СЫР МЕДИЦИНАСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛ ЖОБАЛАР
Бүгінде елімізде 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған. Сол арқылы дәрігер қызметінің сапасын арттырып, қолжетімділігін жақсарту секілді шараларға жол ашылды. Сондай-ақ, өлім-жітім себептерінің 52 пайызын құрайтын аурулардың 5 негізгі нозологиясы бойынша Жол картасы бекітілді. Оған жіті миокард инфаркты, қан айналымының бұзылысы (инсульт), қатерлі ісіктер, жарақаттар, жүкті әйелдер мен перинаталдық кезеңнің патологиялары жатады.
Соңғы жылдары аймақта осы ауруларға медициналық көмек жоғары деңгейде көрсетіліп, материалдық техникалық база біршама жаңартылды. Мәселен, былтыр жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңгеге 183, лизингпен 651 млн. теңгеге 28, биыл облыстық бюджеттен 1,7 млрд. теңгеге 77 дана медициналық құрылғыларымен сатып алынды. Соның нәтижесінде емдеу ұйымдарын медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудің көрсеткіші 45,19-дан 73,4 пайызға дейін өсті.
Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметі Жол картасы аясында алынған соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен танысу мақсатында баспасөз турын ұйымдастырды.
Қазіргі кезде «Ана мен бала» орталығында кезде премиум класс құрылғысы арқылы аймақтағы жүкті әйелдердің барлығы скринингтік тексеруден өтеді. Онда туа біткен ақауларды анықтау үшін ультра дыбыстық зерттеуге түседі. Құны 70 млн. теңгені құрайтын құрылғы орталыққа жыл басында жеткізілген. Содан бері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Ол іште жатқан ақауларды көріп, өзгерістерді дер кезінде анықтайды. Сондай-ақ, барлық жағынан зерттеуге зор мүмкіндік береді. Осы мақсатта мамандар Израиль мемлекетінде оқып, тәжірибе алмасып қайтқан. Ана мен бала денсаулығын қорғау үшін орталыққа жыл сайын жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Соның нәтижесінде мұнда соңғы үлгідегі заманауи құрылғылар қатары көбейді.
Содан соң, БАҚ өкілдері қалалық №1 емханадағы соңғы жылдары алынған құрал-жабдықтармен танысты. Бүгінде мұнда қатерлі ісікті ерте сатысында анықтай алатын түрлі құрылғылар бар. Мәселен, былтыр зәр шығару дерті мен сүт безі обырын анықтайтын жабдық әкелінді. Сондай-ақ, осы емханада құлақ, мұрын және тамақ ауруларына дер кезінде шипа табуға болады. Айта кету керек қазір бұл құралдармен барлық қалалық емханалар жабдықталған.
Баспасөз туры барысында журналистер былтыр пайдалануға берілген облыстық балалар ауруханасына бас сұқты.
– Мұндағы сәулелі диагностика бөлімшесінде ультра дыбыстық зерттеу рентген, КТ, МРТ құрылғылары жұмыс істейді. Еліміз бойынша осындай жабдықтар тек Астана, Алматы клиникалары мен Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында бар. Бізге облыстағы 17 жасқа дейінгі балалар келеді. Олардың бас ми, бас сүйегінің және мұрынның қосалқы қуыстарын, өкпе, және көкірек, іш қуысы, тірек-қимыл аппараттарын тексеріп, аурудың түрін анықтап, ота жасаймыз. Оған мұндағы мамандардың біліктілігі толықтай сай келеді, – деді бас дәрігер Зоя Көшенова.
Соңғы жылдары аймақ медицинасының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Айта кету керек, осы айдың өзінде Жаңақорғанда аудандық емхана, Қазалыда аудандық орталық аурухана және 11 медициналық бекет ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.