КЕЛІНІ ЖАҚСЫ ҮЙДІҢ КЕРЕГЕСІ АЛТЫН
Қыз алып қашу үрдісі бұрынғы кезде жиі болған. Қазір оны ішінара естіп қалып жатамыз. Ол әу баста жігіттің әлеуметтік жағдайына байланысты туындап, ол кейіннен үрдіске айналған. Негізінде салтымыз бойынша ертеректе қыз бен жігіт арасы жеңгелері арқылы жалғасқан. Ол кезеңде екі жақтың да жеңгелері мықты болған. Солар арқылы қыз бен жігіт жүздескен. Қыз жағындағы жеңгенің атқарар рөлі өте зор. Ол жігіттің әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін, әулеттің бірлігі мен тірлігінің жай-жапсарын әбден зерттеген. Оны парызы деп ұққан. Содан кейін ол жағдай алдымен қызға баяндалады. Жеңгесі кеңесін айтады. Қайынсіңлісінің келісімімен отбасы үлкендерінің құлағына жеткізіледі. Сол арқылы олардың астыртын көзқарасын біле отырып, оң қадамдар жасалған. Бұл жерде қаншама мәдениеттілік, парасаттық, пайым жатқанын түсіне білуіміз керек.
Ал қыз алып қашу үрдісінің өмірімізге енуіне екі жас бір-бірін ұнатқанмен олардың арасындағы әлеуметтік жағдайдың теңсіздігі себеп болған. Қыз жағының тұрмысы түзу, күйлі болған жағдайда кейде ата-аналар жағынан қайшылық туындайды. Қос ғашық армандарын жүзеге асыру жолын қарастырады. Осылайша қыздың келісімі бойынша алып қашу әдісі мен үрдіс өмірге енген. Содан кейін бұл үрдісі ғұрпымыздан берік орын ала бастады. Бертін келе бұл дәстүрге айналды.
Біздің «Тораңғыл» ауылында ертеде мұндай көріністері жиі орын алатын. Елдің іші емес пе, оның болуы заңдылық. «Бәленшенің баласы атпен, трактормен, жүк көлігімен қыз алып қашып келіп, келін түсіріп жатыр екен» деген хабар ауыл арасында кеңінен тарайтын еді. «Бетім-ау, бәленшенің қызын водовоздың су құятын жеріне салып, алып қашып кетіпті» дегенді де бала кезімізде естіп қалатынбыз. Таңғаларлығы, осындай жолмен келген келіндердің кетіп қалу жағдайлары көп кездесе бермейтін. Сол үйге барсаң, алдыңнан ибалы келін шығады. Үлкендерге иіле сәлем салады. Қазақи өмірдің осы бір көріністері жанымызды жадыратып сала беретін. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей әлгі келіндердің түйсігі, ұғымы, тәртібі, түсінігі бөлек пе, қайдам? Босағадан аттаған қыз сол үйге сіңуге тырысатын. Үлкендер тамсанып, үлгі етіп айтып отыратын.
Қазір ше? Қазір заман өзгерді. Қашанда қазағымыз қарызға батып жатса да көл-көсір етіп, ұлан-асыр той жасайды. Қыз ұзатып, келін алады. Бұрынғы қыз алып қашу жайына қалғандай. Аста-төктің әкесі осы тойда. Бәленшекеңнің тойынан, Түгеншекеңнің тойы ерекше өтуі тиіс. Біреуден-біреу қалса өлгенмен бірдей, солай санасатын халге жеттік. Жас жұбайлардың кесетін торттарының өзі аса қымбат, пәлен миллионнан кем болмауы қажет. Бір таңғаларлығы, қазір келіннің беташары той өткізетін ресторандарда болады. Бұрын бұл дәстүр үйдің оң босағасында жасалатын. Ондағы мақсат – келін түскен үйдің босағасына сол үйдің дүниеден өткен әруақтары келіп қарап тұрады екен. Қазір бәрі керісінше. Осындай аста-төк той өткеннен кейін әлгі түскен жаңа келін сол үйде тұрса жақсы. Оның қаде-қәуметін айтпай-ақ қояйық. Бәрін жасатып алған соң жаңа келін күйеуін алып тайып тұрады. Болмаса, алаңсыз өзі кетеді. Міне, бұл бүгінгі келіндердің келбеті мен кескіні. Қаншама дарақылық, даңғазалық, мақтаншылық, желөкпелік жатыр десеңші бүгінгі тойдың астарында. Сонда да ысырапшылдықты қоймаймыз. Одан да сол шығынды мүскінге, ғаріпке, бейшараға, денсаулығын түзетуге қаражат таппаған шарасыз жандарға берсе, оған Алланың нұры жауар еді. Тірлігіне береке орнай түсер еді.
Екі жастың келісімімен алып қашу дәстүрі арқылы келін болғандар осыншама шығын келтірмей-ақ, бір үйдің шаңырағын биіктете білді емес пе? Мәселе, екі жас бір-бірімен шынайы табысып, қос аққудай жарасым тапса, өмір қиындығын қол ұстаса жүріп жеңері анық. Бұрынғы қазақтың даналары «Әкенің малы балаға мал болмайды» деп бекер айтпаса керек. Өйткені, маңдай термен өзі тапқанға ештеңе де жетпейді дегенді білдірсе керек. Ер баланы сүндетке отырғызу, той жасау, үйлендіру, оқыту, үй салып беру – ата-ананың басты парызы. Ал, әрбір азамат шаңырақ көтергеннен кейін, өз алдына үй болып кету ол екі жастың парызы. Осыны бүгінгі жастардың білгені орынды.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