ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті қызылордалықтар!
Сіздерді Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бас қаламыздың көз сүйсіндірер келісті келбеті күн санап көркейіп, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың батыл ойлары мен халқымыздың қажырлы еңбегінің жемісі бүгінде барша қазақстандықтардың мақтанышына айналып отыр.
Біз еңселі Елордамыздың 20 жылдық мерейтойын зор мақтанышпен атап өтпекпіз. Өйткені, сәні мен салтанаты келіскен заманауи Астанамыз күннен күнге көркейіп, жаһанға тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатуда. Шығыс пен Батысты байланыстырған, Еуразияның жүрегі саналатын Астана қарышты даму үстінде.
Қазақстанның алғашқы астанасы, Қызылорда қаласы да биыл 200 жылдығын тойлап жатыр. Сыр елінің бас шаһары гүлденіп келеді, Астанаға қарап бой түзеп, даму үстінде. Біз Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа қаланың құрылысына кірістік. Заманауи үлгідегі жаңа қала құрылысы бұрынғы қаланың жасарып, жаңаруына, аймағымыздың өркендеуіне тың серпін береді деп сенеміз. Пайдалануға берілетін алғашқы нысандар қос қаланың мерейтойларына лайықты сыйлық болады.
Осы бір қуанышты сәтте барша сырбойылықтарға бақытты да баянды өмір, зор денсаулық, жемісті еңбек және шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Астана қаласының келешегі кемел, болашағы баянды болсын! Туған қаламыз Қызылорда көркейе берсін!
Құрметпен,
облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.