ЖЕҢІС ҚАРЛЫҒАШТАРЫ ЕКЕНБІЗ
Мен туғанда әкем елу жаста екен. Соғыс деген сұрапыл әкешімнің ажарын ғана емес, денсаулығына да зиянын тигізген секілді. Атақты Сталинград майданына қатысқан. Елге аяғына оқ тиіп жараланып оралды. Асығыс нәрсені ұнатпайтын, сабырмен сөйлейтін. Ескіше де, жаңаша да өте сауатты кісі еді. Өзбекше, қазақша, орысша таза сөйлейтін. Сауат ашып, хат тану үшін Өзбекстанға барған. Сол жерден медреседе оқып, арабша білім алған екен. Оқу-білімнің жолына түсіп, көптеген аудармалар жасаған. «Мың бір түнді» арабшадан латын тіліне аударған. Өзбекше мұқабасы тозған көнетоз кітаптар бар болатын үйде. Соны қазақшаға аударып бізге оқып беретін. Сосын блокноттары көп болатын. Онда әлемде, экономикада болып жатқан жаңалықтар, астрономиялық қызықты мәліметтер көп жазылатын. Біздің ауыл ол кезде Жаңаталап деп аталатын.
Әкемнің кей мінезі бала секілді еді. Аса мейірімді келбеті көз алдымнан кетпейді. Мал екеш малға да мейірбан жүзбен күтім жасап, құрметпен қарайтын. Адамға айтқан сөзінің ешқандай зілі жоқ. Өте сыпайы, аяулы, адал адам болатын. «Елге аман оралғаным, 6 перзентіме жарық көру бұйырған ғой» деп кейде терең күрсінетін. Қан майдандағы тар окопта талай өлеңмен жазылған хаттар – жан әкемнің көзіндей естеліктер. «Елге сәлем» деп аталатын жалынға толы өлең жолдарымен ол соғыстан қалжыраған тыл майданындағы халыққа қаншама күш-қайрат, рух бергенін өлең жолдарына көз жүгірткенде сезінесің. Жар дегенде жалғыз баласын, аяулы жарын, туған-туысын жоғалтып зар еңіреп теңселген қалың елге осылай басу айтып, қайрат беріп жұбататын өршіл жырлар әрине, қиын сәтте ауадай қажет болатын.
Қайран қалатыным, әкемнің математика ғылымын әдебиет, өнермен сабақтастырып, өлең жазатыны. Ел ішінде көп тараған «Қош болып тұр, Қазақстан аймағым!» өлеңін ауылдың қариялары жатқа айтып отырды әуенімен. Сол қасіретті шақтың әнұраны секілді бұл әннің әуені де зарлы, көңілге қимастық пен сағыныш ұялатады. Сол өлеңді ауыл адамдары тебірене шырқағанда, олардың жанарынан мөлтілдеп тұрған жасты көріп, мен де босап кетіп, зарлы әуенге қосыла шырқадым.
Қош болып тұр, Қазақстан аймағым,
Ойлай берсем, еске түсер қайдағым.
Туған жер мен өскен жерге қауышып,
Бұрынғыдай болар ма екен сайраным?
Сау болып тұр, Қазақстан даласы,
Қош болып тұр, Сыр, Қуаңның саласы.
Отан қорғау сапарына аттанған,
Атым-Асқар, Қожахмет баласы!
Бағытымыз – төмен қарай барамыз,
Бір вагонда отыз бестей баламыз.
Тал шыбықтай пісіп тұрған өңкей жас,
Он тоғыз бен жиырма жеті арамыз.
Қош болып тұр, көлге біткен құрағым,
Қай жерлерден болар екен тұрағым.
Жауды жеңіп, туған елмен қауышсам,
Болар еді мақсатым мен мұратым.
Сәлемімді барлығыңа беремін,
Азаматпын, басқа түссе көремін.
Жолыққанша сау болыңдар туған ел,
Өмір болса, қайта айналып келермін...
Шындығында, өзі өлеңмен өрнектегендей, бізді жарық дүниеге әкелген әкеміз мүгедек болып, елге оралды. Артынан өлді деген «қара қағаз» да келгенін ауыл адамдары айтып отыратын. Мамаев қорғанындағы ескерткіште қайтыс болғандардың ішінде әкемнің есімі де жазылғанын ес біле өз аузынан естідік. Тұтқынға түсіп, жаралы да болған. Бертін келе шыққан «Боздақтар» кітабында 1943 жылы қайтыс болған деген деректі көріп әкем таңғалысын білдірді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» деген аталы сөз ақиқатқа айналып, әкем соғыстан дін аман оралды. Дегенмен, ол уақытта соғыстан соңғы ауыртпалық та алыстағы ауыл адамдарына оңайға соққан жоқ. Таза еңбек пен төгілген маңдай тердің арқасында баянды ғұмыр кешті. Анасынан 5 жасында, әкесінен 9 жасында тұл жетім болып қалғанымен ешқашан жігері жасыған жоқ. Әкем атадан қалған жалғыз екен. Өмірдің қиындығымен қоса, әкем сұм соғыстың от жалынын да ерлікпен тойтарған екен-ау.
Әрине, әкенің шоқтығы биік бейнесін жылдар өткен сайын терең сезінудемін. Жылдар жылжыған сайын ғұмыры ерлік пен өрлікке толы әке рухы асқақтап келеді. Жарты ғасыр тоғысында өткенге көз жіберіп, ойлап отырсам, қазіргі миуалы бәйтеректей өркен жайған отбасының ажары мен берекесін кіргізген ата мен анам болса, олардың көзқуанышы, базары мен байлығы біздер 6 баласы екенбіз.
Ал, әкеден тараған ұрпақтар, яғни, біздер бір ұяның жеңістен соңғы қарлығаштары екенбіз-ау. Бізге қанды қасіреттен кейінгі бұлттан шыққан шуақты күндей сәтте бағалы өмір сыйлаған әкеміз бен анамызға тағзым етіп, бас иеміз. Перзенттік борышымызды ақтау әрине, қиын екені ақиқат. Біз жоққа шүкір, барға қанағат еткен, байтақ елімізге Ұлы жеңіс сыйлаған рухы биік әке мен ананың ұрпағы болғанымыз үшін де мақтанамыз.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА.