Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Кикілжің неден шығады?

Кикілжің неден шығады?

Қоғамдық көлікке мініп, жан-жағыңызға бажайлап қараңызшы. Таңертең жұмысқа шаршап бара жатқан жұрт, қабағы қатулы қария, бұ дүниенің күйбең тіршілігін бір сәт те болса ұмытуға тырысып, терезеден сыртқа көз салған көңілсіз келіншек, құлағына тығын тығып, әуенге ден қойған бозбала мен бойжеткен... Айналасына шуақ шашып, мейірлене қарайтын көзқарас таппайсыз. Тап бір елдің бәрінің басынан бақыт құсы ұя салмай, ұшып кеткендей көрінеді. Ал, егер бір жолаушыға абайсызда соқтығысып кетсеңіз, айқайлай бастайды. Солай  кикілжің басталуы мүмкін. Мұның барлығы жүйкенің шаршауы, мүмкін басқа да жағдайдың тікелей әсері болар.
Отбасындағы кикілжіңнің түп-тамыры әлеуметтік ахуал, қаржылық жетіспеушілік сынды сан мәселе секілді. Себебі, сананы тұрмыс билеген заманда өмірлік құндылықтың орнын осындай олқылықтар басып келеді. Мұның бәрі отбасы, ошақ қасында орын алатын түсініспеушілікке, тәрбиенің теріс берілуіне себеп болуда.Статистикаға сүйенер болсақ, елі­мізде жаңадан шаңырақ құрғандардың үштен бірі жыл толмай ажырасады екен. Адамның Алла алдындағы ең жағымсыз әрекеті болып табылған бұл дерттің етек жаюына не себеп? Жұбайлық өмірге енді қадам басып, екі жастың махаббат оты алаулар шақта оны ерте сөндіруге не түрткі?
          Қалыптасқан қағида, материалдық жағдай, жұмыс, мансап, баспана, перзент сүйе алмау, маскүнемдік, құмарлық, өзара сенімсіздік, күйеудің озбырлығы, отбасыға ата-ана, ата-ененің араласуы ажырасудың негізгі түйткілі..

Үй болу қиын...
Отбасылық өмірдің ыстық-суығына төзіп, сіңісіп кету оңай емес. Осындай міндеттерге дайын болмау, бейімделе алмау, ең бастысы, төзімділік пен кешірімді бола алмау отбасының ойрандалуына әкеп соғуы әбден кәдік. Отбасылық өмірді ертегідегідей деп ойлап жүрген қыздар бір сәтте аһ ұратыны да сондықтан. Жігіттен жиі гүл алып үйренген қыздар, тұрмысқа шыққан соң біршама өзгерістерді қабылдай алмай жатады. Кейде түсініспеушілік, ұрыс-керіс осындай майда-шүйдеден басталады емес пе? Анасынан салиқалы тәрбие көрген қыз мұндайда ақылға салып бағуы тиіс. Ақырында жеңіске де қол жеткізеді. Жеңістің биік шыңы – айрандай ұйыған отбасы болу. Ал тек өзімдікі ғана жөн, менің айтқаным болады деп өзімшілдікке, қырсықтыққа жол берсең соңы жақсылыққа апармайды. Жаңа отбасын құруда жауапкершілік пен түсіністікті, сыйластық пен кешірімділікті, парыз бен міндет деп білу маңызды. Жастар арасында ұрыс-керістің басым бөлігі кешіре алмаудан  да туындайтын көрінеді.

Отбасы және қаржы
Қаражат мәселесі отбасында жанжал тудыратын себептің бірі отбасы құрғанға дейін өз еркімен ақша жұмсап үйренген жастар қалыптан айнығысы келмейді. Не киемін, не ішемін деп бас қатырмаған  бойжеткен отбасылық үнемшілдікке үйрені алмай жатады. Тіпті, отасқандарына біршама жыл болған ерлі-зайыптылар да ақша мәселесіне келгенде әлсіздік танытады. Қалай дерсіз? Мысалы, тойдың қамы. Ұрыс-керіс мұндайда жиі болады. Кімге қанша апарамыздан басталған әңгіме  соңында «Менің туысыма аз, өз туысыңа көп» деген жікке бөлінуден басталады. Осындайда «киіз дәптеріне» жүгінетіндер бар. Бұл үлкендердің, сол баяғы «кімнің қанша әкелгенін» жазып отыратын құнды дүниесі.

Бір күн ұрыстың...
Берекелі отбасында келіспеушілік мүлде шықпайды деп айтсақ, онымыз өтірік болар еді. Бірнеше адам бірлескен ортада оның орын алуы қалыпты жағдай. Алайда, іргетасы әуелден түзу қаланған отбасының мұндай жағдайларды қалпына келтіріп, реттеп отыру қажет. Отбасындағы жанжал, кикілжіңді үлкейтпеу әйелдің құзырындағы дүние. «Бір күн ұрыс болған үйден, қырық күн береке кетеді» дейді дана халқымыз. Шаңырақтағы кикілжің орынсыз, жөнсіз сөзден де туындайды. Оған әйелдер өздері кінәлі. «Ертеректе бір отбасының ері әйелін ішіп кеп ұрып-соғып, тоқпақтай береді екен. Амалы таусылған әйел ауыл ақсақалына барып көмек сұрапты. Бұл ұрып-соғудың себебін сұраған оған дана қария жерден бір тас беріп: «Осыны аузыңнан тастама» депті. Келесі күні, ішімдікке сылқия тойған күйеуі әйелін әдеттегідей балағат сөзбен тиісе бастапты. Әйел жұмған аузын ашпағасын, әрі-беріден сон ұйықтап қалады. Ертесіне ақсақал: «Бүгін күйеуің жәбір көрсетті ме?» дегенде әйел «жоқ» деп жауап беріпті. Сонда ақсақал мұның себебі, сенің тіліңде деген екен. Күйеуің келгенде намысына тиіп сөйлеп, шу шығармау қажет. Басқа пәле тілден деген екен.      
                                                             
                                                                                Наргиза НАРТАЙҚЫЗЫ
16 мамыр 2020 ж. 681 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 432 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам