Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Даңғылдың көркем дидары

Даңғылдың көркем дидары

Сұлу Сырдың бас қаласы – Қызылорда  жыл санап құлпырып, ай санап әспеттеліп келеді. Оған сол жағалаудағы қарқынды қадамдардың да өз әсері мол. Бой көтерген заманауи ғимараттар шаһарға жаңа өң берсе, жөндеу жұмыстары тың тыныс сыйлауда. Шаһар басшысының бастамасымен қолға алынған қараусыз қалған қала көшелерін жөндеу жұмысы, жаңарту шаралары тұрғындар тарапынан қолдау тауып келеді. Осы орайда орталық көшедегі басты құрылыс жұмысының бірі – Назарбаев даңғылы бойындағы жаяу жүргінші жолы екені сөзсіз.
Бұрын көркі кетіп, жабайы өсімдік басқан шаңды алқап, бүгінде қызылордалықтар тамсана сипаттайтын мекеннің біріне айналған. Облыстық медицина орталығы маңындағы жағалаудан «Сырдария» ықшам ауданына дейін жалғасатын жаяу жүргінші жолы  қала келбетін келтіріп, түрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Өткен жылы бастау алған құрылыстың біршама бөлігі аяқталып, 2,2 км аралыққа негізделген жолдың 1 шақырымы мәресіне жеткен. Жоспар бойынша, қалған құрылыс күз айларына дейін аяқталатын болады. Бұл бағытта мердігер мекеме «АСАНАС-ДАР» ЖШС барынша жылдам әрі сапалы жұмыс жүргізуде. Аталған жоба тиянақты аяқталса, «Aray city mall» ойын-сауық орталығы, «Nomad» кешеніні мен «Сырдария» ықшам ауданын жалғайтын көлемді нысан пайда болмақ.
Сырлы шам,
жасыл желек
Бұл жолғы бой көтерген жаяу жүргінші жолының жөні бөлек: ақ түсті жарық шамдары, кең аумақ, жасыл желек, әсем орындықтар. Бәрі қала мерейін асырып, тұрғындарға тынығу аймағын қалыптастыруға арналған. Сол себепті де, құрылымы бөлек, сипаты өзге. Мәселен, қалыпты жүргіншілер жолының ені 4-5 метр болса, бұл нысанда жолдың ені 8 метрді құрайды. Мұндай өлшем облыс көлемінде сирек кездеседі. Кең көлемді аймақта веложолға жеке орын белгілеу, тас жолды тарылту секілді әуренің қажеті жоқ. Екі кісі қатар жүруге келмейтін кей жаяу жүргінші жолына қарағанда, бұл жер топтасып өтсеңіз де  кеңдік етеді. Сондықтан, ең басты ерекшелікті, ең ұтымды шешімді көлем деңгейінен аңғаруға болады.
Тіпті, жолға төселетін қырлы кеспенің (брусчатка) сапасы мен төзімділігі де жоғары деңгейде. Мамандар құрылыс материалының ылғалға шыдамды, үгітілмейтін беріктігін баса айтуда. Тиісті күтім мен тазалық шарасы уақытылы жүргізілсе, қырлы кеспе (брусчатка) 10 жылға дейін сыр бермейді, түсін жоймайды. Сондықтан, мердігер мекеме жыл салып қайта қопаруға әуре қылмайтын сапалы өнімді пайдалану аясын кеңейтуде.
Жарық шамдары мен орындықтардың ерекше түрі де тұрғындар көңілінен шығуда. Көзіміз үйренген қара, қоңыр емес, ақ түсті жарық шамының орнатылуы –  нысанның маңыздылығы білдірсе, берік те әсем орындықтар ауқымын айғақтайтын секілді. Ара қашықтықты барынша жиілетіп, жол­дың жарық болуы да назарға алынған. Жоба аясында 50 орындық пен 100 жарық шамы орнатылатын болады. Нәти­жесінде, қызылордалықтарға ақ шамдармен көмкерілген өзге қалада жүргендей әсер сыйлайды. Оған қоса, субұрқақ құрылысы да ерекше сый болмақ. Зәулім субұрқақ үш жерге орнатылып, заманауи суландыру жүйесі енгізеледі. Оның ішінде жаяу жүргінші жолындағы түрлі-түсті субұрқақтың тұрғындарға ұнары анық.
– Көшенің жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, қаланың көркі кіргені жасырын емес. Бұл жерді жабайы өсімдіктер басып жататын, кей маң қу тақыр еді. Енді, міне, гүлзарға айналып, жарық шамдары орнатылып, тынығуға, серуен құруға ыңғайлы болды. Аналар үшін ең қуаныштысы – жаяу жүргінші жолының кеңдігі мен тегіс жасалуы деп айтар едім. Бұл үлкен артықшылық. Себебі, бұрын «Арай» мөлтек ауданынан «Сырдария» ықшам ауданына дейін аяқсу каналы бойындағы жаяу жүргінші жолымен қатынайтынбыз. Балалар арбасымен жүрген аналар үшін сатылар қауіпті әрі жүруге қиындық тудыратын. Қазіргі таңда бұл қиындық та шешімін табуда, – деді қала тұрғыны Гүлжанат Хакімжанова.
Көгалды қала
Игілігі мол құрылыстың тұрғындарға тағы бір тар­­туы – көгалды алқап. Қаланың бас көшесінің бірі әрі адам көп қатынайтын даңғыл болғаннан кейін, тек жолдың кеңдігі аздық етеді. Оған түрлі өсімдіктер мен көрікті талдар сән беруі қажет. Аталған жоба бұл межені де толығымен орындауда. Жаяу жүргінші жолының қос қапталы жасыл желекке бөленіп, түрлі гүлдер мен көрнекі ағаштар отырғызылған. Мердігер мекеме шаһарға егілетін өсімдіктерді арнайы Шымқаладан алдырып, баптау шарасына көңіл бөлеуде. Бүгінге дейін 1 км аумаққа көпжылдық және біржылдық гүлдерден өзге, боз арша, үйеңкі, шырша секілді 1500-ге тарта пайдалы ағаш егілген. Межеленген жоспар әлі мәресіне жетпесе де, нәтиженің көңіл көншітері қазірден білінеді.
– Қала орталығындағы басты жаяу жүргінші жол болғандықтан, барынша сапалы да көрікті етіп жасауға күш саламыз. Байқасаңыз, егілген өсімдіктердің тек көрнекілік үшін емес, қоршаған ортаға пайда тигізуін де көздейміз. Сол бағытта арша, үйеңкі секілді ауаның тазаруына септігін тигізетін талдарды таңдадық. Құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан қала әкімдігінің меншігіне өткізілгенше, өсімдіктерді баптап, суару жұмыстары үздіксіз жүргізіледі, – деді «АСАНАС-ДАР» ЖШС-нің өкілі Шерхан Сәбитбеков.
Мекеме мамандарының сөзінше, өсімдіктерді таңдау барысында адам организмі мен қоршаған ортаға қолайлы, ауаны тазартуға септігін тигізетін ағаш түрлеріне басымдық берілген. Сондай-ақ, жет­кізілген талдарды дер кезінде егіп, қажетті құнарлы дәрумендермен қамтамасыз ету қолға алынған. Нәтижесінде кең ауқымда бой түзеген сұлу гүлдер мен жасыл желектер көз сүйсіндірер көрініс сыйлап, тамаша әсерге бөлейді.
Бүгінгі таңда жаяу жүргінші жолының құрылысына 20-дан астам қызметкер атсалысуда. Олар жарық шамдарын орналастыру, суландыру құбырын жүргізу секілді маңызды кезеңді тиянақтау үстінде. Тиісті қаржы орнымен игерілсе, аталған жол күз айына дейін ел игілігіне берілмек. Қазірдің өзінде жарты ауқымы біткен құрылысқа елдің айтар алғысы ерекше.
P.S. Қала мәдениетінің көрсеткіші көшенің келбетінен, жолдың бейнесінен байқалатыны белгілі. Оған қоса, облыс орталығына келген әрбір қонақтың зәулім ғимаратқа емес, жол жайына қарап баға беретіні тағы бар. Сондықтан, бүгінгі сөз болған дара даңғылдың дидары шаһар көркіне көрік қосып, беделін арттырумен қатар, қызылордалық тұрғындардың масаттана мақтанар нысанына айналары айқын.
Ерсін ШАМШАДИН
Суретті түсірген
Нұрболат Нұржаубай
23 мамыр 2020 ж. 734 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам