СЫРДАРИЯЛЫҚ АНАЛАРҒА «КҮМІС АЛҚА» ТАБЫСТАЛДЫ
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Өтегенова сырдариялық көпбалалы аналарға «Күміс алқа» табыстады.
Ақ жаулықты аналарды келе жатқан мерейлі мерекемен құттықтаған Б.Сұлтанбекқызы ананың бала тәрбиесіндегі және қоғамдағы орны жоғары екенін атап өтті. Перзент сүйіп, бүгінде олардың қызығына кенеліп отырған жандарға шын ниетпен зор денсаулық, бақыт және игіліктер тіледі.
– Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ананың рөлі ерекше. Баласын білімді азамат ретінде тәрбиелеген жан – барлық мақтауға лайық. Отбасыларыңызға амандық тілеймін! Перзенттеріңіз әрдайым сенімдеріңізді ақтап, қуанта берсін! Тәуелсіздік күні мерекесі құтты болсын!,-деді ол.
Бұл күні «Күміс алқаға» ие болғандардың бірі – Ақнұр Жұмағұлова. Салтанатты шараға отбасымен бірге келген көпбалалы ана өз қуанышымен бөлісті.
– Әйел үшін басты бақыт – ана атану. Біздің ең басты байлығымыз осы балаларымыз. Мереке қарсаңында еліміздегі аналарға көрсетіп отырған құрмет үшін аудан әкімдігіне алғысымды білдіремін,-дейді «Күміс алқа» иегері.
Салтанатты іс-шарада көп балалы аналарға аудан әкімнің атынан гүл шоқтары табыс етілді. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әндер айтып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.