Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қызылорданың ең көне кітабы

Қызылорданың ең көне кітабы


Рухани жаңғыру – ұлттық мұраларымызды қастерлеп, ұрпақ санасында ұлықтаудың негізгі тетігі болып табылады. Бүгінгідей алмағайып заманда қызылды-жасыл көз арбап, санамызды улап жатқаны соншалық өткенімізге зер салуға құлық танытпаймыз. Алайда, мемлекетттің басты байлығы адам деп қарасақ, адамның тұлға болып қалыптасына құнды көне қолжазбалар мен жәдігерлер оң әсер етері хақ. Тарихын танып өскен елден ұлтын сүйетін ұлағатты ұрпақ тарайтыны белгілі.
Жазу мен сызу – мәдениеті тым тереңде. Ол заман ағымына сай түрленіп, жаңарып отырады. Ғасырлар тарихынан сыр шертер ең ескі кітапты кездестірдік. Ол қаламыздағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы екен. Шығу тегі мен жазылу уақытына қарай ең ескі болып есептелетін бес кітапты біріктіруге тырыстық.
Қастерлі жәдігер – құндылығын жоймайды
Ең ежелгі кітап 1876 жылы араб тілінде жарық көрген «Құран Кәрім». Мұқабасы қалың. Сыртқы бөлігі терімен қапталып, аяттары шөп бояумен боялған. Екінші ескі кітап «Жүсіп – Зылиха» жыры. 1824 жылы Ташкент қаласында басылған. Парсы тілінде жарық көрген құнды мұраның бұл көшірме нұсқасы. Келесісі араб тіліндегі «Мұрат мақсатқа жету» атты дұға кітабы. Біз кезіктірген құнды қолжазбаның тағы бірі Қожа Ахмет Иассауидың Диуани Хикметі. Түрік тіліндегі бұл кітап ұлттық кітапхананың зерттеу орталығына жіберіліп, сонда жан-жақты тексеріліп дәлелденген жинақ.
Қызылорда қаласының Қазақстанның сстанасы болған кезіндегі баспадан жырық көрген 33 кітаптың көшірмесі бар. Түпнұсқасы ұлттық кітапханада көрінеді. Олар араб харпінде жазылған қазақша кітаптар. Алматы қаласынан 1958 жылы жарық көрген екі томдық сары түсті кітап аса қастерлі саналады. Естуімізше, ғалымдар жиі сұратып, ішінен маңызды мағлұматтар алады екен. Басылымда барлығы шынайы берілген көрінеді.
Сонымен қатар, мұнда шағатай тіліндегі «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдар аралығын қамтитын көшірме нұсқасы сақтаулы. Ұлы ойшылымыз хакім Абайдың 11 дана кітабында осыдан табасыз. 600 дана көне кітап мұрасы қорғалған. Жалпы кітапханада 400 мың кітап қоры бар.
Кітап – ғасыр мұрасы
Мұндағы кітаптар түрлі тілде басылған. Қолжазбаларды әлі де толықтырудамыз. Қолжазба кітаптардың басым бөлігі – өлең, діни және тарихи кітаптар. Кітап – мәдениет жауһары. Дәуір – діңгегі. Адамзат ғұмырының мәнді бөлшегіне айналған кітап ешқашан ескірмек емес. Ең ұлы өсиеттердің өзі көктен кітап болып түскен емес пе. Соған қарағанда қасиетті қағазда хикмет бар. Қазақ қашаннан асыл дүниесін кітапқа басып қалдырған. Абайдың «Артық білім – кітапта» дегені тектен-тек емес. Сондықтан аяулы дүниеміздің бағасын білуіміз қажет деп санаймын. Кітап құнын құлдыратып алмауымыз керек бағалаймын. Болашағымыз байыпты, бағдарлы болу үшін алдымен әдебиетімізді әспеттеу маңызды. Пара¬сатты ұлт болудың ізгі жолы әдеби көркем шығармаларда. Сирек кездесетін кітаптар арасында кішкентай кітаптар коллекциясы оқырмандарға аса қызықты. Соңғы уақытта авторлардың қолтаңбасы бар кітаптары мен сыйға тартылған кітаптарын да жинақтаудамыз. Бұл басты байлығымыз, – дейді Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарова.
Мұражай – дәстүр діңгегі
Біздің бай қазынамыздың бірі де, бірегейі мұражай қоры. Адамзат тарихы алғаш археологиялық зерттеулер арқылы белгілі болды. Көне тарих куәсіндей жәдігерлер қоры облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы. Мұражай – халықтың тұрмыс-салтының, мәдениеті мен тарихының, әдебиеті мен руханиятының шырақшысы, дәстүр діңгегі. Мұндағы құнды жәдігерлер өскелең ұрпақтың тарихын терең тануына өз септігін тигізеді. Мұндағы мәдени құндылықтар төрінен тұғыр тепкен ескерткіштер мен өнер туындылары тарих тылсымына тұнып тұр. Түртіп қалсаң тереңнен тін тарқатып, ескі замандардан сыр шер¬теді.
Мұражайда алғаш назарымызды аударған әйел әшекейлері. Ол 2016 жылы Үлкен Қаратау жотасының батысында Шиелі ауданы тұсындағы «Ақмылтық» өзенінің сол жағалауында орналасқан «Бағаналы» қорынан табылған. Б.з.д 2 мыңжылдықтың ортасында яғни Андров кезеңі, қола дәуірінің тұсында болған әйел сүйегінің қасынан қолдан жасалған білезік, теңіз бақалшағы, бас киімге арналған алтын жапсырмалар. Бұл мұражай қорындағы ең ежелгісі болып танылады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған аң стиліндегі атын әшекейді де осында кездестірдік. Соның бірі 2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Шірік-Рабат» қалашығына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жолбарыс табаны бейнесіндегі бұйым.
2005 жылдан бастап орта ғасырлық қалашықтарға қазба жұмысы жүргізіліп келеді. Нәтижесінде 2015 жылы Оғыз астанасы Жанкент қаласынан сырлы құмыра тауып алынды. Археологтардың айтуынша, Хорезмнен әкелінген болуы мүмкін деген болжам бар. Құмыраның астыңғы жағында арап қарпінде жазылған мың ділдә деген сөз бар. Демек оған мың ділдә салынып әкелінді немесе сол бағада сатылған болуы керек. Өйткені, ол замандарда сауда айналымы көп болған. Біз кезіктірген тағы бір құнды жәдігер 2001 жылы Арал теңізінің табанынан алынған диірмен. Европадағы жел диірменінің баламасы болуы ықтимал деген болжам айтылуда. Көне жәдігердің көлемділігі соншалық оны түйе немес өгізбен сүйреу арқылы жүзеге асырған. Мәліметтер дерегіне сүйнесек теңіз табанында бес ғасыр бойы сол қалпында сақталған.

