Алтынның арғы беті, бергі беті
Осыдан 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршін бүгінде жаңа өмірге қадам баспақ. Дегенмен, мектеп кезінде жетістікке жету алдағы өмірдің биік белестерінен көрінуге бастап тұрғандай. Оқушы кездегі ең үлкен жетістік – мектеп мақтанышы, үздік оқушы атану. Бұл үшін талай өрен талмай еңбек ететіні шындық. Кейбірі үздіктер қатарынан алға шығып, озық болғанды қалайды. Ата-ана, ұстаз үмітін ақтап, «Алтын белгі» тағып, алға шығу талай оқушының арманы екені анық. Мектеп ішінен озат шығып, «Алтын белгі» тағу – қашан да зор мақтаныш, үлкен мәртебе болған. Сол талапқа сай болу үшін қаламыздағы мектеп түлектері талпынды. Жүйріктер қатарынан көрінуді мақсат етті.
Талайға арман болған «Алтын белгіні» қаламызда 154 түлек иеленген. Солардың бірі – Диас Бауыржанұлы. Ол – №176 орта мектебінің мақтанышы. Отбасында төрт баланың тұңғышы. Сондықтан болар ол жауапкершілігі мол, сабырлы және өзіне талапшыл болып өсті. Анасы барлық күшін балаларына арнайды. Ата-аналар жиналысынан қалмайды екен. Диастың ұстаздарының айтуынша, ол сыныптастары арасынан тапқырлығымен, терең білімімен ерекшеленеді. Алдын-ала сынақтан өткізу кезінде 100 баллдан төмен жинамаған Диас физика-математика пәнін таңдаған. IT технологиялары, қаржы немесе бағдарламалау мамандығының біріне оқуға түспекші. «Сыныптастарымен жақсы қарым-қатынаста. Біз, ұстаздар, оның жұмсақ мінезі мен тәртіпті екенін айрықша айтып отырамыз. Болашақта Диастың сынақтан сүрінбей өтеріне сенімім мол» – дейді сынып жетекшісі Алмас Байманов.
Немересінің тәрбиесі мен оқуына әжесі Мадина Абдра¬манова көп септігін тигізген. Ол осы мектептің зейнеткер ұстазы. «40 жыл білім саласында қызмет еткен ардагер ұстаз, аяулы әжемін. Елімізде болып жатқан жағдайға қарамастан, шәкірттеріне қуа¬ныш сыйлап, жылы лебіздерін аямаған ұстаздарға мың алғыс. Менің екі немерем осы мектеп табалдырығынан бірі «Алтын белгіні» омырауына тағып, бірі жақсы үлгеріммен аяқтады. Қадыргүл Бердібекқызы бас¬қарған ұжымға айтар алғысым шексіз. Білімді ұстаздардан тәлім-тәрбие алған немерем, алдағы сынақтан жоғары көрсеткішке жетеді деп сенемін. Ол менің алтын немерем» – дейді әжей.
Алда ұстаздардың үкілі үміті ақталып, түлектер үшін кітаптан бас алмай, ұйқысыз өткен түндердің артта қалар сәті. Баланың алаңсыз оқуына мемлекетіміз бар жағдайды жасады. Диастың бұл жетістіктері өздерінен кейінгі іні-қарындастарына үлгі болып, ынтасын оятары анық. Ал өзі үшін өміріндегі алғашқы меже болмақ.
– Білім деңгейіміздің жоғары болуы – ұстаздар қауымының жұмысының жемісі. Ұстаздарымыздың берген сапалы білімінің арқасында ҰБТ-ға дайындық барысында қосымша сабақтарға бару қажеттілігі туындаған жоқ. «Алтын белгі» төсбелгісін алу – біз үшін үлкен құрмет. Енді өзіміз армандаған оқу орнының табалдырығын аттап, көп ұзамай халқымыздың арқасүйер ұл-қыздары болатынымызға сеніңіздер, – дейді Диас Бауыржанұлы.
«Алтын белгі» иегеріне бар білімін үш сағаттың ішінде дәлелдейтін сын сағатқа сәттілік тілейміз. Биік белестерді бағындырып, арман-мақсатына жетуге тілектеспіз. Жас буын әлемнің озық көші мен уақыт талабынан қалмай, биіктен көрінеріне кәміл сенім білдіреміз. 11 жылдық білімнің жемісі алтынның бергі беті болса, ал, ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, үміт ақталса – бұл алтынның арғы беті болмақ.
Наргиза НАРТАЙҚЫЗЫ