Мың тағзым сізге, майдангер
Қазақтың ұланғайыр ұлы жерін қорғаған ерлер ерлігі сан ғасырлар бойы бүгінгі ұрпақты отаншылдық рухқа бөлеп келеді. Ел мен жер тұтастығын сақтап, жаудың бетін қайтарған батырлардың өршіл рухы мен тағылымды өмірі қандай да болмасын құрметке лайық. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында елдің елдік қасиетін жоғары қойып, тарих тағылымына жетелейтін игілікті іс шараларды ұйымдастыру қолға алынды.
Ер етігімен қан кешкен, ат ауыздығымен су ішкен сұрапыл соғысқа қатысқан ардагерлерді қалай ардақтасақ та артықтық етпейді. Қызылорда облысындағы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер мен оларға теңестірілген азаматтарға бюджет есебінен әлеуметтік көмектер көрсетіліп жатыр. Соғыс ардагерлеріне Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай 1 миллион 111 теңгеден әлеуметтік төлем беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде аймақ басшысының орынбасары Серік Ахмет мәлімдеді.
– Жалпы өңірдегі 4 335 Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға біржолғы материалдық көмек көрсетуге облыстық және аудандық бюджеттен барлығы 454,8 млн.теңге бөлінген. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 млн. 111 мың теңге әлеуметтік төлем жасалады. Қазіргі таңда 16 ардагерге 611 мың теңгеден төленді, қалған 500 мың мамыр айында жеткізіледі, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бүгінде облыста 16 соғыс ардагері, 49 Ұлы Отан соғысының жесірлері және 4269 тыл ардагері бар.
Иә, соғыс ардагерлеріне қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Себебі, барша қиын қыстау кезеңді бастан өткеріп, сұпарыл соғысты көзімен көрген қарттарға құрмет көрсетіп, олардың ерлігін бағалай білу жаңа толқынға жүктелген міндет!
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