Білім деңгейі төмендеген жоқ
Әне, міне дегенше оқу жылының аяғына да келіп жеттік. Биыл карантинге байланысты оқу орындарында өзгерістер енгізілді. Соңғы екі айда оқушылар дерлік онлайн режимінде білім алды. Ұстаздарда бар ынты-ықыласымен технология тілінде дәріс берді. Осы орайда, қалалық білім бөлімінің бас маманы Бек Сұлтанбекұлымен сұқбат жүргізген болатынбыз.
– Алғашқы сауалды биылғы оқу жылын қала бойынша қанша түлек тәмамдайды? Осыдан бастасақ.
– Биыл бітіруші түлектер саны - 1881. ҰБТ тапсыруға қала бойыша 1696 оқушы өтініш беріп отыр. Қалғандары шет елде білім алуды немесе бүгінгі күнге дейін оқу орнына түсіп қойған оқушылар.
– Карантин кезінде емтихан сынақтары қалай жүргізіледі?
– 9-10 сыныптардың мемлекеттік емтихандары болмайды. Жылдық қорытынды бағасы қандай болады, сол бойынша баға аттестатқа түседі. Қазір 9-10 сыныптардың аттестаттары «Негізгі орта білім туралы аттестат» және «Жалпы орта білім туралы аттестат» деп аталады. Осы екі құжатта 25 мамырдан бастап облыстық білім басқармасынан келетін болады. Сосын оқушыларға таратып беретін боламыз.Қазір бөлім бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) аяқталды. Осы апта да тоқсандық жиындық бағалау (ТЖБ) өтіп жатыр. Ол бір аптадан аса уақытта бітеді. ТЖБ бойынша қиындық болып жатқан жоқ. Жеңілдетілген түрде өтіп жатыр. Өйткені балалар онлайн оқуға үйреніп қалды. Төртінші тоқсандағы қиын тақырыптар келесі оқу жылына қалдырылды. Қалған тақырыптар келесі жылы қосып оқытылатын болады.
– Ағымдағы жылы қанша шәкірт «Алтын белгіге» үміткер?
– Ағымдағы жылы «Алтын белгіге үміткерлер саны 154 болып отыр. Бұл шәкірттің білімі таразыға түсетін сындарлы сәт. Сондықтан оқушыларымыз ұстаздар үмітін ақтайды деп сенім білдіремін. Алдағы білім бәсекесінде барша оқушыларға сәттілік серік болуына тілектеспін.
– Соңғы қоңырау қашан өткізіледі?
– Соңғы қоңырау мектеп қабырғасында болады. Бұл мектеппен қоштасып жатқан әрбір оқушы үшін маңызды деп ойлаймын. 11-сыныптардың соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру рәсімі 3-4 маусымда болады деп күтілуде. Негізі бұрын 25 мамырда соңғы қоңырау соғылса, кейін барлық емтихан біткен соң аттестат берілетін еді. Қазір пандемияға байланысты осы екі іс-шараны екі күнге бөліп өткізейін деп отырмыз. Мұнда әр сыныптың іс-шарасы бөлек және 45 минуттан аспайтын болады. Арасында үзіліс болып отырады. Содан соң келесі сыныптың шарасы өткізіледі. Шараға бір сыныптан бір ғана ата-ана қатыса алады. Ата-аналар жағдайды түсінеді деп ойлаймыз. Сондай-ақ, сырттан ешқандай қонақтар келмейді. Тек өздерінің ғана қатысуымен далада таза ауада өтетін болады.
– «Kundelik.kz» электронды журналының ерекшелігі қандай?
– Бүгінде ата-аналар да, мұғалімдер де «Kundelik.kz» электронды журналы арқылы жұмыс жасауда. Бұл электронды күнделіктің төтенше жағдай кезінде көп көмегі тиді. Ол қазіргі таңда ата-анаға да, мұғалімге де ыңғайлы. Себебі, оны ноутбукпен, ұялы телефонмен де ашып пайдалана беруге болады. Негізі осы электронды журналды пайдаланып келе жатқанымызға осымен үшінші жыл. Мұнымен жұмыс жасау бастапқы да қиындау болғаны рас, кейіннен үйренісіп кеттік. Мұғалімдер күнделікті тақырып бойынша слайдтарын, тапсырмаларын журналға жүктеп қояды. Содан соң оны оқушы қарап, мүмкіндігі болып жатса мұғалімімен кері байланыс жасайды. Егер мүмкіндігі болмаса орындаған тапсырмаларын «Whatsapp» немесе «Telegram» қосымшалары арқылы жіберіп әрі қарай жұмыс жасай алады.
– Төтенше жағдай кезінде ата-ана мен ұстаз қалай байланыс орнатты?
– Қазір білім беру саласында да технологиялар жүйесі жақсы қалыптасты. Ата-ана мен оқушы жоғарыда айта кеткен «Күнделік.кз» арқылы байланыс орната алады. Сонымен қатар, ватсап мессенджер, зоом платформалары арқылы бір-біріне байланысқа шыға алады. Сол арқылы тығыз байланыста болды.
– Оқушылар қашықтықтан оқытылуы үшін смартфон телефоны немесе ноутбук жеткілікті жағдайда ма?
– Қашықтықтан оқыту басталмай тұрып, барлық білім беру ұйымындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың оқушыларына баса назар аудардық. Бір үйде бірнеше бала тұратын жағдайлар да кездесті. Біз бұл мәселенің алдын алып, қала көлеміндегі 54 мектептің қашықтықтан оқуға дайын емес оқушылардың барлығына планшеттер, ноутбуктер таратылды. Бұл аталған сауал бойынша ешқандай мәселе болған жоқ. Барлық оқушы қашықтық оқуда түгел қамтылды.Бұған қоса, қазір «Балапан» мен «Ел Арна» телеарналарында күнделікті телевизиялық сабақтар өткізіліп келеді. Және оны көре алмағандар өзіміздің жергілікті «Qyzylorda» және «Қоғам тв» телеарналары арқылы қайта көруге мүмкіндіктері бар.
– Қазіргі оқушылардың білім деңгейі қандай?
– Білім деңгейі төмендеген жоқ. Өйткені сабақтар жеңілдетілген бағдарламамен өткізілуде. Қазіргі заманда балалар білімді өздері-ақ оқып, біліп алады. Себебі, бүгінгі заман сондай. Негізі менің ойымша осы карантиннен кейін білім саласында басқаша бір өзгерістер болатын секілді. Бұл әрине біздің ойымыз.
– Соңғы сауал, ұстаздың қоғамды рөлі қандай?
– Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин атамыз бекер айтпаса керек. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, болашағына бағдар сілтеген білікті маманға қандай тілек айтып, қалай мадақтасақта жарасды. Ұстаздық ерекше талантты қажет ететін ұлы мамандық иесі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойдың қуаты шәкіртті өзіне баурап тұруы тиіс. Хакім Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деген өлең жолдары көп нәрсені аңғартады. Шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны деп білемін.
Сұқбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.