Аймақта қай мамандық тапшы?
Әсілі, кез келген қоғамдағы жұмыссыздық құбылысы сипатына байланысты туындайды. Қызметкер не өзінің кәсібіне сұранымның жоқтығы салдарынан‚ немесе жұмыс алу үшін жеткілікті біліктілігінің жоқтығы себепкер. Осының салдарынан жұмыссыз қалады. Тіпті нарықтық экономикасы дамыған елдерде де жұмыссыздық өзекті мәселе.
Өйткені тапсырыс пен сұраныс біркелкі болмайды. Әсіресе, оқу орнын жаңадан бітірген түлекті қай жұмыс беруші де бірден қабылдай қоймайды. Біріншіден, тәжірибесі жоқтығы, екіншіден жас маманды мекеме еңбекке баулуға ырықсыз. Осындай факторлар өмірде бар. Біз бүгінгі осындай мәселені WhatsApp желісі арқылы онлайн-форумда алға тартып, ортақ шешімді іздейміз.
Форумға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры Абайбек Жүнісов, М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің директоры Бақыт Кенбаев, «Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығы» КМ директоры Ернұр Бихожаевты қосып, әрбір жауапты тұлғаға өз саласы бойынша жеке-жеке сауал қойдық. Сонымен онлайн сұхбатымыз басталды.
Алдымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры Абайбек Жүнісовтен бастасақ деймін.
– Абайбек Талғатұлы, сіз ғалымсыз, аймақтағы білімнің қарашаңырағы саналатын университетте басшының бірі ретінде жоғары білімді маман дайындаудың маңызына тоқталсақ. Қазір тұрақты жұмыс орны саналатын білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласын алсақ, осы салалар ішіндегі ең ірісі – мектепке педогогикалық мамандық дайындау мен қамтамасыз ету қай деңгейде дейсіз?
– Жалпы, Қазақстанда 85 жоғары оқу орнында педогогикалық мамандық даярланады. Рас, денсаулық саласына – медицина университеттері, мәдениетке – өнер академиясы мен университеті дегендей, жас кадрмен қамтамасыз етеді. Біздің университетте дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық мамандары даярланып келеді. Қазір аймақтағы мұғалімнің көпшілігі біздің түлектер.
– Әдеттегіше гуманитарлық мамандыққа талапкер көп. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, заңгер мамандары. Бұл шындық жәйт. Ал, жалпы білім беретін мекемеде ағылшын тілі маманына сұраныс артқанын білеміз. Осыған ойыңыз қандай?
– Соңғы жылдары жастар арасында тенденция бар: білу, үйрену, талпыну тұрғысында. Өйткені шетелге шығуға, тіл білуге деген құштарлықты құптаймын. Жылдағы талапкер қабылдау комиссиясында байқағанымдай, жастардың экономикалық, заңгер мамандығына қызығушылығы басым. Бұл орайда қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына талапкер артып отырғаны анық. Оның себебі бар. «Педогог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы педогогикалық мамандықтарға оң көзқарас оянды. Бір ғана дәлел айтайын, педогогикалық мамандықтарға қабылдауға шектеу балы былтыр 60 болса, биыл 70 баллға көтерілмек. Бұл жауапкершіліктің артқанын айқындайды. Жасыратыны жоқ, ағылшын тілі мамандары облыста үлкен сұранысқа ие. Мұнымен қоса орыс тілінен дәріс беретін мұғалім өте тапшы. Ал, орыс тілді мектептерде мұғалімге сұраныс тіпті көп. Мысалы, математика, биология, химия, география, физика, информатика секілді пән мұғалімі жоқтың қасы. Бұл бойынша біз жұмыс жасап жатырмыз. Облыс әкіміне облыс әкімінің грантын тағайындау туралы, ҚР Білім және ғылым министрлігіне облысқа қат мамандықтар негізінде арнайы мақсатты білім гранттарын бөлу жөнінде ұсыныс берілді. Енді аталған ұсыныстан жауап күтудеміз.
– Жалпы, оқу орнында статистикалық есеп жүргізіле ме, қай маманға сұраныс жөнінде. Заманауи үлгідегі білім бағдарламаларын ашуға қазіргі мүмкіндік қалай?
– Бұл жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе отырып, аймақтағы еңбек ресурстарының тепе-теңдік (баланс) ерекшелігі жасалады. Сол бойынша қай салаға қандай маман қажет екені анықталып, облыс әкімінің, министрліктің білім грантына ұсыныс беріледі. Жалпы, бүгінгі күнге сай келетін білім беру бағдарламаларын ашуға мүмкіндік бар. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы облыстық филиалымен меморандум жасалған. Олардың сұранысына сай білім беру бағдарламаларын ашуға дайынбыз.
– Техникалық мамандыққа дайындауда нендей мәселе бар?
– Техникалық мамандық дайындау бойынша базаны нығайту мәселесі тұр. Түлектерді жұмысқа орналастыруда да үлкен мәселе бар. Жұмыс берушілер 3 жылдан кем емес еңбек өтілін талап етеді. Бұдан да жол табуға болады. Өзіңізге айтқандай, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы облыстық филиалы арасында жасалған меморандумға сәйкес ірі компаниялармен байланыс орнату жүзеге асып келеді. Қазір үшінші курстан бастап студент белгіленген мекемеден өндірістік тәжірибеден өтіп, олармен берік байланыс орната алады.
Ендігі кезек М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің директоры Бақыт Кенбаевқа келді.
– Бақыт Қуанышбекұлы, қазір техникалық мектептен колледж деңгейіне өстік. Бұл қаншалықты базаны кеңейтіп, оқу процесіне оң ықпалын берді?
– Әрине, техникалық мектептің колледжге айналуы жер мен көктей десем болады. Соған сай Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда, өнеркәсіптік, аграрлық, құрылыс салаларына білікті кәсіби мамандарды даярлайтын еңбек ресурстарының балансының бірі деп – М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжін атай аламын. Білім ордасы ширек ғасырдан асқан уақыт ішінде облыс төңірегіндегі 20-дан астам үлкен өнеркәсіптік мекемемен келісім-шарт жасасып, әлеуметтік әріптестік орнатқан.
Оқу ғимаратының жобалық қуаттылығы 560 оқушыға есептелген, 20 теориялық пәндер кабинеті, 6 зертхана, 6 оқу-өндірістік шеберхана жұмыс істейді. Мұнан бөлек 100 орындық асхана, акт залы, спорт залы, 20689 кітап қоры бар кітапхана қызмет көрсетеді. Яғни бүгінгі заман талабына сай жасақталған оқу орны қоғам және нарық қажеттілігіне сай білікті, кәсіби жұмысшы мамандарды даярлауға ерекше атсалысып келеді.
– Кеңестік кезеңде токар, фрезеровщик, скрепер жүргізуші секілді мамандыққа басқа ұлт өкілдері көп оқитын. Олардың жалақысы жоғары болды. Қазір қалай? «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы және Қызылорда қаласындағы тұрғын үй құрылысында кәсіби мамандар тапшылығы сезілді. Осыған қарап, «Колледж бен ірі компаниялар арасында маман қабылдау келісімі бар ма?» деп сауал қойғым келеді.?
– Әр кезеңнің өз жемісі бар. Бүгінгі уақыттың да шыққан биігі аз емес. Қазіргі қазақ жастарының білімге ұмтылуы, мамандықты игеруі де қуантады. Әсіресе, жетістікке жетсем, еңбек шырағын жақсам деген оң ниеті басым.
Көптеген ірі өндіріс ошағы қажетті жұмысшы маман кадрларды дайындауға колледжге тапсырыс беруші болып отыр. Олардың арасында «Мелиоратор» ЖШС, «DOSSTROY-COMPANY» ЖШС, «Вест-авто» ЖШС, «Қызылорда жолдары» ЖШС, «Қызылорда су жүйесі» МКК, «Монтажспецстрой» ЖШС, «Торғай-Петролеум» ЖШС, «ҚазГермұнай» БК ЖШС, «КАМ», «Қызылорда жылу электр орталығы» ЖШС, «Нұрторгстрой» ЖШС, «Мұраптехсервис» ЖШС, «ҚЭТТК» АҚ, «Каис Сервис» ЖШС, ЕЖШС «Энергосервис», Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және тағы да ірі кәсіпорындар бар.
Мысалы 2019-2020 оқу жылында Қызылорда қаласындағы «DOSSTROY-COMPANY» ЖШС базасында біздің «Электрмен және газбен дәнекерлеуші», «Электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электромонтер» біліктіліктері бойынша 51 білім алушысы ақылы түрде өндірістік тәжірибеден өтті. Және солардың арасынан Нұрхан Жақсыбай, Әлішер Бердібек, Сағдат Нұрланбекұлы, Арман Алмас секілді жастарға жұмысқа қабылданатындығы жөнінде жолдама берді.
– Колледжге келетін талапкер саны арта бастады. Тіпті конкурс жүріп, кейбір мамандыққа қызығушылық еселенді. Әсіресе, қай мамандықтың сұранысы жоғары?
– Жұмысшы мамандықтың қай-қайсы да сұраныста бар. Біз оның барысын қадағалап отырамыз. Айталық, әр жылдың нәтижесі есепке алынады, сол негізбен алдағы кезеңге назар аударамыз. Бізде түлектердің 64-70 процентті жұмыспен қамтылады. Мұның сыртында жоғары оқу орнына оқуға түсетін, әскер қатарына аттанатын, тұрмыс құратын деректі қоссаңыз көрсеткіш жаман емес.
– Колледждегі ең өзекті мәселе не?
– Өзекті дейтіндей мәселе туындаған емес. Есесіне тәуір тірліктің тұсауы кесіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және «Кәсіпқор» Холдингі» КЕАҚ тарапынан оқу орнының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Жас маман» жобасында Қызылорда облысындағы 4 колледждің қатарында «120107 2 - Автокөлікті жөндеу слесарі», «140308 2 – Электргаз дәнекерлеуші»; «140220 3 – Техник механик» біліктілік бойынша жалпы сомасы 323 миллион 312000 теңге көлемінде грантты иелендік. Қазіргі таңда аталған қаржыға колледж шеберханаларын жабдықтауға қажетті техника мен технологиялық жабдықтардың техникалық сипаттамасы бойынша конкурсқа құжаттар ұсынылды.
Ал, жұмыссыздықпен тікелей айналысып отырған «Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығы» КМ директоры Ернұр Бихожаевқа да сөз реті жетті.
– Жұмыссыз адам ең бірінші сіздің мекемеге барады. Даулы мәселе жиі туындап қалатыны шындық. Өйткені келген кісінің сұранысы бірден орындала қоймайды. Ол мамандыққа тапсырыс түспеген жағдайда осыны қалай реттеп жүрсіз?
– Өңірдегі кез келген мекеме өңірлік жұмыспен қамту орталығына бос жұмыс орындары туралы мәліметті ұсынуға міндетті. Алайда, бұл қағида көп жағдайда сақтала бермейді.
Жұмыспен қамту орталығы – бос жұмыс орындары туралы мәліметті жиынтық жасап, жұмыссыздарға таратылуын үйлестіретін орган.
Біздерге жұмыс күші қажетті деп танылған ұйымдарға жұмыссыздарды жолдап келеміз. Бірақ мекеме басшысының таңдау жасауы өз еркінде. Басым көпшілігінде жұмыссыздарды қайтарып, реніш танытып жатады. Бірақ жаппай емес.
Егер де, жұмыссыз азаматтың мамандығына сұраныс түспеген жағдайда, ол кісінің түйіндемесін, еңбек порталына салуға көмектесеміз. Одан әрі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қоғамдық жұмыс орындарына немесе қысқа мерзімді оқу курстарын ұсынамыз. Келісетіндері де болады, қажет етпейтіндері де кездеседі.
– Қазір жұмысқа қабылдаудың жаңа жүйесі бар. Әрине, жұмыспен қамту орталығы арқылы. Жолдамаға қол жеткізгендер қай деңгейде?
– Кез келген жұмыссыз азамат, жұмыспен қамту орталығындағы вакансияларға жолдама сұрап келсе, оған ешкім бөгет бола алмайды. Әрқайсының жұмысқа жолдама алып кетуіне мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, өңірдегі жұмыссыз азаматтардың санын өсірмеудің бірден-бір тәсілі және азаматтарды еңбекке тартудың тиімді әдісі «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» өткізу болып табылады. Жәрмеңкеде жұмыссыз азаматтар жұмыс берушілермен тікелей кездесуге толық мүмкіндік алуда. Қазіргі уақытта төтенше жағдайға байланысты аталған іс-шара тоқтатылып тұр.
