КЕЛІСІМ МЕН БЕРЕКЕНІҢ АЛТЫН КІЛТІ
Қазақ- ырымшыл халық. Ежелден сайын далада сайран салған ата-бабамыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп те салт-дәстүрді ұлықтап, үрдістерді үкілеп келер ұрпаққа тағылымдап жеткізіп отырған. Алтын босағаның отын жағып, бір әулеттің берекесін кіргізіп, өркенін өсіретін жас келіннің тәрбиесіне ерекше мән берген.
Ауылға түскен келін ел-жұртқа жағымды, еңбекшіл, қарапайым, үй тұрмысына ұқыпты, үнемшіл, іскерлікпен басқара білсе, отбасының оты шалқып, дәулеті тасыған. Инабатты, ибалы, қарапайым, үйірсек келін түскен үйінің туған баласындай. Тек отбасы емес, ауылдың үлкен, кіші, кәрі-жасын баурап алып, тез тіл табысады. Мұндай келіндерді үлкендер ақ батамен қолдап отырса, жастар жағы жанасып, мұқтажына көмек беріп, шеріне ортақтасып, көмек қолын созып жүреді.
Атаға жасалатын әдеп пен ибалық келін үшін басты орында тұруы қажет. Ол өз әкесіне жасалатын құрметпен бірдей. Ерте тұру, дәрет суын жылытып беру, жайнамазын әзірлеу, кебісін дайындау, көрпеше төсеу, жастанар жастығын алып келу, тақия-тымағын, қамшысын алып беру сияқты ұсақ-түйек қызметтерге дейін қалт жібермей атқарып, таңертең ата-енесіне сәлем салған.
Ал ене алдында да әдеп көрсету, құрметтеу ізгілікті үрдіс, елеулі ишарат. Өмірдегі ұстазың, жанашырың, ақылшың, сырласың, жанкүйерің бәрі сол өмірлік жарыңның анасы. Жақсы енелер мінезі шайпау, адуын, іске салақ, сылбыр келіндерді баулып, көшелі бәйбішелер қатарына қосады. Есті, ақылды келіндер еріне өткізе алмаған базынасын енесі арқылы жеткізіп, орындатады. Осындай келісімнің арқасында жұбайлар арасындағы дау-дамайлар ренішсіз шешім табады. Үйдің берекесі ақылды келіндердің салмақты іс, салиқалы ақыл-парасатының жемісі. «Ынтымақсыз үйде ырыс тұрмайды» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек.
Қазақ әйелдері қайын сіңлілеріне де сырлас, ниеттес, тілекші есебінде қарап, «Ақылдас», «Аяулым», «Көзжақсым», «Кербез қыз», «Ерке қыз» деп еркелете ат қойып, қонақ деп сыйлаған.
Қайнысы мен жеңгесінің ортасындағы татулық үлкен келісім мен ізгіліктің жемісі. Інісі ағасына айта алмай жүрген пікірлерін жеңгесі арқылы сыпайы жеткізіп, ой салған. Есті жеңгелер қайнысының топ ішінде еңсесі тіктеліп, еркін жүруі үшін, барын салып, киер киімін үтіктеп, тазалап серілікке бағыттайды. Абысын-ажын ортасындағы қарым-қатынас қазақ тұрмысында бүкіл ауылды, руды, ұлтты ұялы берекеге ұйыстыратын тамаша тағылымды тірлік. Енеден кейінгі келіннің тәрбиешісі, жанашыр жақыны абысыны. «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп» деген мақал осының айғағы.
Қазақ келіндеріне тән тағы бір таптырмайтын қасиет күйеуінің туыстарын бадырайтып атын атаған. Бұл дәстүр «ат тергеу» деп аталады. Үлкен аталарына «би ата», «жақсы ата» десе, әжелеріне «әз әже», «әже» деген. Күйеулерінің ағаларын да жасына, жолына, жеке ерекшелігіне, қызметіне сай атаған.
Ең әдемі жарасымды қалжың аттарды інілері мен қайынсіңлілеріне қойған. Мысалы; «күлімкөз», «тетелес», «тентегім», «еркежан», «тұлымды», «қылықтым».
Жұбайларының атын атау да атам қазақта әбестік саналған. Сондықтан «отағасы», «біздің үйдегі қожайын» деп атап кеткен. Қазақ ата-тегінен тау жайлап, қыр қыстаған. Содан болар аса қонақжай, меймандос келген. Қазақ табалдырығын аттаған пендеге ұлтына, нәсіліне, тегіне қарамай сый-құрмет көрсетіп, бір кесе шәй бермей аттандырмаған.
«Келіннің қолынан шәй ішу» рәсімі ежелден қалыптасқан салт-дәстүрлеріміздің бірі. Бұл ғұрып та салтанатты түрде өтілуі маңызды. Тойға келген топталған үлкен кісілерге шәй құю да емтихан сынағы секілді. Шәйды құюдың да ережесі болған. Кеседегі шәй қою ма, сұйық па, біркелкі ме, ала-құла ма, оған аса мән берген. Керек десеңіз, кесені алмастырып алмауға жауапкершілікпен қараған. Келіннің қабағы, өзін-өзі ұстауы, кесенің дыбысын шығармай құю ептілігіне үлкендер зер салып отырған.
Үлкені сөз бастаған, кішісі қостаған. Береке-бірлікті бұзбаған, туыстық желіні үзбеген, сүттей ұйыған қазақ деген халықпыз. Отбасы шағын мемлекет десек, оның түп қазығы, қайнар бұлағы алтын босағадағы, ынтымағы жарасқан, жарасымды шаңырақ. Ұлжан аналардың өзіндей, Зере әжелердің сөзіндей болған атадан балаға, әжеден келінге мирасталған ұлттық құндылықтарымыз. Өркені өскен елдің ажарын кіргізіп, салт-санамыздың ғажап үлгілері мен маржандарын кейінгі ұрпаққа шашаусыз жеткізу біздің парызымыз. Ғасырдан-ғасырға жеткен қасиетіміз бен өсиетімізді, даналығымыз бен даралығымызды дәріптеп, өркениеттің алтын қорына мұрағаттауға атсалысуымыз қажет.
Гауһар Қожахметова