Келіні жақсының керегесі алтыннан
Отбасында ене мен келіннің сыйластығының мәні ерекше. Көп жағдайда шаңырақтың шайқалмауы, отбасында береке-бірліктің кең өріс алуы да соларға байланысты.
Социолог мамандардың дәлелдеріне қарағанда, нарықтық экономиканың өмірімізге дендеп енуіне байланысты, тұтас қоғам, оның ішінде отбасы мүшелері, әсіресе, ене мен келін арасындағы қарым-қатынастар шиеленісіп кеткен. Бірақ, қай заманда да салиқалы ене мен ибалы келін сыйластығы қазақ топырағында үзіліп көрген емес. Сондықтан бұл сыйластықты дәріптей білуіміз қажет. Сонда ғана жастарымыз сол кісілерге қарап, жақсы істерге қарай ұмтылғысы келеді. Олардың арасы бұзылды деген пікірлер қоғамды жаулап алғанымен екі келін бір үйге сыйып, енелерін анасындай көріп отырған отбасылар әлі де бар. Мәселен, Тасбөгет кентінің тұрғыны Айжан Тіккөзова өзін жақсы білетін айналасына жайлы ене ретінде танылған. Себебі, ақ босағасын адал ниетпен аттаған келініне суық көзбен қарамай, оған туған перзентіндей мейірімін салу – ене үшін Алла тарапынан жүктелген үлкен міндет, Қиямет күнінде сұралатын аманат.
– Екі келінмен бірге тұру қалай, келіндер арасында түсінбеушіліктер болмай ма?– деген сұрағымызға таңданды Айжан апай.
– Мен өзім екі ұл тәрбиелеп, екі келін ұстап отырған анамын. Келініммен алты жыл бірге тұрып келемін. Осы күнге дейін жүз шайысқан жоқпыз. Өйткені, әуел бастан «Өз анам мен енемнің келіндерімен қарым-қатынасының жақсы жағын алайын, қателіктері болса, қайталамайын» деген көзқараста болдым. Өзімді жұмсартуға, шыдамдылыққа, керек жерде шегіне білуге үйрете бастадым. Себебі, бауыр етің – балаңды бақытты етуді қаласаң, келген келінді шын ниетіңмен қызыңдай қабылда. Ақымақ болмаса, балаңның жары өз перзентің секілді бауырыңа кіреді. Мен келініме келген кезде-ақ: «Сені өз қызымдай қараймын. Бағаласаң бақытың, бағаламасаң уақыт көрсетеді» дедім. Аллаға шүкір, ол да бірден түсініп, мені анасындай құрметтей білді. Бүгінде келінім бәрін менімен ақылдасып шешеді. Ұлыма – асыл жар, немереме ана болып отыр.
– Шынын айту керек, көп ене мен келін неге ұрысады? Сонымен қатар, ана өз ұлын қызғануы мүмкін бе?
– Әркімнің түсінігі әрқалай. Екі келінім бірін-бірі апалы-сіңлідей көреді. «Сен келінсің, мен абысынмын»деген әңгімелер айтылмайды. Әр баланың өз несібесі бар. Келіндерім дүние қуып, ұлдарымды өзіме қарсы қойған емес. Ал, ананың баласын қызғануы дегенге келсек, ұлдың анаға деген махаббаты мен жарына деген махаббаты екі түрлі нәрсе. Ұл анасын «Өзін дүниеге әкелген, тәрбиелеген адам» деп бағаласа, әйелін – жар, балаларының анасы, өмірлік жолдасы ретінде жақсы көреді. Ақылды жігіт болса, ананың да, әйелдің де көңілін тауып, екеуінің де махаббатының шуағына бөленеді. Жалпы, барлығы – адамдардың бір-біріне жақсы көзбен қарауында. Жақсы нәрсені көрем десең, соны көресің. Ал тырнақ астынан кір іздеп отырсаң, мін табылады. Себебі, кемшіліксіз адам болмайды. Әсіресе көп нәрсе, үлкендерге – бізге байланысты, қандай ұрпақ өсірдік, оған қандай тәрбие бердік,– деп жауап берді көкейдегі сұрағымызға Айжан апа.
Үлкен келіні Мақпал алты жылдан асса да енесімен бір ауыз сөзге келмей, сыйластықты берік етіп келеді екен.
– Шынымды айтсам, енем мен үшін екінші анам! Келін болып түскен күннен бастап өзінің мейірімімен, даналығымен баурап алды. Бүгінде екі келінін бөліп-жармай, туған анасындай болып отырған абзал жан! Ол кісі бізге ешқашан келін деп қарамаған, үнемі туған қыздарымен тең көріп аялап келеді. Сондықтан біз де ол кісіге «мама» деп иіліп тұрамыз.
Иә, жас келінге үй шаруасын жүргізуде орынды талап қойып, оның жалқаулық қамытын киіп алмауын қадағалай білуі – ене үшін міндет. Ал, келін тек қана күйеуге ие болмайды. Ол қайын ата, қайын ене, қайны, қайынсіңлі, қайнаға мен абысын, тағы да басқа толып жатқан туыстарына, бүкіл әулетіне ие болуға барады.
Әсіресе, қазіргі уақытта бәрі үйде. Кейде біреуі жұмыстан келіп, адамның көптігі байқалмайды ғой. Ал осындай қысылтаяң шақта үлкен отбасының мүшелері немен шұғылданып жатыр екен? Бұл сұрақ бізді қызықтырды.
– Осы уақытта тазалыққа көңіл бөлетін шақ. Қыстан кейінгі тазалық жұмыстары солардың қолында. Карантин кезінде үйде болғанды пайдаланып, әктеу-сырлау жұмыстарын жасауда. Ал немере қарау – менің міндетім. Өзім бұрыннан тігін тігумен айналысамын. Қазірде қолым қалт етсе, тігін машинамды іске қосамын. Қазақта «балаң арам болса да, келінің адалынан болсын» деген сөз бар. Аллаға шүкір. Бүгінде екі келін адал қызмет етіп келеді. Бөлек тұратын үй болса да, өздері бірге тұрғанды қалайды. Осылай үлкен әулет болып өсіп келеміз. Сыйластығымыз ажырамасын, – деп риясыз көңілін білдірді Айжан апа.
Қорыта айтқанда, ене мен келін бірін-бірімен сыйласып, шаңырақтың шайқалмауын ойлауы басты қағида болуы қажет. Ене келіннің кемшілігін түзеп, білмегенін үйретіп, балалығын кешіріп, қызындай көрсе, ол – ақ жаулықты ананың көрегендігі.
Психологтардың пікірінше, олардың арасындағы түсініспеушілік, бір-бірімен жиі шекісіп қалуы олардың әлеуметтік білімсіздігінен, психологиялық сауаттарының, ішкі мәдениетінің төмендігінен болады екен. Бұл – тәрбиенің бір бөлігі. Сондықтан ұлттық тілімізден, ділімізден, дінімізден ажырамай, ата дәстүрімізден ауытқымай, ұрпақ бойына ұлттық тәрбие ұрығын себе білуміз – басты міндет.
Айналып келгенде, қызы тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді, тұнығы лайланады. Өйткені, бүгінгі қыз – ертеңгі келін, болашақ ана, болашақ ене. Олай болса, қыздардың мойнындағы міндет, парыз ұшан-теңіз.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.