– Қай мамандықтың иесі көп хабарласады?
– Тәжірибеде кездесіп отырған жәйттер, жұмыспен қамту орталығына жиі хабарласатын мамандықтарды саралайтын болсақ, бірінші кезекте педагогикалық мамандықтар, яғни мұғалімдер, тәрбиешілер, мейірбикелер, заңгерлер, экономистер, қаржы мамандықтарының иелері жиі жұмыс сұрап жатады.
– Мамандыққа қайта даярлау мәселесі жұмыссыздықты жоюға қаншалықты ықпал берді?
– Еңбек мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Қысқа мерзімді оқыту курстарымен» жұмыссыз азаматтарды оқыту өте бір дұрыс қабылданған шара. Мәселең, 2019 жылы аталған оқу курстарын тәмамдаған 803 азаматтың 226 тұрақты жұмысқа орналасса, 340 грант алып, өз кәсіптерін жүргізуде.
– Тұрақты жұмыс пен уақытша жұмысқа орналасудың ара салмағын айта аласыз ба?
– Тұрақты жұмысқа орналасу мәселесі өте өзекті. Жұмыс беруші мекемелерге маманға таңдау жасау құқығы берілгендіктен және сынақ мерзімі қарастырылғандықтан тұрақты жұмысқа орналасу үшін жұмыссыз азаматтар барлық әлеуетін салып жатады. Уақытша жұмыспен қамтылатын тұлғалардың басым көпшілігі маусымдық жұмысқа тартылатындар. «Еңбек» бағдарламасы бойынша уақытша Жастар практикасына баратынға да, қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтарға да жүктелген жауапкершілік аз. Жұмыстарына бей-жай қарайтыны сезіледі.
– Соңғы сұрақ, үшеуіңізге ортақ. Бір ауыз сөзбен «аймақта қай мамандық тапшы?» дегенге қысқа жауаптарыңыз қандай?
Абайбек Талғатұлы: – ҚР Тау-кен ғылымдар академиясының президенті, академик Нұрлан Бектасұлы Сыр еліне келген сапарында: «Елімізде пайдалы қазбалардың миллиардтаған тонна қоры бар. Бірақ олар күрделі қосылыс түрінде жатыр. Соны бөлшектеп, реттейтін технолог қажет. Ол түсті және бағалы металлдың бөлу процесін бес саусақтай білетін маман болғаны жөн» деп еді. Сол айтпақшы, облыста өркендеп жатқан индустриялық аймақты дамыту, жаңа өндіріс, кен орнын ашу үшін технолог-маман қажет-ақ.
Бақыт Қуанышбекұлы: – Қай жұмыс орны болсын, жұмысшы мамандығына зәрулік туындайды. Жұмысшы мамандығы адал бейнеттің адамы, ол – қай дәуірге де қажет.
Ернұр Бауыржанұлы: – Кез келген саладағы қордаланып қалған мәселелерді жалғыз мемлекеттік ұйымның әлеуетімен шешу мүмкін емес. Мемлекеттік ұйымдар таңның атысы мен күн батқанша халық қабылдап, өздеріне тиісті міндеттемелерді орындаумен әлектеніп келеді. Осы орайда, азаматтық сектордың ұсыныстары мен пікірлерін ескеруіміз қажет. Қызметке қосылғалы қазіргі уақытта бір жылдан астам уақыт өтті. Бірақ, облыстық деңгейде басқа салалар сияқты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бірде-бір зерттеу жасап, ұсыным айтылып жатқанын байқаған емеспін.
Барлық мәлімет статистикалық деректемелерге сүйене отырып, әзірленуде. Алайда, сұранысқа ие болатын мамандықтардың туындауы, болжамы, тапшылығы туралы зерттеу жүргізіп, халықты жұмыспен қамтудың нақты осал тұстарын көрсететін және оның алдын алу бойынша ұсынымдар әзірлегенді орынды деп санаймын.
Сұхбатты жүргізген
Қаныбек Әбдуов