Кәсіпкерлер төтенше жағдайда тосылып қалмады
Экономиканың қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлік саласына төтенше жағдай үлкен сын болғаны рас. Карантин қиындығында кәсіпкерлігін сақтаумен қатар, елдің жанынан табылып, қиындықты иығымен көтеруге үлес қосқан кәсіпкерлер қатары аз емес. Орайы келгенде қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмасбек Есмахановпен сұхбаттастық.
– Төтенше жағдай қай салаға да оңай тиген жоқ. Оның ішінде елдің табысы, экономиканың қозғаушы күші кәсіпкерлікке тұсау болғанының салқыны сезілмей қалмады. Кәсіпкерлік саласын қолдау шаралары қандай деңгейде?
– Төтенше жағдай кезеңі уақытпен санаспай еңбек еткен елдің тірлігіне тұсау болғаны рас. Қаламызда карантиндік шектеулерге сәйкес 2515 кәсіпкерлік нысан жұмыс жасаса, 1129 нысанда барлығы 366638 кәсіпкер өз жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Дегенмен, елімізде қиын кезеңде кәсіпкерлік саласын қолдау шаралары жүйелі жүргізіліп келеді. Атап айтқанда Үкімет тарапынан бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында нақты шаралар жүзеге асуда. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиенің жоғарғы шегі 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтуда. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасында салалық шектеулер алу және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасында басым тауарлар тізбесін кеңейту жоспарлануда. Аталған бағдарламалар аясында импортқа тәуелділікті азайту мақсатында 1 трлн теңге бөліну жоспарлануда.
Сондай-ақ, кепілдердің жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде орта бизнеске кредит сомасын 1 млрд теңгеге дейін арттыру, ол бойынша 50 процент мөлшерінде кепілдендіру берілетін болады. Микро және шағын бизнес үшін 85 процентке дейін кепілдік берумен несие сомасын 360 млн теңгеге дейін арттыру, жалпы кепілдік беру тетігі жеңілдейтін болады. Шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары салықтан босатылды. Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлердің несиесін төлеу міндеті 90 күнге кейінге шегерілді.
– Дегенмен кәсіпкерлерді қандай сауал мазалайды?
– Төтенше жағдай кезінде қала кәсіпкерлері Үкімет тарапынан шағын және орта бизнеске қол¬дау көрсету, салық жүктемесін азайту секілді қосымша қолдау қажеттігін алға тартуда. Сондай-ақ, кәсіпкерлер жұмыспен қамтуды сақтау және жалақы төлеу мәселелерін көтеруде. Осыған орай 1-маусымға дейін шағын және орта кәсіпкерлік нысандары үшін салықтың барлық түрін, басқа да міндетті төлемдер мен әлеуметтік төлемдерді төлеу кейінге шегерілді. Кәсіпкерлерден өсімпұл есептеу, шығыс операцияларын тоқтату, салық және кеден қарыздарын, әлеуметтік төлемдер бойынша қарыздарды мәжбүрлеп өндіріп алу тоқтатылды. Ірі сауда нысандары, сауда, ойын-сауық орталықтары, кино залдары, театрлар, көрмелер мен спорт нысандары, қоғамдық тамақтану орындары, қонақ үй, туристік қызмет салалары бойынша салық төлеушілерді мүлік салығын төлеуден жыл соңына дейін босату қарастырылған.
– Төтенше жағдай өзімізді жергілікті өніммен қамтамасыз ететін кез келгенін ашық көрсетті. Мәселен, дәл қазір ауылшаруашылық, бақша өнімдерінің барлығы сырттан тасымалдануда. Жергілікті жылыжайлар өнімі қала тұрғын¬дарын қаншалықты қамта¬масыз ете алды?
– Қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округі, Махамбет ауылында орналасқан «КазАгроМир» ЖШС-нің аумағы 2 гектарды құрайтын автоматтандырылған жылыжай кешені іске қосылды. Жобаның жалпы құны 1 млрд 129 млн теңгені құрайды. Жылыжайдан күніне 5 тонна қияр жиналып, төмен бағада сатылуда. Алдағы уа¬қытта жылыжай ке-шеніннің қуаттылығын күніне 10 тонна өнім жинауға жеткізу жоспарланған. Барлығы 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған жылыжай игілігі ауыл тұрғындары ғана емес, қала, аудандағыларға да сезілуде. Тағы бір атап айтарлығы, биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «МТС АС Агро» ЖШС тарапынан жоба құны 800 млн теңгені құрайтын 2 гектар жерге жылыжай кешенін салу жоспарлануда.
– Қандай «Қызылорда өнімін» атап айтар едіңіз?
– Сыр бойында ең басты өнім күріш екені баршамызға белгілі. Бұл ретте «Абзал и К», «Абай-Дәулет», «Най-Мир, «Жан-Арай», «Қызылорда НК» ЖШС өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ «Самұрық Құс фаб¬рикасы» ЖШС-ның жұмыртқасы, «Алтын Орда» ЖШС-ның тұзы, «Смаг Мастер» ЖШС-ның шұжығы, «АВ Invest group»-тің өсімдік майы қалалықтарды сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлес қосуда.
