Оқыс жайттан опық жемеңіз
Бұрын төтенше жағдай десе ойымызға алдымен не өрт оқиғасы, не суға кету жайттары елестейтін. Соңғы кездері бұл қатарды терезеден құлау дерегі толықтырып тұр. Күн жылына бастағанда жиі орын алатын оқиғаның бірі – осы.
Мамыр айында дәл осындай екі жағдай тіркеліпті. Бірі 3 жасар бүлдіршіннің, екіншісі 5 жастағы қыздың басынан өткен. Көпқабатты үйде тұратын балалар бір сәт ата-анасының назарынан тыс қалған. Кішкентай балақайлардың қолды-аяққа тұрмайтын жыбырлақ, тынымсыз кездері емес пе?! Көзді ала бере, әйтеуір бүлдіріп, бұзып үлгереді. Аса қызығушылығы тағы бар. Шамасы сондай сәттің бірі болар, терезенің алдына шыққан бүлдіршіндер байқаусызда құлап кеткен. Құдай сақтап, екеуі де дін аман, тек жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Осыған ұқсас жайттың 2018 жылы 3 дерегі тіркеліпті. Ал, былтыр 7 бала терезеден құлаған. Өкініштісі сол, 1 жасар бөбек оқиға орнында қаза тапқан. Мамандардың сөзінше, төтенше жағдай болғанда ата-аналар үйінде болған екен. Тек тіршілік қамымен жүріп, бірер сәтке баласын қараусыз қалдырған. Сол екі ортада өзекті өртер өкінішке жол берді. Баланың періштесі қағып, аман қалыпты дейміз-ау, оның кейінгі салдары қандай боларын білмейміз. Жарақатты да жеңіл қабылдауға болмайды. Бүгін болмаса, ертең, әйтеуір бір күні сызы шығады. Оқыс жағдайға жол бермес үшін, мамандар үнемі қауіпсіздік шарасын сақтауды ескертеді. Дегенмен бей-жай қарағанның салдары сан соқтырып жатады.
– Мамыр айының 9-ы мен 17-сінде екі оқыс жағдай тіркелді. 3-5 жас аралығындағы балалар жоғары қа¬баттан құлаған. Екеуі де дене жара¬қатын алып, балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір күн жылы, тіпті кейде аптап ыстық сезіледі. Сондай сәтте терезені ашық қоятын әдетіміз бар. Әсіресе, көпқабатты үйдегі ахуал белгілі. Ауа тар, терезе ашпасыңа амал жоқ. Балаларды да сыртқа шығарып, қараусыз жібере алмайсың. Амалсыз үйде отыруына тура келеді. Ал, балалардың үйге сыймайтыны белгілі ғой. Мүмкін терезеден сыртқа қарағысы келетін болар, мүмкін қызық көріп мінетін шығар, салдарынан оқыс оқиғалар орын алып жатады. Сол себепті тұрғындардан терезе сыртына қорғаныш темірін орнатуды сұраймыз. Қазір осының алдын-алу үшін түрлі құрылғылар шығып жатыр, терезенің айқара ашпай, саңылау беріп, бекітіп қоятын қорғаныш заттары бар. Соны пайдаланса, тіпті, болмаса терезе желдеткішін жоғары орналастырса, оқыс оқиға азаяр ма еді? Қалай десек те, бұған жауапты ата-ана екені белгілі. Сондықтан, олар сақтық шарасына баса мән бергені жөн, – дейді облыстық Төтенше жағдай департаментінің бас маманы Айгүл Нұрманова.
Расымен, маман сөзінің жаны бар. Бәрінің бірдей терезе сыртына темір тор орнатуға мүмкіндігі келмейтін болар. Десе де, әлгінде айтқан терезеден құламау үшін арнайы жасалған бекіткіш құралды алуға кез-келгеннің шамасы жетеді. Қанша дегенмен, бауыр етің балаңның амандығынан артық не бар?
Айтпақшы, мұндай оқыс жағдайдан жапа шегетін тек кішкентай балалар емес, арасында ересектер де бар. Қыстың қырауы қайтып, көктемнің жаңбыры басыла бастаған тұста, көпшілік терезе сүрту үрдісіне көшетіні бар. Сондай сәтте үлкендердің де абай болғаны абзал. Мәселен, 2018 жылғы орын алған оқиғаның бірі – 22 жастағы тұрғын терезе сүртемін деп жүргенде аяғы тайып, құлаған. Түрлі дене жарақатын алған.
Құдай да сақтанғанды сақтайды. Сондықтан бала өміріне, өз өмірімізге бейқам болмайық. Оқыс жайттан опық жемейік.
А.СЕЙІЛ