Жұртшылық көңіліндегі жылыжай кешені
Еліміз ауылшаруашылық өнімдерімен өзін өзі қамтуға толыққанды қабілетті. Жеріміз құнарлы болғандықтан дәнді дақылдардың кез келген түрі өсіп шығады. Тек тиянақтылықпен табанды еңбек етсең болғаны. «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деп бұрынғылар біліп айтса керек-ті. Жер-Ана жомарттығын жасырмайды.
Технология тәсілі
Қазір заман талабына сай жылыжай кешенінде бау-бақша дақылдарын өсіру айтарлықтай қарқынды дамып келеді. Оның артықшылығы адам күшін қажет етпейді. Барлығы технология әдісімен басқарылады. Сондықтанда арнайы қоршалған аумақта өнім өсіру бағбандар үшін аса таптырмас кәсіп көзі. Себебі, онда өнген өніммен он екі ай бойына елді көкөніспен қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ, кейбіреулер ашық аспан астында өсіру үшін тұқым мен көшет алуға қолданады. Бұл ең алдымен жастарды еңбекке баулуға, тәжiрибе жинақтауға, көкөнiске арзан бағада қол жеткiзуге мүмкіндік береді.
Жылыжайдың топырағын құнарландыру үшiн бiраз тiршілік атқарылады. Бұл бірінші кезекте ерте көктемде жаңа піскен көкөністер тапшы кезде тиімді пайдасын береді. Агрономдар «Кез келген жемiстi ерекше ықыласпен баптап, күте бiлмесең, мол өнiм ала алмайсың» дейдi. Ал, тiлiн тапсаң, өсiмдiктер де «сөйлейдi». Көкөнiстiң өз деңгейiнде өсiп, өнiм беруi үшiн күннiң энергиясы аса қажет. Оған уақытылы тыңайтқыш берiп, тамшылатып суару әдiсiн қолданады. Жиналған өнiм өз шығынын мiндеттi түрде ақтайды.
Махамбетовтердің мақтанышы
Махамбетов ауылдық округіндегі 2,2 гектар аумақты құрайтын «КазАгроМир» ЖШС автоматтандырылған жылыжай кешенінің жалпы құны 1 млрд 129 млн. теңге. Мұнда жергілікті жұмысшылар күніне орта есеппен 5-6 тонна өнім жинап, қала аумағында орналасқан сауда орындарына қолжетімді бағада сатуда. Болашақта өндіріс көлемін ұлғайтып, күніне 10 тоннаға дейін өнім алып, қосымша қызанақ, болгар бұрышын, баклажан өнімдерін өсіруді жоспарлап отыр. Испан технологиясымен жабдықталған жылыжай электр жарығы және сумен қамтылған. Кешенде 40 адам тұрақты жұмыс жасауда. Жұмысшылар жалақысы 60-100 мың теңге аралығында уақытылы алып отыр.
Басшының бағдары
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жылыжай кешенінде болып, жұмыс барысымен танысты. Шаһар басшысы өнім алдымен өзіміздің нарықты қамтуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге, облыс төңірегіндегі аудандарды да жылыжай өнімімен қамтамасыз ету керектігін жеткізді. Жергілікті тұрғындар тұтынатын өнім бағасы бақылауда болу керектігін айтып, мемлекет тарапынан қолдау болатынын жеткізді. Сондай-ақ, тиісті сала басшыларына кәсіпкердің түйткілді мәселелерін қарастыруды тапсырды.
Аталмыш жылыжай құрылысы 2018 жылы басталып, өткен жылдың соңында пайдалануға берілген. Жоба мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Тағы бір атап өтерлігі, бұдан бөлек қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде 1 гектарлық кешен жұмыс істеп тұр. Дәл осындай 8 шағын жылыжайдың өнімі күнделікті сауда сөрелеріне түсуде. Жалпы биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша тағы 2 гектар аумаққа жылыжай кешені салынбақ.
Мақсат – сырттың өнімін өзіміз тоқтата аламыз
Жылыжай директоры Ғани Алматовтың айтуынша, 2 гектардан асатын жылыжай аумағын кеңейту жоспарлануда. Испан технологиясымен жабдықталған жылыжайда электр жарығы мен судан тапшылық жоқ. Қазір қиярдың әр келісін 250 теңгеден бағалап, сауда орталықтарына күніне бес тоннаға жуық өткізіп отыр. Егер табиғи газ жетсе, өнім бағасы бұдан да арзандай түседі. Мақсатымыз – сырттан келетін көкөністі азайтып, жергілікті өнімді көбейту. Алдағы уақытта қызанақ, болгар бұрышын, баклажан өсіруді бастаймыз. Күніне 10 тоннаға дейін қияр жинайтын мүмкіндігіміз бар. Жылыжайдың экологиялық жағдайы халықаралық стандарттарға сай жаңа технология арқылы дүниежүзілік тәжірибе негізінде жұмыс істейді. Жұмысшыларға қалғаны – дайын өнімді жинап, қораптарға салу. Жаңа технологияны жергілікті мамандар жайлап меңгеріп жатыр. Қызылордадағы бау-бақша өнімдері енді сырттан тасымалданбайды. Бұл үкімет қамқорлығымен ел ағаларының қолдауының арқасындағы игі істің жемісті нәтижесі деп білемін, – дейді бізбен әңгімесінде.
Тілші түйіні
Қияр адам ағзасына аса пайдалы дәрумендерге бай өнім. Оның өсіп жетілуі мен күтімі бағбаншының шеберлігіне байланысты. Жылыжай температурасы ондағы өсімдіктердің талабына сай сақталып тұрады. Мамандардың сөзінше, шілде айында толығымен жиналып, қайтадан күзгі өнімге отырғызылады. Міне, біз көзбен көріп, көңілге түйген жылыжайдың жай-жапсары осылай. Ақсауаттағы айтулы кешен ауылдың айдарына айналар күн алыс емес.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
Ақсуат ауылдық округі.