– Елбасы халыққа үндеуінде кәсіп¬керлердің елге көмектесетін кезі кел¬генін айтқан болатын. Бұл ретте Сыр елі кәсіпкерлерінің қиын кезде елге көмектесуден аянып қалмағаны елге белгілі. «Жақсының жақсылығын айт» демекші, төтенше жағдай кезінде елдің жанынан табылған кәсіпкерлердің есі¬мін атап айтсақ артық болмас...
– Сыр кәсіпкерлері төтенше жағдай кезінде ба¬рынша қамқорлық жасады. Тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көрсетіп, карантин кезінде қаламызда қолайлы жағдай жасауға өз үлестерін қоса білді. Атап айтсақ, «Абай-Дәулет» ЖШС басшысы Мұрат Сәрсенбаев 200 отбасыға күріш үлестірсе, «Абу-Сер» ЖШС басшысы Ибрагим Абубакиров 10 тонна күріш, кәсіпкер Қанат Смағұлов 50 отбасыға көкөніс жеткізді. «Сыбаға» ЖШС директоры Лейла Ризванова 200 отбасыға және «Достық» қонақ үйінде орналасқан медицина қызметкерлеріне көкөніс жеткізді. «МұнайТехСервис» ЖШС директоры Дәулет Қайсариев 200 отбасыға, «Дорстрой» ЖШС директоры Мұратбек Тілеулиев 200 отбасыға, «Нұр-Талап и К» ЖШС директоры Қанатбек Керейтбаев 100 отбасыға азық-түлік таратты. «Най-Мир» ЖШС директоры Мейрамбек Сатанов 100 отбасыға күріш таратты. «Мағжан и К» ЖШС директоры Мағжан Ералиев 5,5 млн теңге қаржылай көмек көрсетсе, «Каz-Petrol-Group» ЖШС 12 млн теңге көлемінде облыстың 120 дәрігеріне көмек берді. «Далатекс» ЖШС директоры Дінмұхамед Абызов 14000 тегін қорғаныш бетперде таратып, 1,5 млн теңгеге тұрмысы төмен отбасыға азық-түліктей көмек берді. Сонымен қатар кәсіпкерлер Қайрат Боранбаев «Қызылорда» қонақ үйін, Мырзабай Шалғынбаев «Достық» қонақ үйін медицина қызметкерлеріне пайдалануға берді. Кәсіпкер Мұрат Сәрсенбаев әуежай маңындағы ғимаратты уақытша медициналық нысан ретінде пайдалануға беруге әзір екенін жеткізсе, қаладағы «Белла Виста», «Селена Стар» кешендерінің басшылары да қонақ үйді ел игілігіне пайдалануға беруге әзір екенін айтты.
– Кәсіпкерлік саласын цифрландыру тиімділігі қаншалықты?
– Қаламызда электрондық сауданы дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жобалық басқару шеңберінде 2019 жылы «Облыс бойынша 8 интернет-дүкен құру» жобасы іске асырылып, Қызылорда қаласынан бір «Kitaps.kz» интернет-дүкені ашылды.
Қаламызда электронды саудамен айналысып отырған 28 адамды құрап, қазіргі уақытта тұрақты жұмыс жасауда. Айта кету қажет, 2018 жылы аймағымызда электронды сауда айналымы 325 млн теңгеге жетсе, қала бойынша 319 млн теңге жетіп, облыс бойынша 98,1 процентті құрады. Жалпы, өңірде интернет-дүкендердің аясын кеңейту және насихаттау бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Мәселен, өткен жылы Қызыл¬орда қаласы әкімдігінің қолдауымен кәсіпкерлердің цифрлы сауаттылығын арттыру мақсатында «Қазпошта» АҚ облыстық филиалымен бірлесіп, осы салаға қызығушылық танытқан 200-ден аса кәсіпкердің қатысуымен «Интернет-дүкенді қалай ашуға және қандай құралдармен ілгерілетуге болады?» тақырыбында семинар өткізді. Сонымен қатар, мүдделі мекемелермен жастар жылы шеңберінде электронды сауданы дамыту тақырыбында жас кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырылып, интернет-дүкен ашудың мүмкіндіктері мен артықшылықтары түсіндірілді. Электрондық сауданы дамытудың ақпараттандыру жұмыстарына аясында аймақта тауар өндірушілердің өнімдерін оңтайлы сату жүйесін қалыптастыру үшін «Агробиржа» және «Кәсіпкер онлайн» веб-ресурстары құрылды. Бүгінгі күні бұл сайттарда кәсіпкерлер өз өнімдері мен қызметтерін тегін жарнамалап, өнімдерін жеткізуге өзара келісім-шарттар жасауда. Қазір бұл ресурстарда 1210 кәсіп¬орын тіркеліп, 1000-ға жуық хабарлама жарияланды.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА