Саябақ – жанға сая
Мамыражай жаз маусымы жақын қалды. Ендігі оқшаулаудан толық арылған халық бос уақытты үйде емес, таза ауада өткізуді әдет етері анық. Бұған себеп – екі айға жуық жіпсіз байлаған карантиннің әсері. Осы орайда, Қызылорда қаласы тұрғындарының серуен құрар жаңа саябақ қашан пайдалануға беріледі? Демалыс мекені нендей ерекшелікке ие? Бұл сұрақтардың жауабын білмекке қалалық денсаулық және демалыс саябағының құрылыс жұмысымен танысып қайттық.
Демалыс паркін көрген адамға алғаш келер ой – оның көлемі екені анық. 30 гектарды қамтитын парк – шаһар көлемді нысанның бірі. Оған қоса, 1 502 метр аумақты қоршаған темір шартақ алыстан менмұндалап, саябақтың мән-маңызын арттырып, көлемін айшықтай түседі. Арнайы жүргізілген аяқ су каналы да мұнда жаңа тіршілік жандантынын, көшеттердің көп өтпей ну орманға айналарын айғақтайтындай. Ол күн де алыс емес секілд. Себебі, жоспарланған құрылыс жұмыстарының дені де бітуге жақындаған. Жаяу жүргінші жолы, аяқ су каналы, самалжай (бесетка) құрылысы секілді бөліктер мәресіне жетуге жуық. Жас көшеттер тақыр даланы өскін-баққа айналдырып, өркен жаюға асығуда. Не де болса, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағы мен Рәміздер алаңына жапсарлас орын тепкен жаңа саябақ көз сүйсіндіреді.
Жасыл шаһардың жаңа келбеті
Өткен жылдың қыркүйек айында басталған құрылыс биыл өз мәресіне жетеді деп күтілуде. Құйылған қаржы мен еткен еңбек орасан. Құрылысқа жалпы мөлшері 1 млрд 114 млн теңге бөлініпті. Әрине, аз қаражат емес. Алайда, қала кейпінің келбеттене түсетінін ескерсек, бұл қаржы ел игілігіне жұмсалған шығын екенін еріксіз мойындауға тура келеді. Бүгінге дейін қаражаттың басым бөлігі, яғни 899 млн теңгесі игерілген. Ендігі қажетті 135 млн теңге өз орнын тапса, демалыс мекені жақын арада пайдалануға беріледі деген сөз.
Қазіргі таңда шаһарда көлемі мен қызметі жағынан мұндай демалыс паркінің баламасы жоқ. Жаңа саябақ дайын болса, көпшілік тынығатын құтты мекенге айналып, қаланың бас символына айналары сөзсіз. Олай дейтініміз, 30 гектар аумақта тұрғындардың демалып, көңіл сергітуіне бар мүмкіндік қарастырылған. Ойын-сауық алаңы (12) мен орындық (356 дана), түнгі жарық шамдары (394 дана) келушілерге қолайлы етіп жасалуда. Тіпті спортпен шұғылданушыларға арналған жаяу жүргінші жолы (30 072 м2) мен веложол (4 819 м2) әзірленуде. Аталған жұмыстардың сапалы жүргізілуіне жобаның мердігер мекемесі «Бақ-Береке 2030» ЖШС барынша күш салғаны байқалады.
Алайда, ең басты ерекшелікті көгалдандыру бағытынан іздеген жөн. Саябақта отырғызылатын 20 мың түп көшет пен 60 мың түп гүл 20 жылда жасыл желекке көмкеріліп, Қызылорданы орманды алқапқа айналатынын ойласақ, қала үшін үлкен олжа осы болғалы тұр. Тек ғана күтімін кетірмей күн қарап, білігін игеріп баптасаң болды, таза ауа мен тамылжыған табиғатты сыйлайды. Ол үшін 12 мың метрге жуық аяқ су каналы да жүргізілуде. Мамандарға 10,4 мың м2 көлемін көгалдандыру жұмысы жеңіл болмасы анық. Бірақ, жүйелі жұмыс пен нақты жоспардан айнымаса, алынбас қамал емес.
Оған қоса, өзгелер үшін таптаурынға айналған «талсыз қала» әзілі де қызылордалықтардың қытығына тиетін. Ендігі жерде жас өскіндердің көлемді ну-тоғайға айналғанын ел көрсе, «талсыз қала» айдарынан құтылып, жасыл шаһар атанар сәт туады. Бұған демалыс паркінің әуежай бағытындағы тасжол бойына салынуы өз ықпалын тигізетіні анық. Себебі, демалыс саябағы қонақтарға қала туралы жағымды көңіл күй мен алғашқы әсер сыйлайтын өзгеше аймақ символына айналар еді.
Жағалауға сән берген
Аңғарғанға, жаңа қалалық парктің Сырдария өзеніне жақын маңда бой көтеруінің өзге де артықшылығы бары сезіледі. Алғашқысы, сол жағалауға жаңаша түрленуге жол ашса, екіншісі «Сабалақ», «Наурыз» саяжайындағы тұрғындар санын артатын секілді. Мәселен, былайғы жұрт бұл маңдағы тұрғын үйлерге көгілдір отын жетпегені үшін және шаһар орталығынанан алыс деп қоныстануға құлықсыз еді. Енді, міне, дарияның арғы бетіне заманауи ғимараттар мен маңызды демалыс орталығының орын тепкені қала халқына құлшыныс сыйлап отыр.
Жергілікті тұрғындар болса, саябақтың салынуын жақсы ырымға балап, өзгерістер орын аларына сенуде. Сол маңдағы Ж.Махамбетов ауылы мен «Сабалақ», «Наурыз» саяжай халқы қалалық парктен өзге маңызды нысандар бой көтерсе, қоныстанушы артатынын айтуда. Тіпті жылжымайтын мүлік бағасына саябақ пен жаңа нысандардың әсері болатынын да жасырмайды. Себебі, демалыс паркі қала орталығынан шеткері орналасқан аймаққа жаңа өң беріп, тың тыныс сыйлаған еді.
–Біз үшін қала шетіндегі аумаққа демалыс паркінің салынуы – үлкен мерей. Қауырт жұмыстан шаршаған сәтте жақындарыңмен таза ауа, жасыл желек арасында серуендегенге не жетсін. Жай күнде көңіл сергітіп, аралайтын қалалық парк (Батырхан Шүкенов атындағы -авт.) пен орталық алаң болса, екі аттап бара қоятын жер емес. Көлікпен бару – мәселе, жаяу жету – бейнет екенін бәрі біледі. Сондықтан, қалалық саябақтың салынуын қуанышпен қабылдадық. Отбасымызбен құрылыс жұмыстары жылдам бітсе деп тілеп отырмыз, – деді «Сабалақ» саяжайының тұрғыны Жаңагүл Якудаева.
P.S. «Әр қаланың өз жаны болады» дейді. Шаһардың қанатын жайып кеңеюі мен өркендеуі, көше мәдениеті мен тазалық сапасы – сол қаланың өмір өлшемі. Демек, Сыр елінің бас шаһарына қосылар кең саябақ та – қала жанына сая болып, тұрғындар жадында қуанышты сәттер мен бақытты естеліктер арқылы ғасырдан-ғасырға сапар шегетін қорғаушысы болары анық.
Е.ШАМШАДИН