Татулығы – татымды, ауызбірлігі – айшықты, мәдениеті – мәйекті
Мемлекет басшысы жуырда жариялаған мәлімдемесінде қауіпті індетпен күресте елді бірлікке шақырды. Өз сөзін «Береке басы – бірлікте» деп тұжырымдаған Президенттің келелі ойы бір шаңырақ астына топтасып, бір нанды бөліп жеген өзге ұлт пен ұлыс өкілдеріне де арналып айтылды. Шынында «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деген дана бабамыз. Сондықтан да атқаратын игілікті ісіміз халықтың болашағын бірлікпен берік етумен құнды. Қазақ «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген. Бүгінде еліміз ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан мемлекет болып орнықты. Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді.
Көмейден алғыс төгілген,
Мейірім жауған көгімнен,
Бәйшешектей құлпырған,
Айналдым, туған елімнен!
Көңілі дархан даладай,
Пейілі–пейіш баладай.
Бауырға басқан баршаны,
Ұлыс пен ұлтқа қарамай.
Осынау шұғылалы өлең жолдары біздің Сыр елін мекен еткен тілі басқа болғанмен, тірегі – бір, жүзі басқа болғанмен жүрегі – бір өзге ұлт өкілдерінің бүгінгі жазиралы тірлігіне арналғандай. Шынында, Алаштың анасына баланған біздің қасиетті туған жерімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде облыстық ассамблея құрамында 11 этномәдени және аудандарда осы бағыттағы 5 бірлестік жұмыс жасауда. Олардың қатарында грек, түрік, татар, шешен, еврей, корей, өзбек, неміс, қырғыз, орыс және «Славяне» қоғамдық мәдени орталығы бар. Олар елдегі этносаралық келісімді нығайту, мәдени даму мен ұлттық салт-дәстүрді жандандыруға, жастарды отансүйгіштік және толерантылық рухта тәрбиелеуге, мемлекеттік тіл мен ана тілін үйретуге бағытталған. Ассамблеяның қолдауымен Наурыз, Сабантуй, Масленица, Сольналь, Рош-а-Шона, Остерн және өзге де мереке тұрақты түрде өткізіліп, өзге ұлт өкілдерінің де рухын көтеруде.
Достық пен ынтымақтың тартуындай «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің тұсау кесуі ұлттар достығының алтын арқауындай. Ол этномәдени бірлестік жұмысын үйлестіруде оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда оған қарасты «Достық үйі» ғимараты келушілердің сұранысын өтеуде. Қазір мұнда 11 мәдени бірлестік қоныс тепкен. Мұражай, кітапхана, мәжіліс, концерт залы, медиация кабинеті, тілдерді оқыту бөлмесі бар. Оған қоса «Жаңғыру жолы» өңірлік штабы кабинеті мен хореография студиясы бар.
«Достық үйіне» келген адам мұражайға бас сұқпай кетпейді. Ол этнос өкілдерінің қазақи мәдениетке жақындай түсуіне игі ықпалын тигізеді. Мұражайда қазақ халқының көне жәдігерімен танысуға болады. Сондай-ақ, мұнда облысымызда мекендеген этнос өкілдерінің қол еңбектері, киімі мен музыкалық аспабы қойылған. Мұражайда қазіргі таңда 68 экспонат сақтаулы.
Бүгінде мәжіліс және концерт залдары қоғамдық бірлестіктер үшін диалогтық алаңға айналды. Татулық, достық, бірлікке үндеген көптеген іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Барлық этнос өкілдері бұл бағытта өз ойын ашық жеткізіп, алдағы жоба-жоспары жөнінде кең ауқымда ой бөлісе алады.
Облыстағы этномәдени бірлестіктердің мәдени күндері, әр этностың ұлттық мерекелері тұрақты түрде кеңінен атап өтіледі. Бұл өңірдегі барлық этнос өкілдерінің ауызбірлікте өмір сүруіне, қоғамдық келісімнің берік нығаюына үлкен ықпалын тигізіп отыр. Осылайша елімізді мекен еткен барлық этнос өкілдері достықты конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауы жолында ерекше еңбек сіңіріп келеді.
Міне, татулығы – татымды, ауызбірлігі – айшықты, мәдениеті – мәйекті Сыр өңірінде қоныс тепкен ұлт пен ұлыс өз болашағына сеніммен қарап, достық салтанатының шырайлы шуағымен еркін өмір сүруде. Қазақтай бауырмал елдегі ұлт мұратының өміршеңдігі де осы кеңпейілділігінде жатса керек.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА