Түкті кілем тоқитын әулет
Айдарлы аулына алғаш баруым. Ауылдың шеткі көшесі – Қ.Сәтпаев №23 үйге келдім. Мақсатым – кілем тоқу ісінің шебері Роза Әлбатырова апамен жүздесу. Және талайға таңдай қақтырған, таңдандырған кілем тоқу өнерімен танысу еді. Үлкендерден «кілем тоқи аласыз ба?» деп сұрасам, «жасымда тоқып көргенмін, қазір қайдан? Нағыз еңбекті қажет етеді. Көз майыңды тауысып, беліңді сыздатып, бәрін есептеп отыру оңай емес», – дейтін. Шаңыраққа сұлулық та, жылулық та беретін кілем тоқу барысына көз жеткіздім.
Апай өмір бойы кілемшімін деп бастап өзін таныстырды. 6 жасымда маған арналып кілем тоқылды, соны бірге тоқып, үйренуді бастаған. Кейін ауылда тұрмыс қажетін өтеу комбинатында жұмыс істеген. Біраз тарихи сәттің куәгері болған. Бұрын ұлттық нақыштағы, дәстүрлі ою-өрнекпен көмкерілген кілемдерді тоқыған екен. Бүгінде, шебер ерекше кілем тоқып жатыр екен. Яғни, Елбасының 80 жасқа толу құрметіне картина кілем. 2,3 форматындағы «Ұлы даланың ұлы перзентіне» деп аталады.
Өнімді тоқып жатқан әжемізге қолқабыс көрсететін, бас шебер Салтанат Әбдіраманова, Роза Әбілханова және әжеміздің кенже келіні Жарқынай Жарболова. Картина-кілемнің жоғарғы жағында екі қанатты барыстың суреті, төмен жағында екі қанатты таутеке бейнеленген. Онда Сыр бойының төл тарихы көрсетілген. Қорқыт бабаның ескерткіші, түйе-керуен, Қорқыт бабаның бейнесі, Сыр-Ана монументі бейнеленген. Ал қолданылған түстеріне келсек, жеріміздің өзі сортаң, жосалы болғандықтан соған лайықты түстерді таңдаған екен. Ал, кілемнің негізгі бөлшегі жіп екені белгілі. Осы тұста еліміздегі карантиндік жағдай өз септігін тигізбей қоймаған. Жіпті Алматы, Тараздың базарынан алады екен. Сонымен амалдап жіп алдырып, бастағанын айтады. Қазақтың түкті кілемі өте қиын, тықыр кілем тоқу жеңілдеу көрінеді. Бұрын тоқып жүрген кілемдерді бір айда тоқып бітірсе, бұл кілем күрделі болғандықтан, 20 мамырдан басталып, 1 шілдеде аяқтай алатынын айтады. Қазір жартысы қалды, енді күніне 24-25 шалымнан жүріп отырса, ойдағыдай аяқталады екен.
«Жылына оннан астам кілем тоқимыз. 10-сыныпта тоқыған кілемім осы күнге дейін өңін бермеді. Қолдан жасаған дүние сапалы болады. Сонымен қатар, бір тал қыл қойдың жүні бойына сонша көп микробтарды жұтады екен, біз микроб дейміз ғой. Ал мынау біздің синтетика паластарымыз, кілемдеріміз өзінен тебеді», – дейді Роза апа.
Шеберлер одағының мүшесі ұлттық қолөнер көрмелерінде жиі болтынын айтады. Сонымен қатар, шетелдіктер де апамыздың қолынан шыққан дүниеге қызығушылық танытып, сатып алған сәт болғанын айтады. Сапалы кілем шығу үшін құралдары сенімді болу керек. Менің көзіме түскен құрал тарақ (тоқпақ) деп аталады. Жиде ағашынан жасалады екен. Өзі өте мықты, атқаратын қызметі де ерекше. Апаның көзіне ыстық, әрі бала күннен келе жатқан серігі.
Алтын қолды шебердің туындыларына көбіне кәсіпорындар мен жеке адамдар тапсырыс береді. Ұзындығы – 5 метр, ені – 3 метрлік бір кілемнің құны – 300 мың теңге тұрады. Осындай бір кілемді тоқу үшін 30 келі қой жүні кетеді екен. «Жалпы қазақ кілемдері табиғи таза дүние, ал сапасы ештеңемен салыстыруға келмейді, – дейді шебер.
Бүгінде ол шеберлігін шәкірттеріне үйретуде. Негізгі кәсіпке қоса, құрақ көрпелер мен естелік сыйлықтарды жасауды жолға қойған.
Наргиза НАРТАЙҚЫЗЫ