Береке мен бірліктің белгісі
Мамырдың алғашқы күні ауылдың әдемі көшелерімен жалаулатып шеру жасайтын аға-апаларымыздан біз де қалмай, қолдан жасалған түрлі-түсті қағаз гүлдермен ілесу балалық шақтың ұмытылмас естеліктерінің бірі. Бүгінде 1 мамыр мерекесінің мәні де мазмұны да басқа. Айналаға жылылық сыйлайтын, аспаны ашық, бақытты да, бейбіт ел екенімізге шүкіршілік ететін күн.
1996 жылдан бастап 1 мамыр Елбасы Жарлығымен елімізде Қазақстан халқы бірлігі күні деп тойланып келеді. Бірлік мерекесі тәуелсіз еліміз үшін айрықша мерекелердің бірі. Бір шаңырақ астына түрлі ұлт пен ұлысты ұйыстырып, бүгінде ұлтаралық татулықтың үлгісіне айналған елміз. Тарихтан белгілі, тағдыр тәлкегімен жан сауғалаған талайды бауырына басқан, өзгенің қайғысын өз қайғысындай бөліскен ұлы дала ұрпағының ұлылығы бұл. Талай заманды бастан өткеріп, тәуелсіздік елге айналған Қазақ елі жерін мекендеген ұлт пен ұлыстың Отанына, бірлік мекеніне, қоғамдық келісім орталығына айналды. Бүгінгідей ақпараттар тасқыны заманында айналадағы орын алып жатқан жағдайлардан жұртшылық әрдайым хабардар. Тынышы кеткен, бейбіт күнді арман еткен елдерді мысал етудің өзі артық болар. Бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің байрағының көкпен таласа желбіреуі де бірлік пен ынтымақтың арқасы. Елбасы Н.Назарбаев бірлік мерекесі туралы: «Бұл шынайы жалпыхалықтық мереке отаншылдығымыздың, туған жерге деген сүйіспеншілігіміз бен адалдығымыздың жарқын символы болып саналады. Бірлік пен келісімнің арқасында біз тәуелсіз мемлекет қалытастырып, зор жетістіктерге жеттік. Әлемге танылып, биік беделге ие болдық. Бірлік пен келісімнің арқасында біз тәуелсіз мемлекет қалыптастырып, зор жетістіктерге жеттік. Әлемге танылып, биік беделге ие болдық» деген болатын.
Бүгінде Алаштың анасы атанған Сыр елінде 30 этнос, 11 этномәдени бірлестік бар. Бірлестіктердің жұмысының барлығы да бір шаңырақтың астында ұлт пен ұлыстың бірлігін бекем етуге бағытталған. Облыс орталығында «Достық» шаңырағы да Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымының қолдауымен көпұлтты елдің бірлігінің белгісіндей тұрақты түрде шаралар өткізіп келеді.
Орайы келгенде мына мысалды жазғанды жөн көрдік: «Жастайынан талай абыз билердің батасын алған бала Төле бірде Әнет бабаның алдына барыпты.
Бірліктің мәнін сұраған балаға жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады. –Балам, мынаны сындырып көрші? Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды. – Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? – Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырып береді. Әнет баба: – Бұдан не түсіндің, балам? – дейді. Сонда Төле бала: – Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы,– депті.
Бабалар жолымен жүрген Қазақ елі береке мен бірліктің үлгісі. Айта кетелік, жыл сайын мерекені жоғары деңгейде өткізетін Сыр елі төтенше жағдай кезінде бұл күнді атаусыз қалдырмақ емес. Әрине, жылдағы дәстүрмен халықтық шаралар ұйымдастырылмаса да технология игілігін пайдалану арқылы онлайн түрде мереке атап өтілмек.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА