Жұмыссызға таптырмайтын жоба
Жұмыссыздық – қоғам дерті. Сондықтан да бүгінгі күні жұртшылықты жұмыспен қамту күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналған. Яғни, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту негізгі міндет болып табылады. Осы мақсатта «Жұмыспен қамтудың жол картасы жобасы» жүйелі түрде жүзеге асуда. Себебі, тұрғындардың әлеуеті жақсармай, жұмыссыздар саны азаймай, еліміздің алға қарай қарыштап дами алмайтыны, экономикамыздың көтерілмейтіні белгілі. Аталған бағдарлама аясында жұмыссыз жүрген жандар үшін екі қолға бір күрек табуға мүмкіндік жасалды.
Қызылорда қаласында осы бағдарлама бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, жоба шеңберінде жүзеге асырылатын шараға 18 млрд теңге бөлінген. Соның негізінде 98 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 111-і жол жөндеу, 62-сі тротуар төсеу, 6-ы тозығы жеткен ғимараттарды жаңғырту, 4-еуі балалар ойын алаңын салу және өзге де жұмыстар. Осы жобалар негізінде 4 523 жаңа жұмыс орны құрылмақшы. Оның 50 проценті, яғни 2 262-не жұмыссыз азаматтар тартылуы тиіс.
Бүгінгі таңда қарқынды тірлік бастау алды. Мәселен, 15-ші маусымнан бастап, өңірдегі халық көп шоғырланатын орындарда, нақты тоқталатын болсақ, «Жайна», «Айтбек» және «Small» сауда орталығы, «Универсам» мөлтек ауданындағы «Қызылорда» супермаркеті, «Титов» мөлтек ауданындағы «Бірлік» сауда үйі, қалалық мәдени және демалыс паркінің, №3 қалалық емхана, №43 орта мектептің және «Шұғыла» мөлтек ауданындағы «Ақмешіт» колледжінің алдында мобильді жұмыспен қамту орталығы қызметін бастады. Осы қызметті ұйымдастыру нәтижесінде 400-ге жуық қала тұрғыны жоғарыда көрсетілген жобаға қатысуға ниет білдірген. Демек, жұмыссыз жандар шарапатын көруде. Соның бірі Данияр Иманбеков «Абзал Проект Консалтинг» ЖШС-не жұмысшы болып орналасқан.
– Бүгінде бағдарламаның оң нәтижесі көп. Себебі, қарапайым халық игілігін көруде. Екі қолға бір күрек таппай, жұмыс іздеп жүргендер жұмысқа орналасты. Жақында осы жобамен танысып, орталыққа келіп жұмыс сұрадым. Жол жөндеу жұмыстары бойынша жұмысшы болып орналастым. Айлығымыз уақытылы, көңілімізден шығады. Еңбекпен қамтылған таныстарым жеткілікті. Олар да бағдарлама арқылы нәпақасын тауып, ризашылық білдіруде, – дейді Данияр Иманбеков.
Қала тұрғындарына осы жоба жөнінде толыққанды мәлімет беру үшін 27-79-94 қызметтік телефоны жұмыс жасауда. Бүгінгі күнге дейін аталған телефонға 1000-нан астам қала тұрғыны хабарласып, ақпарат алған. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде 734 жұмыссыз азамат еңбекпен қамтылған. Жұмысшылардың еңбекақысы мамандықтар бөлінісіне сәйкес, 85 мың теңгеден бастап 230 мыңға дейін қарастырылған.
Бүгінгі күні 1 591 бос жұмыс орнына сұраныс бар. Жобаға қатысқысы келген азамат Қызылорда қаласы, Сүлейменов көшесі №70 ғимаратта орналасқан «Бақытты отбасы» орталығына барып, бос жұмыс орнына жолдама алуға мүмкіндігі бар. Сондықтан қазіргі кезде жұмыссыз жан есебінде тұрсаңыз, осы мүмкіндікті пайдалануға әбден болады. Қандай жұмыс болса да, еңбек етіп, нан тапқанқа не жетсін!
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