Жұмыссызға жұмыс берген жәрмеңке
«Бақытты отбасы» орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Онда 30-ға жуық мекеме қажетті мамандарға сұраныс берген. Қалалық жұмыспен қамту, Әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімі мен қалалық прокуратура және провация бірлесуі арқылы ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеде жұмыс іздеген жандарға 176 бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде техникалық мамандықтар басым. Тиісті маман іздеген мекеменің бірі – жол салу құрылысын жүргізетін «УАД» ЖШС. Онда жол жұмысшысы, жүк көлігінің жүргізушісі, шебер және геодезист маманы тапшы. Мекемеде, әсіресе соңғысына сұраныс жоғары.
– Өңірімізде бұл мамандық өте тапшы. Жолдың биіктігі мен түзулігін зерттеп, тексеру жол құрылысы үшін өте маңызды. Жол жұмысшысы болу арқылы үтір-нүктесіне дейін білуге болады, алайда қолданатын құрылғыларды білу керек. Сондықтан сол сала маманы болуы шарт. Өкінішке орай, бүгінгі жәрмеңке барысында бұл мамандықты сұраушылар болмады. Оған себеп жастардың бұл мамандықты тандамауы деп ойлаймын, – дейді мекеменің кадр бөлімінің маманы Айсұлу Серікқызы.
Екі қолға бір күрек іздегендердің қатарында қалалық пробация есебінде тұрған сотталған азаматтар да бар. Солардың бірі үш жыл пробация есебінде тіркеуде тұрған Е. есімді азамат.
– Бұрын Қармақшыда құрылыс саласында жұмыс жасаған едім. Осы жәрмеңке арқылы «Қызылорда су жүйесіне» слесарь болып жұмысқа орналасамын. Үлкен қалада жұмыс жасауға мүмкіндік бергеніне қуаныштымын, – деді ол.
Жәрмеңкеге осындай 35 азамат жұмыс іздеп келіпті. Нәтижесінде 8 азамат «Сибу-Қызылорда» ЖСШ, «Қызылорда су жүйесі» МКМ, «УАД» ЖШС, ЖК «Сералиев» мекемелеріндегі бос жұмыс орнына жолдама алды. Өңіріміздегі жұмыссыз азаматтың санын өсірмеудің бірден-бір тәсілі осындай жәрмеңке өткізу. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің тиімділігі біршама азаматтың жұмысқа орналасуына мүмкіндік туды. Осы ретте мамандар ағымдағы жылы 1636 адамның жұмыспен қамтылғанын айтады.
Наргиза Бектаева