Қадірлі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері!
Сіздерді ерліктің символындай болған Ұлы Жеңіс күнімен Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары атынан шын жүректен құттықтаймын! 9 мамыр мерекесі – жұртшылық жадында батырлық дастанындай, халқымыздың мұқалмас қажыры мен мызғымас бірлігінің нышаны іспеттес айшықты күн.
Ерлік пен қаһармандықтың алтын тұғырына баланған Ұлы Жеңістің 75 жылдығы бүгінгі ұрпақ жадында рухы – биік, даңқы – асқақ соғыс және тыл ардагерлерінің жасампаз бейнесін, асқақ абыройын паш етіп тұр. Жылнамамызға ауыр жылдардың шежірелі парағы болып енген қанқұйлы соғыс әр шаңыраққа қайғы-қасірет, орны толмас өкініш әкелгені тарихи шындық.
Бүгінде сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын, оның маңызын кейінгі ұрпақ ерекше ұғынып, қастерлеуде.Жеңіс жалауын желбірету жолында өжеттік пен жанқиярлық үлгісін көрсеткен майдан мен тыл ардагерлерінің барлығы да аса айрықша құрмет пен қошеметке лайық.
Қымбатты, Аға ұрпақ!
Сіздер ерен ерлікпен алып берген Жеңіс мерекесі бізді жоғары жетістіктерге жігерлендіріп, жанымызға қуат беріп, қиындықты жеңіп, алға ұмтылуға бағдаршам болады. Бүгінгі тәуелсіз ел тұғырының болаттай беріктігі, еңсе тіктеп, болашаққа байыпты бағдар алуы, ортақ отанымыздың гүлденуі – осынау жанқиярлық ерліктеріңіздің өркенді жемісі.
Қымбатты, соғыс және тыл ардагерлері!
Бүгінгі аға буын өкілдері, жас ұрпақ Сіздердің бойыңыздағы қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, егемен елдің көк туын биікке желбіретіп, Сіздер салған дара да, даңғыл жолды Мәңгілік елдің ұлтжанды ұрпағы ретінде жалғастыратын болады. Осынау ерлікке толы өміршең Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Баршаңыздың дендеріңізге – саулық, шаңырақтарыңызға – шаттық, бақ пен береке тілеймін! Сыр елінің ақылшы, абыз, данагөй қарты бейнесінде ғибратты ғұмыр иесі болыңыздар! Сіздердің ерліктеріңізге – Мың тағзым! Елімізде бейбітшілік пен бірлік салтанат құрсын!
Ізгі ниетпен,
Қызылорда қалалық мәслихат хатшысы
Р.БОХАНОВА