Тарих қойнауы – тұнған қазына
– Мұражай рухани құндылықтарды сақтап, көне замандардан тамыр тартқан құнды қазынамыз. Мұндағы әрбір жәдігер елдің өткен тарихы үшін, тіпті мемлекет үшін маңызды. Атадан балаға аманатталып, көненің көзін көрген тарихи жәдігерлер игілігі халыққа ортақ болғаны абзал. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы руханият әлемінің көкжиегін кеңейтіп, мәдени мұралардың маңыздылығын айқындай түсті. Тарих қойнауында бұғып жатқан мәдени мұралар баршылық. Жәдігерлер ұлтымыздың рухани ордасы. Қазіргі таңда, музей қорында 10 мыңға жуық тарихи орындардан табылған экспонаттар бар. Көне тарихтың куәсі болған жәдігерлер көздің қарашығындай сақтаулы. Зерттеу жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Тарихи-өлкетану музейі тұтас ұлт руханиятының келбетін, ғасырлар шежіресін жан-жақты зерттеп, дәріптейтін құтты мекен. Адамдардың өткен өміріне қатысты түрлі мәліметтерді «тарихи деректер» деп атаймыз. Өз кезегінде тарихи деректер ауызша, жазбаша, археологиялық, этнографиялық және антропологиялық болып бөлінеді. Соның ішінде ауызша және жазбаша деректердің орны ерекше. Түрлі халықтардың әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілігін зерттейтін ғылымды – этнография деп атайды. Этнография гректің этнос – «халық», графия – «жазу, үйрену» сөздерінен құралып, «халықтар сипаттамасы» деген мағынаны меңзейді. Осы орайда, айта кететінін жайт археологиялық зерттеулер арқылы әр елдің өзіне тән салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігіндегі ерекшеліктері туралы мәліметтер мұражай қорында сақтаулы. Қордағы дүниелердің қайсыбірі болмасын ұлт пен ұрпақ алдындағы ұлы құндылық саналары анық. Ол өз кезегінде тарихты танып білуге түрткі болары хақ, – дейді облыстық мұражайдың ғылыми хатшысы Асхат Сайлау өз сөзінде.
Тілші түйіні
Иә, өткеніміз – өсиет, бүгініміз – бағдар, ертеңіміз – еңселі. Оған қазақтай қастерлі халықтың тарихнамасы дәлел. Байырғы бабаларымыз жүріп өткен сүрлеу соны айғақтайды. Көне күннің жарқын жетістігін жазу, тарихқа тағзым етудің ізгі көрінісі.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.
02 маусым 2020 ж. 872 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 432 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам