КІЛЕМ ТОҚУШЫ ЗУХРА

Расында үйдің сәнін кіргізетін – кілем. Тарихқа үңілсек, бұл дүние – Ұлы Жібек жолы бойымен тасымалданған маңызды тауарлардың бірі болған. Оған қоса ақсүйектер бір ел мен екінші елдің татулығы үшін кілемді тарту-таралғы ретінде сыйға береді екен. Қазақ халқында оны тоқу – өте ертеден келе жатқан қолөнер. Ол тоқылуына қарай әртүрлі болып бөлінеді. Қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан да түкті кілемнің өзі бірнеше түрге бөлінгенін айтады. Әсіресе, орта ғасырда көздің жауын алатын орда, қалы, масаты, жібек, бұхар, терме, түрікмен, сарыаяқ, парсы, шешенгүл кілемдер болған.
Қазақ халқының табиғаты мен болмысын жетік білген жазушы, қас батырымыз Бауыржан Момышұлының шетелдік журналистке берген сұқбатында өзіне қойылған «Қазақ халқының саз өнерінде нота болды ма?» деген сауалға былай деп жауап берген екен. «Болды деп есептеймін. Мынаны қараңыз! Менің бала кезімде өрмек тоқып, киізге түр салып отыратын әжем мен анам үнемі ән салып отыратын. Ал, әлгі жұмысын тоқтатса, ән де тоқтайтын. Осыған қарап, мен олар әнді ою-өрнекке қарап салған деп ойлаймын» деп ағынан жарылыпты. Қарап отырсаңыз, ертеде нәзік жандылар ою-өрнекті де, қолөнерді де табиғат көріністерімен ұштастырған. Сұлу табиғат бабалардың эстетикалық танымын кеңінен молайтты, тағылымды талғамын арттыра түсті.
Әрбір ою-өрнектен кең-байтақ еліміздің биік таулары мен жасыл жапырақты ормандардың сұңғыла көрінісін, даламызға әсемдік сыйлап тұрған жайқалған гүлдерін, көзіңді де, көңіліңді де ғажайып сұлулыққа бөлейтін құс төресі – кербез аққуын, ақиық сұңқарын, әнші бұлбұлын, ботаның көзіндей боп мөлдіреген сұлу көлдері мен сарқырай аққан өзендерін аңғарасыз. Міне, табиғаттан аумайтын талай тамаша тоқыма бұйымдардың үлгілері дүниеге келді.
– Кілемді жерге жайсаң – төсеніш, қабырғаға ілсең – сән, – дейтін әлі күнге дейін үйінде кілем тұтынатын, оның қадірін білетін қолөнер шебері Зухра Тасболатова. Кейіпкерімді Астана қаласында өткен Қызылорда облысының мәдениет күндеріндегі көрмеден кезіктірген болатынмын. Сол шарада ол өзінің туындыларымен көпшіліктің көңілінен шыға білді. Қазақы оюланған кілемдері көздің жауын алды.
Ол Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төменарық ауылының тумасы. Бала күнінен түкті, тықыр кілемдер мен алашаларды тоқумен айналысады.
– Негізі, бұл қасиет анамнан дарыған. Марқұм анам осыдан 1-2 жыл бұрын дүниеден озды. Оған дейін кілем тоқыған сәтімде әркез жанымда болып, ақылын айтып отыратын еді. Мектеп бітірген соң қолөнер туындысынан көрмеге қатысып, көзге түстім. Сөйтіп, осы өнерімді тастамай күнделікті тірліктің біріне айналдырдым. Бірақ, кілем тоқу оңай емес. Еселі еңбекті, уақытты қажет етеді, – деді шебер иесі.
Расында да кілем тоқу барысында халық арасында өзіндік салт болған. Мәселен, кілем тоқылып жатқан үйде қой сойылып, оның арты бір мерекеге ұласатын. Оны тоқуға ауылдағы қыз-келіншектерді асарлатуға шақырған. Сөйтіп, көптің арқасында бұл жұмыс та аяқталатын. Қолөнер шебері кішкентай кезінен осы көріністі көріп, анасының жасағанын қайталап бойжетті. Бүгінде ол аймақтағы қолөнердің дамуына бірден-бір үлес қосып келе жатқан маман болып табылады.
– Қазір көп адам үй қабырғасына кілем іле бермейді. Ал, оның өз қасиеті бар. Ол тұтынуға төзімді, оңайлықпен тозбайтын, жыртылмайтын, шаң-тозаңнан тез тазартылатын, ылғалдық пен құрғақшылықты елең қылмайтын, күйе түсуден де қорықпайтын аса бағалы мүлік. Оны алтын, күмістен қымбат бұйымдар сияқты баршылықтың, байлықтың бір белгісі деп білген. Сондықтан мен әлі күнге дейін үйімде кілемді пайдаланып келемін, – деді ол.
Кейіпкеріміз кілемді тоқу үшін арнайы құрал-сайманы болатынын, оған да жіті назармен қарайтынын айтты. Сонымен қатар, кілем түрлеріне тоқталды. Айталық, түкті кілем – бірнеше қабаттан тұрады. Тықыр – бір өріс жібінен бір қабатты екі жақты тығыз етіп тоқылады. Аралас кілемнің түгі қырқылмайды, тек арасында жартысы қырқылуы мүмкін. Ал, тері кестелі өрнек кілем – тоқыма емес. Яғни, түгі тігілмелі, шыбықшалы, желімді, тұскиіз, ою-өрнек салынған тері кестелі өрме болып келеді.
Осы күндері шебер иесі жайнамазды қазақы кілем секілді етіп тоқып жүр. Сондай-ақ, 1,5-2 метрлік кілемді де қолға алуда. Бір кілемді тоқу үшін метріне қарай 1 айға дейін уақыт кететін көрінеді. «Неғұрлым асықпай тоқыған дүние соғұрлым сапалы шығады» дейді ол.
Қазақы салт-дәстүрді бойына сіңірген Зухра бүгінде отбасында 5 ұлды тәрбиелеп отырған аяулы ана. Ұлдары болса да, осы өнерге баулыған шәкірт қыздары бар. Өйткені, ол №53 А.Романов атындағы мектептің жаныан ашылған «Қолөнер үйірмесінде» жетекшілік етуде.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.





