ИЛЬИН КӨЛІК ПЕН ПӘТЕР ТУРАЛЫ: МЕМЛЕКЕТ «ҚАЙТАР» ДЕСЕ БӘРІН ҚАЙТАРАМЫН
Әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин өзін «алаяқ» деп айыптайтындарға жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат»ХАА тілшісі.
«Біз өзімізді алаяқ деп есептемейміз. Себебі, біз көп жұмыс істейміз. Тәулігіне толағай еңбек етіп, күніне 30 тоннаға дейін көтереміз. «Алаяқтар» деп меніңше, басқа форматтағы адамдарды айтады. Біз Олимпиада ойындарын жеңіп, мықтылығымызды дәлелдеген кезде адамдар жаппай қуанған болатын. Меніңше, адамдар алаяқтардың ісіне бұлай қуанбайды? Менің айтарым осы. Біз 9-10 жыл бойы өзімізді көптеген дүниеден шектеп келіп, еңбектендік. Біз отбасымызбен бірге өмір сүрмедік. Жас кезімізден спартандықтарға ұқсап жүрдік», - дейді спортшы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Илья Ильин сонымен бірге, өз сөзінде ақшадан да биік құндылықтар барын айтады. «Ақша туралы айтар болсам... Біз ақша үшін жұмыс істемейміз. Бізге не берді - алдық. Әлбетте, жігерлендіреді. Бірақ, мақсат - одан да биік. Осындай сұрақ қойған кезде мен кейде қатты таң қаламын. Бізбен бірге бар-жоғы бір апта залда өмір сүрсеңіздер, таңертеңнен кешке дейін бізбен жұмыс атқарсаңыз, бәріне көз жеткізер едіңіздер. Біз барынша адал болдық. Ел абыройы үшін еңбек еттік. Қиын жағдайға тап болдық. Бірақ, өздеріңіз әлемдегі ахуалды да білесіздер (...) Маған ғана қатысты емес, бүкіл ел болып осындай қиындықты басынан өткізіп жатқан мемлекеттер бар. Бұл жалпы спорттың мәселесі. Сондықтан, бізді алаяқ деп атау дұрыс емес деген ойдамын», - дейді ол.
Спортшы сондай-ақ, спортшылар көбінесе өз жағдайын емес,ел абыройын ойлайтынын жеткізді. «Омыртқа мен жүрекке келген зақым... Біз оның барлығы туралы айтпаймыз ғой. Келешекте кәсіби спортшы болғандықтан, жүрегім ауыруы да мүмкін. Бірақ, оны денсаулығымызды ақшаға сатып алмаймыз. Көлік, пәтер... Мемлекет бізге не берді - соны алдық. Егер мемлекет оның бәрін қайтар десе - қайтарамын!», - дейді Илья Ильин.