Вирус жұқтырған науқас босаңсымау керек
Соңғы кезде табан астынан бойын әлсіздік билеп, тұмауратқандардың саны артуда. Бұрынғы тұмау белгісінен өзгерек симптомды байқаған жұртшылықта қорқыныш басым. Алғашқы белгілері байқалғаннан-ақ, коронавирустан үрейленіп, қандай емдеу шарасы қажеттігін біле алмай абдырап қалуда.
Сондықтан тұрғындарға қажетті ақпаратты сала мамандарынан сұрағанды жөн көрдік.
№1 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Бердімағанбетова:
– Бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артуда. Бұл тұмауға ұқсас болғанымен, симптомы өзгеше, салдары ағзаның әлсіреуіне әкелетін жағдай. Сондықтан оның алғашқы белгісі біліне бастағаннан ем-дом шарасын қолға алу керек. Қазіргі таңда ауру бірінде симптомды бірінде сипмтомсыз жүруде. Симптомсыз және симптомды вирустың жеңіл түрімен ауырған науқастар 14 күн үй жағдайында оқшауланады. Оларға дәрігерлер бақылау жүргізеді. Аталған уақыт ішінде тест сынамасы алынып, нәтижесіне қарай шара қолданылады.
Тәжді вирустың алғашқы белгісінде құрғақ жөтел, тамақтың қышуы, тершеңдік, делсал күйге түсу, бас ауру, асқа тәбет болмауы байқалады. Бұл қауіпті кеселдің жеңіл түрі саналады. Сондықтан осы кезеңде оны емдеп, жазуға мүмкіндік бар. Дене қызуы 37,5-38 градус аралығында болса, оны түсіруге тырысудың қажеті жоқ. Себебі ағза аурумен өзі күреседі, әрі жиі-жиі жылы су ішуді әдетке айналдырған жөн. Бас ауруы мазаласа парацетамол, ибуфен ішіңіз. Десе де бұл кеселге антибиотик қолданудың қажеті жоқ.
Маманның сөзінше коронавирус ауруы өздігінен өзгеріске ұшырап отырады. Оның нақтыланған емі жоқ, әлі зерттелу үстінде. Сол себепті бұған дейін инфекция жұқтырғандар бұл кезеңнен өттім деп босаңсымауы керек. Сонымен бірге үрейге де бой алдырып, қорықпау қажет. Есесіне ағзаның кеселмен күресуіне мүмкіндік берген абзал. Ол үшін үнемі позитивті көзқараста болып, өз-өзіне психологиялық тұрғыда демеу болу, өкпеге жаттығу жасау, қимыл, қозғалысты сақтау керек.
Дайындаған А.СЕЙІЛ