Бұл – біздің қала!
Бүгінде Сыр елінің бас шаһары жылдан-жылға көркейіп, абаттанып келеді. Әсіресе, жадыраған жаз айында мөлдіреп сан түсті шұғыласы көкке шашыраған субұрқақ, көше көркіне ажар беретін гүлге оранған сквер мен алаңқай бір сәт әдемі сезім сыйлап, жансарайыңды шуаққа толтыратыны қандай керемет! Жайнаған гүлдерге қарап, жанында асыр салып ойнаған балақайлардың бақытты келбетін көріп, кеудемізді шаттық пен мақтаныш кернейді. Шынында, соңғы жылдары туған қаламыз өркен жайып, жасыл желекпен көмкеріліп келеді. Сәулеті мен сәні, дәулеті мен гүлзар бағы тамылжыған қаланың табиғи тіршілігі жанданып, құлпыра түсуде.
Менің қалам гүлге оранған дестелі,
Мамыражай шақ сыйлайды кештері.
Кемел тірлік өркен жайған қалада,
Қандай ғажап жас шыбықтар өскені!
Менің қалам – болашақтың ұраны,
Сырдария – бұл шаһардың тұмары.
Сыр бойынан қанат жайған қалаға,
Сырдың суы сәуле шашып тұрады.
Зәулім үйлер бой түзеген көкпенен,
Қиял самғар сұлу Сырда көк дөнен.
Жастар жағы гүлзар бойлар жымыңдап,
Мақпал түнгі жұлдыздары өшпеген.
Иә, шынында осы ғажаптың бәрі көз алды¬мызда болып жатыр. «Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» дегендей, қаланың шырайы жасыл тіршілікпен көрікті. Осы орайда жас талдың жанын кіргізіп, желегін жайқалтып, оған өмір беретін әрине, аяқ су екені белгілі. Сылдырап аққан судың нәрі жапырағы жайқалған талдардың тамырына қуат береді. Ол экологияны жақсартады. Қала орталығындағы арық жүйелерін Жібек жолы, Сарқырама магистралды каналдары аяқ сумен қамтиды. Бүгінде ұзындығы 54,6 шақырым арық жүйесі мен 31,3 шақырым 19 канал бойында 13 насос қондырғысы жұмыс жасауда.
Сонымен қатар, қаладағы жасыл желектерді суғаруға арналған арнайы жер асты ұңғымасы іске қосылған. Көше бойындағы бітелген аяқ су өткізгіш құбырды арнайы техникамен тазалап, жарамсызын ауыстырумен «ҚызылордаТазалығы» ЖШС айналысады. Осындай бірлескен тыңғылықты жұмыстың арқасында Абай, Назарбаев даңғылы бойы мен 25 аллея, сквер аумағына егілген тагетис, бархатцы, катарантус, филозит, целозия, пеларгония, цинни мен алқызыл газон гүл дестелері қала көркін ашып, айналаға жұпарын шашып тұр. Тұңғыш Президент саябағына отырғызылған ақтерек, көк терек, сыр талдары, Абай даңғылына егілген декоративті люгустурм көшеттері өркенді қаланың ажарын айшықтап тұр.
Сондай-ақ, «ЗеленСтрой», «Әл-Арқа жолы» серіктестіктерінің Сыр елінің өнер тарланы Батырхан Шөкенов атындағы саябаққа отырғызған 800 терегі мен 80 түп шыршасы мұнда серуендеуге келген тұрғындар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, туымды перзенттің мәңгілік өмірін паш етіп тұрғандай.
Төл перзенттері туған қалаға құрмет ретінде тал егіп, қолтаңбасын қалдырып жатқаны да жарасымды тірліктің бірі. Қоғам белсендісі Болат Нұрхожаев – өмірін өнегемен өрнектеген, елжанды, нағыз патриот жан. «Гүлденсе қала, гүлденеміз бәріміз» деген ұстанымды басшылыққа алған азамат өзі тұрып жатқан қаланы гүлдендіруге атсалысып жүр. Ол өз қаражаты есебінен Н.Назарбаев даңғылы мен С. Бейбарыс көшесінің бойына ағаш көшеттерін отырғызып, көпшіліктің алғысына бөленуде.
Екі ғасырды артқа тастаған бас шаһардың шырайы шұғыла шашып, даңқ пен мерейі тасып, болашаққа құтты қадам басып барады. Бұл – біздің қала!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА