Еріктілер қайда жүр?
Биыл волонтерлар жылы. Иә, кез келген істің ұйытқысы, жақсылықтың жаршысы, қайырымды ісімен үлгі көрсетіп жүрген жайсаң жандар жылы. Мемлекет жүрегі мейірімге толы еріктілер ісін жандандырып, қолдау көрсетіп, «БІЗБІРГЕМІЗ» жобасын бастағаны сол-ақ, аяқ астынан тәжді тажалмен күрес басталып кетті. Елде жарияланған төтенше жағдай, карантин режимі барша халықты үйден шықпауға, қауіпсіздік сақтауға негізделді.
Баршаға ортақ міндет
Айтатын несі бар, қауіпті инфекцияның ел ішіне енгенін естігеннен үрейленгеніміз рас. Барлық жұмыс орындары қашықтан жұмыс жасауға көшті. Әп-сәтте, аймақта вирус жұқтырған алғашқы науқас тіркеліп, артынша қатары күн санап артты. Айтпақшы, әуелде тұрғындардың қорғаныш құралдарын таппай, сенделгені бар емес пе? Көпшілік көшеге шығуды тоқтатпай, қайта қорғанышсыз жүргендер көбейген. Бастапқы да, бұл вирусқа аса мән бермей, сенбестік танытқандар да болды. Бірақ, күн санап талап күшейді, тәртіпке бағыну міндеттелді.
Өз кезегінде бұл кесел денсаулыққа ғана емес, эконимикаға, әлеуметтік ахуалға да кері әсерін тигізді. Әр жерде жалданып, бір күндік нәпақасын тауып отырған қарапайым халық үшін табыссыз үйде отыру оңай емес. Мойындағы несиені айтпағанда, ішер ас-суын әрең табатын жағдайы төмен отбасылар өкінішке қарай баршылық. Дегенмен, мемлекет қараусыз қалдырған жоқ. Әлеуметтік жәрдемақы тағайындап, көңілге жұбаныш сыйлады.
Қиналғанда қол созған қайырымдылар
Ал, осындай қысылтаяң шақта қайырымды жандар әдеттегі жолынан жаңылған жоқ. Ізгілікті іске бастамашы болу, ұйымдастыру олардың карантинсіз де күнде жасап жүрген тірлігі. Ол үшін арнайы қаржы бөліп жатқан ешкім жоқ. Бәрі иманы берік жандардың ерікті түрдегі ерлігі. Әйтпесе, бәрінің де отбасы, өз қажеттілігі бар. Әйтсе де, қолдан келгенше жақсылық жасауға ұмтылу азаматтық парыз.
Карантин кезінде дәрігер, полицей мамандар мен әскери қызметкерлерді қоспағанда, ел игілігіне жұмыс істегеннің қатарына оларды да қосыңыз. Иә, еріктілер қайда жүр демеңіз. Олар қашанда маңызды істің басында, шын мұқтаждың қасында. Өздеріне келер қауіпке қарамастан үлгілі іс қылды.
Тегін бетперде
Жоғарыда айтқандай, бетперде тапшылығы болып, тұрғындар тарапынан наразылық болған еді. Көпшілік дәріханадан қорғаныш құралын таба алмай, тапқан күнде де екі есе бағаға сатылғанын айтып, базынасын білдірді. Бірақ, бірі сындарлы сәтте қалтасының қамын ойлағанымен, шын жанашырлар адамгершілік одан да құнды екенін дәлелдеді. Қаладағы кәсіпкерлердің қолдауымен қалалық жастар ресурстық орталығы жаңа бастаманы жүзеге асырды. Ерікті тігіншілердің көмегімен бетперде тігу ісі қолға алынды. Бірі матамен қамтамасыз етсе, ендігісі пішіп беріп, тігіншілер тігумен, еріктілер таратумен айналысты. Соның нәтижесінде тұрғындар көпреттік бетпердемен қамтылды.
Бұл іс сонымен бірге «Dalatex» ЖШС ұжымы бастаған «Жақсылық» эстафетасымен жалғасын тапты. «IZIMFASHION» тігін ательесінің қолдауы, «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған волонтерлардың ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне де бетперде таратып, көмек көрсетті. Оған «Жеңіс» жобасының еріктілері атсалысты. Тегін медициналық бетперде сауда орындары, аялдама, базар, теміржол вокзалы сынды халық көп шоғырланатын жерлерде таратылды. Осылайша, Сыр жұртшылығына еріктілер 2300-ден аса бетпердені тегін таратты.
Бұған қоса тұрғындарға коронавирус инфекциясы, қауіпсіздік шаралары жазылған ақпараттық парақшалар беріліп, вирустан келер қауіп-қатер төңірегінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мұның барлығы еріктілердің ерікті түрде атқарған жұмысы. Ал, игі істің жүзеге асуына аталған кәсіпкерлердің демеуі сеп болды. Барша жұрттың өміріне қатер төнген тұста «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген» кәсіпкерлер мен ерікті жастарымыз жарады. «Өсер елдің қай кезде де бірлік болмақ қалауы» демекші, бірлігі бекем ел болу сонау бабадан қалған аманат. Ал, осындай сын сағатта аманатқа қиянат жасамай, елдігімізді көрсетуден ұтылмасымыз анық.
А.СЕЙІЛ