Қызылөзек қуанышы
Әлем жұртшылығын әбігерге салған індет күннен-күнге өршіп, өзеуреп тұр. Оның қашан тыйылатыны әзірге беймәлім. Оны тоқтататын жалғыз жол отбасында оқшаулану. Карантин жарияланғалы қала аумағының барлығына блок-пост бекеттері орнатылып, қатаң қадағалау жүргізілуде. Барлығы елдің амандығы. Өйткені, жеке жауапкершілік – ортақ қауіпсіздік кепілі.
Алайда халық тұтынатын тауарларға шектеу жоқ. Азық-түлік, дәрі-дәрмек нүктелері күнделікті үзіліссіз жұмыс істейді. Қала кәсіпкерлерінің мұрындық болуымен саяжайларға арнайы көлік қатынап, халық сұранысын қанағаттандыруда.
Осы орайда, еліміздегі ахуалға орай төтенше жағдай (карантин) кезінде ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қолдауымен Қызылөзек ауылдық округінен азық-түлік тауарларын төмен бағада сататын «Әлеуметтік дүкен» ашылды.
Азық-түлік бағасы нарықтан төмен болғандықтан дәл осындай дүкендер зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға үлкен көмек болып отыр. Халық игілігі үшін ашылған дүкенге ауыл тұрғындары дән риза болып, алғыстарын айтуда.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарақұл Дармолдаев: – Жасыратыны жоқ бұл бізге үлкен көмек болып, қуанышымызды артырып тұр. Ауылымыз қала орталығынан шалғайда орналасқандықтан қатынас қиындық тудыратын. Енді бұл мәселе түбегейлі шешімін тауып отыр. Халықтың қалтасына қолжетімді бағада сатылатын азық-түлік дүкені ашылғаны көңілімізге шуақ береді. Көп ауылдасымыз жұмыстарын үйлерінде отырып, жасап жатыр. Дүкенге барып қажетті заттарын алуға енді уақыт жоғалтпайды. Үй арасы жақын болғандықтан бәрі тиімді. Осыған уылымыздың атынан үлкен лебізімді білдіремін, - дейді бізбен әңгімесінде.
Иә, осындай алмағайып кезеңде көпшіліктің қажетін орындаған көктәңірінің ризашылығына бөленері хақ. Осылайша ораза айы Қызылөзектерге қуанышымен келді.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.