамыз.