Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » СӘБИДІҢ БӘРІ БАҚЫТТЫ БОЛУЫ ҮШІН ЖАРАЛҒАН

СӘБИДІҢ БӘРІ БАҚЫТТЫ БОЛУЫ ҮШІН ЖАРАЛҒАН

  «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» дейміз. Қазір бұл сөздің орны ауысып кеткен секілді. Кейбір нәзік жандылар бауыр еті – баласына назар аудара бермейді. Ал, сәби жүрек мейірімге зәру болып жатады.
Он төрт баланы бауырына басып, қамқорлығына алған кейіпкеріміз Ақмарал Малбағарова осылай деді. Сәби кезде әкесінен айырылған оны анасы жалғыз өзі өсірді. Маңдайына жел тигізбеді. Әкесінің көзін көрмесе де, қадірін ұқты. Ал, ана орнының қаншалықты қастерлі, қасиетті екені айтпаса да түсінікті. Өмірдің қызығы мен қиыншылығын анасымен бірге көріп өскен кейіпкеріміз үшін одан артық адам жоқ.
Осыдан 9 жыл бұрын елімізде патронаттық тәрбиеге бала алуға болатынын естігенде ол іштей қуанған еді. Себебі, анасы жетімдер үйінде жұмыс істегендіктен ондағы балалардың жағдайын жақсы білетін. Кейін өзі перзентханада еңбек етті. Ол жерде тастанды сәбилерді көріп қынжылатын. Осы оқиғалар оның сәбиге деген махаббатын еселей түсті. Ал, теледидардан патронаттық жолмен бала асырап алуға болатынын естігенде бұл мүмкіндікті жібермеу керектігін түсінді. Үнемі тура жолды көрсететін анасымен ақылдасты. Жолдасының рұқсатымен 2009 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған Шәмшия және орыс ұлтынан Артем есімді өрендерді бауырына басты. Одан кейін екі қыз баланы, сосын кәріс ұлтынан 3 ұл, 1 қызды қамқорлыққа алды. Кейіпкеріміздің туған ұлы – Қайраттан соң қайта ана атану бақыты осылай басталған еді.
– Алғашқы рет Шәмшия мен Артемді патронаттық тәрбиеге алдым. Одан кейінгі екі қыз да ес білген шақта үйге келді. Бүгінде ол екеуі де отбасын құрып, өз алдына үй болды. Олармен хабар алысып, амандық білісіп тұрамыз. Ал, Шәмшияны 18-ге толғасын өз тегіме жаздырып алдым. Артем – колледжде студент. Олар ұлым – Қайратпен жасы қатар болғандықтан тете өсті. Балалар арасында қызғаныш тумай, туған бауырдай болды. Соған қуандым. Одан кейін бір отбасында дүниеге келген 4 баланы өз тәрбиеме алған едім. Біраз уақыт қасымда болды. Ер балаларын спорт мектебіне бердім. Онда ауыр атлетикамен айналысып жүрді. Алайда, аналары келіп өз ісіне өкінетінін жеткізді. Араларын ажыратпайын деп ойладым. Сөйтіп, олар отбасына оралды. Бұдан кейін де жастайынан тағдыр тәлкегін көрген біршама өрендерді қамқорлыққа алдым. Оларға барынша аналық қамқорлығымды көрсетуге тырысып келемін. Қазір 14 баласы бар көпбалалы анамын, – дейді Ақмарал бізбен әңгімесінде.
Мейірімге шөліркеген қатыгез қоғамда өзгенің ұл-қызын тәрбиелеу кез келгеннің қолынан келмесі анық. Мұндай кезде азды-көпті қиыншылықтың болатыны рас. Ақмарал оның бәрін мейірім мен кеңпейілінің арқасында жеңіп келеді. Оның айтуынша, балалардың алғашқы уақытта бір-біріне үйренісуі қиын. Әрқайсысының мінезі, таным-түсінігі әртүрлі. Сондықтан оларға түсіністік таныту қажет. Кейіпкеріміз егер осындай жағдай орын алса, психолог көмегіне жүгінетінін жасырмайды. Маманмен тығыз байланыс жасау арадағы қарым-қатынасты жақсы жағынан қалыптастыруға ықпал етеді. Десек те, мұның бәрі – бастапқы кезеңде орын алатын жағдай.
– Балаларыма әуел бастан сабақ үлгерімінің, тәртібінің жақсы болуын ескерткенмін. Қыздарымның шаш қырқуына қарсымын. Оны да өздеріне оңашада жиі айтамын. Сонымен бірге, қазақы болмысымызға жат әдеттерден аулақ болуды, отбасындағы, қоршаған ортадағы жүріс-тұрыс әдептерін, ұлттық салт-дәстүрді үйретіп келемін. Барынша ділімізге сай болуларын қадағалаймын. Тәрбие жоқ жерде адамның өсіп-жетілуі, биіктен көрінуі мүмкін емес. Сол үшін қазірден бастап қолдау көрсетіп, алға ұмтылыс жасауына барынша ықпал етуге тырысамын. Құдайға шүкір, балалар осы кезге дейін тілімді алмай, ренжіткен емес. Мен олармен мақтанамын, – дейді батыр ана Ақмарал.
Отбасындағы балалардың барлығы да шығармашылыққа жақын. Үйдің үлкені Қайрат, Артем, Шәмшия жоғарғы оқу орындарында білім алып, мамандықтарына сай мақсат-мүдделерін айқындаған. Ал, Анары 10 сыныпта оқиды. Жаны шығармашылыққа жақын болса да, келешекте медицина саласында еңбек еткісі келеді. Одан кейінгі Настя, Карина, Виктория, Мөлдір есімді қыздары би өнерімен айналысады. Алдағы уақытта өздері құрған «Ақмарал» би тобымен үлкен байқауларға қатысып, бақтарын сынамақ. Әзірше бидің өзгеше қимыл-қозғалыстарын үйреніп, дайындық жасауда. Сондай-ақ, әнші ұлы – Рамазан да түрлі конкурстарда өнер көрсетіп, өз мүмкіндігін дәлелдеп келеді. Қазір ол «Бозторғай» балалар байқауына қатысу үшін үлкен дайындық үстінде. Ал, Расул, Ислам, Никита болса, мектеп қабырғасында тәлім алуда. Егіз қозыдай болған Нұртас пен Мұхамеді – үйдің кенжелері.
Иә, олар әр түрлі ұлт өкілдерінен құралса да бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Оған әрине, Бағдат пен Ақмаралдың имандылығы мен балаларға деген сүйіспеншілігі сеп болуда. Сананы тұрмыс билеген алмағайып заманда адами қасиетке тән, ерлікке пара-пар осындай жандардың барына еріксіз қуанасың.


Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ.




16 қаңтар 2018 ж. 2 026 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам