Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Башанның батасы

Башанның батасы

Қаратаудың қос беті – күнгей мен теріскейдің күйбең-күнкөрісі біркелкі, қызық-шыжығы қабат-қатар кезеңдер еді. Екі аралықтың жайылымы аралас, қойы қоралас уақыт. Ары-бері ағайындық тағы бар. Әуелден құдандалы да, құрдас-қатар да жарасымдылық  қалыптасқан. Сондықтан кішігірім той-томалақтан да бір-бірін қалдырмайды,  көкпар тартып, төңіректі думандатып дүбірге бөлеп, тамаша көңілмен тарқасатын үрдіс ежелден бар–тын.
Бұл жолы да олар теріскей бетке той тамашасын теңдей бөлісуге бармақ. Соған ауылдың көкпар тартар қарулы жігіттері жиналып жатыр. Басшысы — Башан. Ол Ноғай мен Шегірдің білекті жігіттерін бастап шықты. Жол ұзақ, тікесінен тартса жетпіс шақырымға бара-бар соқпақ жатыр. Жанамалап жүрсе қона жататын қоныс керек. Башанның ішкі есебі жанама жолды таңдап тұр. Аттың да күйін қашырмағаны абзал.
 Күзгі салым даланың оты жусап қалған. Жусанның жігі құлап, жайылымның сұрқы  күреңсіз тартып кеткен. Сондықтан  жылқыны суытып алу үшін түнемелік керек. Ендігісі —Елғонды, сонда түнеп, келесі күні діттеген жерді дөп баспақ.
Елғонды— Алтидың бай адамы, қолы жомарт жан. Талдысуда отырған қонысына ары-бері жүргінші  түсіп, байдың берекелі дастарханынан дәм татып тұратын. Ел оны мәрт кісі атап кеткен.
Сол дәстүрмен Башанның тобы үйіне түсті. Бұрыннан аузы дуалы Башанға құрметі жоғары Елғонды ақеден пейілін көрсетті. Он екі қанат ақ боз үйдің төріне шығарып, барынша күтті. Саба-саба қымыз, табақ-табақ ет тартылды. Әлден уақытта жастыққа қисайса да қос-қос көрпе қабаттаған кең төсектен қонақтар ұйқысын қандырып тұрды. Таң бозымен таласып қуырдақ, шәй ұсынған бәйбішенің де әбжіл әрекетін Башан көзден таса қалдырмады. Ал, Елғондының қас-қабағына ұялаған мұңның да астарын аңғарып,   қалың ойдың қамалын бұза алмай отыр. Бұған дейін көрген перзенттері түгел шетінеп, тұяқсыз қалу қаупі таянғанын сезеді. Осындай ауыр жағдайдың азабынан алып шығуды ойлайды. Абыз адам тосыннан болса да тығырықтан жол табуы тиіс. Міне, Бошанды мазалаған ой осы.
Атқа қонар сәт туғанда Бошан Елғондыға қолыңды жай, тәңірден бір нығмет сұрайын деді.
Киікші атаның ұрпағы Башанды ел әулие болған деседі. Айтқаны айдай келіп, берген батасы бос кетпеген екен. Оның ерекше қасиетін Қаратау етегін жайлаған ел ерекше бағалап, ақ батасын алсам деп ниет етеді екен. Енді Елғонды да  Башанның батасынан шапағат күтіп отыр.
Сабырлы етіп сана бер,
Бүтін елге пана жер.
Шаруаға мықты шама бер
Қиналғанда қасыңа
Ізетті іні тірек боп,
Алқалайтын аға бер.
Батамның барлық түйіні —
Елқондыға бала бер,
Тілекті тәңір қолдап бір
Жанымды менің ала бер! —депті.
Бата беріліп болған соң Елғондыны бөлекшелеп: — Шырағым,  келіннің ай күні жетіп ұлды боласың. Бірақ ол өлі туылады. Оған сен абыржыма. Оның көрер күні бар.  Тек маған  тездетіп шабарман жібер, құдайдан сұрайтын құлшылық бар, — деп Башан теріскейге жүріп кетті.
Айтса айтқандай, әйелі жүкті болды. Тоғыз ай, тоғыз күн дегенде өмірге перзент келді. Алайда Башан білдіргендей, баланың денесінде жан жоқ. Дереу Кеңес ауылы жаққа ат шаптырып, шабарман жіберді. Башан қорадан қойын шығарып, өріске айдап жатқан екен.  Суыт жүрген  шабарман «аталап» алдынан шықты: — Елғондының баласы...
—Білем, білем. Бүгін келетініңді де біліп қойғам. Құдайдан тіледік, жарылқады. Енді қасиетім сіңген мына тақияны ал да, баланың бетін бір желпі. Сосынғысына Елғонды уайымдамасын, шарана өмір сүріп, үлкен азамат болады, — деді қысқа ғана. Шабарман атын бір қамшылап,  құйындатып асығыс аттанып кетті. Ал, Башан болса үйіне сәлем айтты: — Дайындала беріңдер, менің уақытым таяды.
Сол күні ол көз жұмды. Ел болып қайғырып, ел болып ақтық сапарға шығарып салды. Таудағы Елғонды  баланың бақытын сезініп, Башанның батасына мың алғыс тіледі. Ұлды болған бәйбішенің де қуанышы шексіз. Олар нәрестенің есімін Әйім атады. Мұнан кейін Кәжен туылды. Бүгінде сол Алтидың ұрпағынан өріс көбейді.
Ал, Елғонды болса «Дүние деген баланың бір күлкісіне жетпейді екен. Мен Башанның құдіретіне өмір бойы қарыздармын» деп өтіпті.
Қаныбек Әбдуов.
28 сәуір 2020 ж. 398 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 433 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам