Карантин кезінде үйде немен айналысуға болады?
Күнделікті күйбең тірліктің шырмауынан шыға алмай жүрген жандарды карантин әбігерге түсіргені рас. Әлемді жайлаған коронавирус дерті тез арада елімізде өршіп кетеді деп ешкім ойламады. Қамнен-қаперсіз жатқан қазақ елін шынында да абдыратып тастады. Деннің саулығы, жақын жандардың амандығы үшін карантин уақыты қабылданды. Басында, қарапайым халық түсінбегені сезінді. Бүгінде көпшілік тәртіпке бағынып үйде отырғанды дұрыс санайтыны байқалады. Иә, көпшіліктің көкейінде үрей пайда болғаны белгілі. Дегенмен, бұл уақытты үреймен емес, түрлі пайдалы істермен өткізуге болады. Қазіргі таңда әлеуметтік желінің рөлі озып тұр. Халықтың көпшілігі «Үйде болыңыз» деген ұранмен, тұрғындарды бірлікке шақыруда. Себебі, бұл уақытта үйде отыру – ең үлкен сақтану жолы болып отыр. Әр нәрсенің қайыры бар екенін де ұмытпаған жөн. Мүмкін осы кезде үйде болу арқылы бала тәрбиесіне көңіл бөлерсіз? Немесе өзіңіз жақсы көретін іс қолға алған боларсыз? Сонымен карантин кезінде сіз үйде немен айналысып жатсыз? Осы сауалды бірнеше қарапайым тұрғынға қойған едік?
Жанат Бакирова, қобызшы:
– Мен облыстық филармониядағы Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінде қобызшы болып қызмет етемін. Қазіргі таңда елімізде жайлаған дерт бәрімізді алаңдатып отыр. Рас, көпшілігі үйде отыруға мойынсынбай, тәртіпке келе алмады. Ал бүгінде жүйелі тәртіп орнаған секілді. Себебі, бейқамдықтың салдарынан облысымызда ахуал күшейіп кетті. Бұл мәселе өнер адамдарында алаңдатты. Осы орайда филармония артистері бір келісімге келіп, онлаин негізінде өнер көрсеттік. Бұл көңілі алаңдаулы халыққа, аз да болса рухани азық сыйлаудың реті болды. Осы тұрғыда көпшілік өз ризашылықтарын білдіруде. Филармония артистері онлайн қызмет етуге көшті. Қазіргі таңда бір айдың көлемі жақындады. Үйдемін. Тәртіпті сақтап, үйде отырғанды жөн санадым. Себебі, өзіммен жақындарымның өміріне қауіп төндіргім келмейді. Дегенмен, үйде бос отырмай пайдалы іспен айналысқанды жөн деп таптым. Осылайша, қобызды уақытша тігін машинасына алмастырдым. Бұрыннан тігін тігу ісін ұнататынмын. Сондықтан осы өнерімді жүзеге асырып, халыққа пайдамды тигізгім келді. Сол мақсатта бетперде тігуді қолға алдым. Бастапқыда, мұқтаж жандарға тегін таратып, қол көмегімді жасадым. Бүгінде бетпердеге сұраныс артуда. Әр адамда ниет болса, барлық жұмысты жасауға болады. Қалада пәтерде тұратындар үшін осындай іспен айналысқан пайдалы деп едім. Бір жағынан қайырымдылық, екінші жағынан табыс. Негізінен әйел адамның әрқайсысы тігін тіге білгені жөн. Сол үшінде осындай мүмкіндікті кәдеге асырыңыз. Әйтпесе, уақыт зырғып өтіп барады. Бұл күнде өтіп кететіні анық. Барлықтарыңызды үйде отыруға шақырамын. Сонда ғана аталған індетті жеңуге мүмкіндік бар. Әрбір ісімізге береке берсін. Індеттің жойылуына бәріміз бірге күш салайық.
Эльвира Әбуова, №6 қалалық емхананың акушері
– Ана мен бала өмірі бәрінен маңызды. Қазіргі таңда жүкті әйелдердің емханаға келуі тоқтатылды. Дегенмен, олардың денсаулығы үшін әркез жауапты екенімді сеземін. Ватсап желісі арқылы күнделікті жағдайын сұрап, хабарласып тұрмын. Ал өзіме бұл уақытта бала тәрбиесіне көңіл бөлу үшін керемет уақыт болып тұр. Мойындау керекпіз, күнде жұмыстан шаршап келгендіктен баланың сабағына қарауға уақыт болма йды. Бір сағат олармен сөйлесуге мүмкіндік жоқтың-қасы. Үйдің тірлігінен қолымыз босамайды. Сондықтан карантинлегі мүмкіндікті пайдаланып, қызым мен ұлымның сабағына көңіл бөлудемін. Әсіресе, қыз бала бойжете бастағанда ананың көп көңіл бөлгені дұрыс. Осы уақытты босқа жібергім келмейді. Қызыммен сырласып, ұлыммен ақылдасып ортақ шешімдер қабылдаймыз. Байқап қарасам, екеуі ер жетіп қалыпты. Шынын айтсам, үйде іш пысты деуге уақыт жоқ. Қолым қалт етсе, психологтардың түрлі семинарына қатысамын. Мамандығыма сәйкес кітаптар оқимын. Үйде отырып, түрлі іспен шұғылдануға болады. Қазір технологияның дамыған заманы. Әлеуметтік желі арқылы пайдалы іспен айналысуға мүмкіндік көп. Бастысы, тәртіпке бағынып, үйде отырғанымыз.
Дильнара Русланқызы, № 176 мектептің 4-сынып оқушысы
– Қашықтан оқу басталғалы мектебімді, достарымды сағындым. Алайда, ата-анамыз аты жаман індеттің таралуын тоқтату үшін үйде отырғанды жөн деп айтады. Адамдардың індетке шалдығуы көпшілікті алаңдатты. Сол үшін де өз үлесімізді қосу мақсатында ата-анам үйде отыр. Мұның жақсы жағы да бар екен. Әкем мен анам қасымда. Иә, біраз уақыт болды. Туысқандардың үйіне қыдыруға шыға алмай жүрміз. Бұған да үйреніп кеттік. Қазіргі анамның бос уақыты ас үйде өтіп жатыр. Ал мен анама қолғабыс етемін. Күнде тәтті тіскебасар дайындаймын. Бір айда түрлі тәтті пісіруді үйреніп алдым. Самса, бәліштің түрлерін дайындаймын. Әрине, анам ас үйде жазғыз қалдырмайды. Әркез қасымда жүреді. Сақтық шарасын ұмытпаймын. Сабақтан қолым қалт еткенде ас үйге анамның қасына келемін. Қашықтан оқу аса қиындық туғызған жоқ. Дегенмен, түрлі үйірмелерімнен қалып қойдым. Бұйырса, бұл қиындықты да жеңсек, бәріне үлгеруге тырысамын.
P.S: Тосыннан келген коронавирус індеті барша адамды әбігерге түсіргені рас. «Ауру жұқтырып алмайын» деп жұрт алаңдаулы. Сақтықты сақтап, тәртіпке бағынғандармен қатар, әлі де мойындағысы келмейтіндер бар. Не де болса, тәуекел. Артын бағып көрелік. Карантин деп жариялағанда халық түсінбеді. «Үйге қалай сиямыз»? дегендер де бар. Алайда, көпшілікке карантин уақыты ұнап жатқан секілді. Әсіресе, ер-азаматтарға. Себебі, отанасы үйінде, баласы қасында, түрлі-тағам пісіріп, отағасының көңілін тауып жүр. Отбасылық қарым-қатынаста жақсы жағынан әсер етіп тұр. Келесі, жақсы қыры – жасауға тиісті, бірақ уақыт таппай жүрген жандар үшін істері оңынан шешілуде. Көкейде жүрген шаруалары бітіп жатыр. Рас, ауру – жақсы нәрсе емес, алайда біз мұның жақсы жағын зерделеуге тырыстық. Көңілге түйетініміз, бұл – уақытша қиындық. Бұл індетті қазақ елі бірге жеңеді. Сізде бірге болып, үлес қосқыңыз келсе, үйде болыңыз. Сол кезде ғана біз аты жаман індеттің елімізде кеңінен таралуын тоқтатып, жеңіп шығамыз.
Айтолқын АЙТЖАНОВА