Тәртіпке бас иген құл болмайды
Дүниежүзін дендеген дерт біздің елімізде де кең таралып отыр. Осыған орай, Мемлекет басшысының Жарлығымен төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шектеулер енгізіліп, әрбір отандасымыздың отбасында оқшаулануы қатаң қадағалануда. Қалаға кіреберіс жолдарға блок-бекеттер орналастырылып, халықтың кіріп-шығуына тиым салынды. Оған әскери сала қызметкерлері мен дәрігерлер, полиция қызметкерлері тартылды. Қаланың Жезқазған трассасы бойындағы блок-бекетте қызметтік міндетін атқарып жүрген әскери қызметші Жеңісбек Нысановтың бүгінгі борышы бөлек.
Ол 2012-2013 жылдары Алматы қаласындағы №7552 ішкі әскер құрамында азаматтық борышын өтеп келген. 2015 жылдан бері №66597 барлаушы полкіне жұмысқа орналасып, еңбек етуде. Жеңісбек Жақсыбайұлынан блок-бекеттегі ахуал жайлы сұрағанымызда: – Халықтың денсаулығы үшін күн-түні күзетте тұрамыз. Себебі, елдің амандығы біз үшін басты міндет болып саналады. Ел ішінде түрлі жағдайдың болуы да заңдылық. Біреулер шұғыл шаруасымен қаладан шыққысы келсе, енді біреулер аудандардан келіп қалада жақындарының үйіне барғысы келеді. Әрине, халықты түсінуге болады. Олар да өзіміз сияқты адамдар. Блок-бекетте халық қарасы қалың, ал, кезекте тұрған автокөліктер де жетерлік. Кейде шаршайсың, бірақ тәртіп солай. Мен қызмет атқаратын №66597 барлаушы полкінен бір офицер, алты келісім шарт негізіндегі әскери қызметкер екі сағат сайын ауысым режимінде жұмыс жасаудамыз. 5 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Бетперделер мен қолғап қамтамасыз етілген. Бетпердені екі сағат сайын ауыстырып тұрамыз. Жатын орны мен қажетті заттар түгел жеткілікті. Қазір блок-бекеттегі жағдай тұрақты. Халық толыққанды түсінді. Дауылды, жаңбырлы күндері де тұратын сәттеріміз болады. Сондай кездерде елдің азаматы ретінде міндетіңді мүлтіксіз орындауды өзіңе парыз санайсың, – дейді бізбен әңгімесінде.
Иә, біз естіп, көріп жүрген блок-бекеттің тіршілігі бөлек. Өйткені бет-ауызын тұмшалаған дәрігерлер, қаптаған полиция денеңді шымырлатып, бойыңды толқыныс тудырады. Мұндағы толған халық пен кезекте тұрған автокөліктерден де аяқ алып жүру мүмкін емес. Құқық қорғау органдарының қызметтік көліктері, жедел жәрдем көлігі қаз-қатар тізіліп тұр. Бейне бір теледидарда көретін кино секілді сезіледі. Турникет-қоршаулардың бойында ішкі әскер сарбаздары сап түзеп, мұндағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етсе, полиция қызметкерлеріне қарапайым тұрғындардың өтуін қадағалау жүктелген. Олардың бірі жаяу жүргіншілердің тиісті анықтамаларын тексеріп жатса, енді біреулері тәртіп негізінде автокөліктердің өткізілу барысын бақылауда.
– Блок-бекеттен кіріп-шығуы үшін әкімшілік арқылы автокөліктердің тіркелуі міндетті. Сол арқылы полиция қызметкерлері көліктің мемлекеттік нөмерін тіркеу арқылы немесе жүргізушінің жеке куәлігі негізінде арнайы планшетке енгізіп, екеуінің біреуі базадан табылған жағдайда қала аумағына кіріп, шыға алады. Қаланың бір ғана блок-бекетіндегі бүгінгі ахуалы осындай. Аймақтағы блок-бекеттер алдымен коронавирус дертінің алдын алуы үшін қойылып отыр. Қазіргі таңда қаланың шыға беріс жерлеріне бес тосқауыл бекеті қойылып, қатаң қадағалануда. Блок бекет басында кезекшілікте тұрған қызметкерлердің киім ауыстырып, тамақ ішулері үшін арнай палатка тігілген, олар сонда аяқ суытып, кезекпен демалады. Бұл естігенге жеңіл болғанымен бастан өткерген адамға айтарлықтай әсер етеді. Сақтық шаралары қатаң сақталуда. Тұрақты түрде дезинфексиялау жүргізіліп тұрады. Барлығы сақтық үшін жүргізілуде. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлының айтқан сөзінің астарында аласармай ақиқат жатыр. Әскери қызметкерлер халық үшін күні-түні қалтқысыз қызмет атқара береді. Біз өз тарапымыздан аталмыш аурудың таралуы тезірек бітсе екен деп тілейміз. Халыққа қызмет – мерейлі міндет дейді біздің кейіпкер.
Расыменде, қазіргі ахуал ешкімге де оңай тиіп тұрған жоқ. Індеттің үдеп кетпеуі үшін халық арасында карантин ережелерін ескеру керектігі жиі айтылуда. Туған-туыстың үйіне баруға болмайды әзір. Тәртіп солай. Ол сақталмаса эпидемиологиялық ахуал одан сайын өршуі ықтимал. Сондықтан сын сағатта сабыр сақтап, ауызбіршілікте әрекет етіп, ауа-райының құбылмалы жағдайына қарамай тәулік бойы жұмыс жасап жатқан сала мамандарына қолдау көрсетіп, түсіністік таныту ортақ парызымыз.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.