Алтын ұя
Жас өренді білім нәрімен сусындатып, танымын кеңейтуде білім мен тәлім-тәрбиенің рөлі ерекше. Қазіргі отыз елдің қатарына қосылуды мақсат еткен заманда өркениет көшінен кейін қалуға әсте болмайды. Еліміздің келешегін оңынан дамыту үшін оқу-ағарту саласындағы оң бастамаларға әрдайым жол ашық. қолға алған жөн. Яғни, шәкірт жүрегіне нұр құйып, жан-жақтылыққа баулитын шаңырақтың қоғам үшін қай кезде де маңызы ерекше.
Осы орайда білім мен ғылымды дамыған заманда, ақпарат пен техниканы ұштастыра отырып балаға озық білім беру – уақыт талабы. Осы үдеден шығу жолында жаңашылдық пен ізденісті басшылыққа алған білім ошағының бірі – Әлия Молдағұлова атындағы №173 орта мектеп. Мұнда педагогтар мен ата-аналар бірлесіп оқушылардың сапалы біліммен сусындауына мүмкіндік туғызуда.
Алғаш 1962 жылы негізі қаланған мектеп бүгінде толайым табысымен танылған іргелі оқу ордасы. Білім бәсекесіндегі үлкен шаңыраққа айналған. Жарты ғасырдан астам уақыт аз емес. Өткені өнегелі шаңырақ бүгінде талай түлекті түлетіп, өңірдің оқу-ағарту саласына сүбелі үлес қосып келеді.
Білім шаңырағы қаламыздағы Титов аймағында орналасқан. Төрт қабатты орта мектептің табалдырығын аттағанда оның жүрекке жылылығы сезіле түседі. Қоңырау сыңғыры, сыныптардағы оқушылардың көңілді дауыстары ғимараттың сәнін келтіріп тұрғандай. Дәлізде көздің жауын алатын, кеудеңді нұрға бөлейтін ақпараттар, оқушылар, түлектер, ұстаздар туралы баннерлерді көруге болады.
«Жақсылық жақсылыққа себепші» дегендей, аталған шаңырақтағы өзгерістер жайлы жазуға барғанымызда жақсы жаңалықты естідік. Мектеп директорлығы қызметіне Гүлмира Қоңырбаева тағайындалған екен. Тәжірибелі ұстаз, іскер басшы Гүлмира Рәсілқызы бұл ұжымға басшылыққа келгелі бір аптаның жүзі болыпты.
Жаңа басшы бізді жылы шыраймен қарсы алды.
– Бүгінгі таңда заман ағымы жас өрендерге әртүрлі бағдар беруге үлкен жауапкершілікті талап етіп отыр. Дарынды бала – бәріміздің мақтанышымыз, сонымен бірге, ол – ортасының өнегесі. Тәрбие ісі озықты үлгі етуге негізделген. Сол себепті балалардың кез келген жетістігін сынып та, мектеп те насихаттап, талабын жандырып отыру әркезде маңызды. Сондықтан да мектептің ішкі-сыртқы техникалық базасы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, заманауи құрылғылармен өрендердің жұмыс жасай алу мүмкіндігі – осының барлығы баланың тиімді білім алуына ықпал етеді. Шәкірттердің жеткілікті деңгейде оқуына барынша жағдай жасаймыз. Облыс орталығында орын тепкен №173 мектептің ұжымы 57 жылдан бері осы бағытта тапжылмай еңбек етіп келеді. Осылайша сапалы білім мен өнегелі тәрбие беретін ізгіліктің ордасына айналды. Алайда, мұнымен замана ағымы тоқтап қалмайды. Оқу ошағының болашаққа деген бағыт-бағдары айқын, мақсаты берік. Сондықтан да ұстаздар еліміздің кемел келешегіне өзінің салмақты үлесін қосатын шәкірт тәрбиелеп, алға жетелейтін дарынды да талапты оқушыларды білім нәрімен сусындатуды жалғастыра бермек, – деді Гүлмира Қоңырбаева.
Қазіргі уақытта мектепте 1451 жеткіншек тәлім алып жүр. Мұнда қазақ-орыс сыныптары бар. Сондықтан өзге ұлт өкілдері саналатын 60-тан астам өрен білім алып келеді. Өрендер 2 ауысымда оқуда. Олардың ішінде алтын ұяның мерейін үстем етіп, мақтанышқа айналғаны көп. Оқушы жетістігі әрқашан ұстазын қуанышқа, шаттыққа бөлейді. Өнерде де, білімде де, спортта да биік белестен көрініп жүрген жеткіншектер мектеп мақтанышы. Солардың бірі – Нұрбек Досанов Түркістан қаласында өткізілген республикалық жасөспірімдер арасындағы чемпионатында үшінші орын, және 13-17 жас аралығындағы облыс біріншілігінде күміс медаль алды.
Сонымен қатар, Саят Тәжібек таеквандодан балалар арасында облыстық, қалалық біріншілікте жеңімпаздар қатарынан көрінді. Жалпы, мұндағы өрендер біліммен қатар спортты да жанына серік еткен.
Мәртебесі биік білім ордасының түлектері көптеген беделді оқу орындарында білім алып жүр. Мектеп мұғалімдерінің қажырлы жұмысының нәтижесінде әрбір оқу жылында білім олимпиадасына қатысқан өрендер жүлдемен оралады.
Қазіргі таңда 152 мұғалім жұмыс істейді. Олардың 21-і жоғары санатты, І санатты бойынша 53, ал ІІ санатты 39 мұғалім бар. Қиыны мен қызығы мол осы жолда талай жылғы еселі еңбегі еленгендер жетерлік. Мектеп мұғалімдері өздерінің біліктілігін кәсіби педагогикалық қалалық, облыстық, республикалық байқауларда жоғары көрсеткішпен дәлелдеп жүр. Мәселен, Баян Салходжинова «Жаңартылған білім беру бағдарламасында инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы білім сапасын арттыру жолдары» тақырыбында шығармашылықпен айналысып жүрген ізденімпаз, жоғары санатты, қадірлі ұстаз, ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Ал, Ғалия Шайхутдинова «Білім мен ғылым интеграциясы болашаққа нық қадам» атты конференциясында әдістемелік шеберлігімен көзге түскені үшін дипломмен марапатталған. Сонымен қатар, ол Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, сапалы ұрпақ тәрбиелеуге қосқан ерен еңбегі үшін «Құрмет» медалімен марапатталған ұлағатты, жоғары санатты ұстаз.
Оқушылардың білім деңгейі жыл сайынғы түлектер арасында өтетін ұлттық бірыңғай тест кезінде таразыланып келеді. Мектеп түлектері ҰБТ дан жақсы нәтиже көрсетіп, абыройы асқақтай түсуде. Бітірушілер 2017-2018 оқу жылында ҰБТ қорытындысы бойынша орташа есеппен 102,7 балл жинаған. Соның нәтижесінде 49 мектеп ішінен алғашқы ондыққа еніп, 6 орынға иеленген. Бұл – ұстаздардың ерен еңбегінің жеңісі. Осы оқу жылы мектепті 32 оқушы аяқтаса, соның ішінде 26 оқушы грант иегері атанған. Олар еліміздің әр қаласында білім алып жатыр.
Білімнің биік мінберінен ойып орын алған мектеп ұжымы осылайша өркениетті заманның талап үдесінен шығу жолында әркез талмай еңбек етуде. Себебі, мұнда өз ісіне адал берілген майталман мамандар мен кемел келешегім – білімде деп ұғынатын ынталы шәкірттер бар. Расында, сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға жағдай жасау арқылы аталмыш саланың серпінді дамуына ықпал етуге болады. Талай тағдырларды тоғыстырған оқу ошағы біраз түлегін түлетіп, алтын ұядан жүздеген мыңдаған өмір жолына жолдама алды. Осы уақыт аралығында мектеп азды- көпті жетістікке жетіп, биік белестерді бағындырды деп нық айта аламыз.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.