Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » №5 қалалық емхананың инфекционист-дәрігері Ғалия Мірманова: Індеттің бар екеніне сену-сенбеу емес, сақтану маңызды

№5 қалалық емхананың инфекционист-дәрігері Ғалия Мірманова: Індеттің бар екеніне сену-сенбеу емес, сақтану маңызды


Дәрігер – адам өмірінің арашашысы. Жаны қиналып, дертіне дауа іздеген адамға бұл кісінің құтқарушыдай көрінетіні анық. Міне, осындай сан мыңдаған адамның құтқарушысына айналған ақ халатты абзал жандар еңбегі қашанда бағалы. Әсіресе, қазіргі кезде елімізде қауіпті індет тараған уақытта олардың абыройы арта түсті. Халықпен бірге екендігін дәлелдеп, белсене жұмыс жасады. Қызметіне деген адалдығын дәлелдеп, тәуекелге барды.

Еңбектері еленеді
Бүгінде дәрігерлердің жұмысы қызып жатыр. Себебі, дәл қазіргі шақта емхана мен ауруханаларға қызуы көтеріліп немесе тұмаумен ауырғандар көптеп келуде. Олардың барлығына қызмет көрсетіп үлгеру қажет. Міне, осы шақ – ақ халатты жандарға сынақ. Осындай қарбалас жұмыстың арасында №5 қалалық емхананың инфекционист-дәрігері Ғалия Мірмановамен сөйлесудің сәті түсті.
– Елімізде төтенше жағдай режимі басталғалы дәрігерлердің жұмысы қауырт. Дегенмен, қауіп пен қатерге де толы болып тұр. Бұл – бізге берілген үлкен сынақ, ауыр жүк. Жұмыла еңбек етудің нәтижесінде бұл қауіпті індетті жеңеміз, күресеміз. Алайда, халық арасында кері пікір тудырушылар бар екенін естіп отырмыз. Індеттің бар екеніне көпшілік сене бермейді. Осы орайда, маман ретінде айта кетейін, бұл дерт 1960 жылдан бері бар. Коронавирусті инфекция деген жедел респираторлы вирусты инфекциялардың қатарына жататын түрі. Нақты ақпараттармен университет кезінде, мамандық арттыру кезінде де оқыдық, таныс болдық. Қазіргісі мутацияға ұшыраған вирустың түрі деп айтылып жатыр. Коронавирус инфекциясының елімізге тарағанын мен де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп білдім. Алғашында қорқыныш сезімі болды. Кейіннен үйреніп кеттік. Бүгінде науқастарды көбейтіп алмау мақсатында жұмыс жасап жатырмыз, – дейді инфекционист-дәрігер.
Иә, әлемді шарпыған Covid-19 індеті елге келгелі дәрігерлер күн-түн демей еңбек етіп жүр. Көрінбейтін жауға жанкештілікпен қарсы тұрып, жұмыс істеп жатқандардың еңбегі ерекше.
– Бізге берілген міндетті толық орындап, абыроймен атқаруға тиістіміз. Дегенмен, инфекционист - дәрігерлер нағыз ерлік жасауда. Олардың жұмысы расында қауіпті. Бірақ антына адалдық танытып, халыққа тиісті көмекті көрсетуде. Біз емханада қызуы көтеріліп келген науқастарды қабылдаймыз. Әрине, қорқыныш сезімі бар. Себебі, бүгінде аймақта жұқтыру саны артып отыр. Емханада  қаулы бойынша жедел-жәрдем дәрігерлерімен, фильтр кабинеттің медбикелерімен ай сайын тексерістен өтіп отырмыз. Осы уақытқа дейін екі рет тексерілдік. Аллаға шүкір, қорытындысы теріс нәтижені көрсетті. Халықпен жұмыс жасағандықтан барынша сақ болуымыз және талапты орындауға міндеттіміз, – дейді ол.

Симптомы жоқ науқастан да ауру жұғады
Мойындаған жөн. Халық әлі де қауіпті індеттің бар екеніне сенбей жүр. Тіптен қазіргі сәтте оның екі түрі пайда болды. Симптомды және симптомсыз науқастар анықталып, оларға қажетті ем-шара көрсетіліп жатыр. Алайда, тұрғындар арасында түсініспеушілік те жоқ емес. Осы тұрғыда маманның пікіріне де құлақ түрген жөн.
–  Симптомсыз деген ешқандай клиникалық белгісі жоқ аурудың түрін айтады. Мұны басқаша вирус тасымалдаушы деп те айтады. Адамда ешқандай клиникалық белгісі байқалмайды. Алайда айналасындағы адамдарға жұқтыру қаупі бар. Осындай науқастың түрі де көбейіп жатыр. Дегенмен, симптомсыз түрі деп отыра беруге болмайды. Адам өзін-өзі бақылау қажет. Әр адамның иммундық деңгейіне байланысты қандай да белгі пайда болуы мүмкін. Симптомсыз науқасты 14 күн бақылағанның өзінде де еш көрініс болмауы керек. Сол адамды біз «Симптомсыз науқас» деп атаймыз. Көбінесе 20-59 жас аралығындағы тұрғындардың ауруы симптомсыз және жеңіл түрде өтеді. Бірақ, ол кісілер эпидемиологиялық тұрғыда қауіпті. Симптомдары бар адамдарда дене қызуы, жөтел, бас ауруы секілді клиникалық көріністері болады. Әсіресе жөтелген, түшкірген адамдар аса қауіпті. Олар өз сілекейімен бірге вирусты ауаға, қасындағы адамға шашыратуы мүмкін. Вирустың сыртында майлы қабыршағы болады, сондықтан бұл вирус адамға жабысқақ болып келеді. Сондықтан да қолды сабынмен жуу және спиртпен сүртіңіз деп жиі айтамыз. Себебі, спирт пен сабын майды ерітіп жібереді, – деді Ғалия Мірманова.

Біздің денсаулығымыз өз қолымызда
– Дене қызуы, жөтелі бар азаматтарды тексеріп, емдейміз. Өкінішке қарай, денсаулығына немқұрайлы қарайтын, дәрігердің нұсқауын орындамай, шыдамдылық танытпайтындар бар. Біз олармен ортақ тіл табысып, кеселден келуі мүмкін екенін егжей-тегжей түсіндіреміз. Дәрігерлер қабылдауда бір реттік арнайы киіммен, қолғаппен, бетпердемен отыр. Емханаға дене қызуы көтеріліп келген науқастарды сүзгі кабинетінде қабылдаймыз. Қанша айтылып жатыр, дегенмен немқұрайлылық бар. Талапқа бағынбайды. Бетперде тағып, арақашықтықты сақтап жүрген адамдар өте аз. Жауапкершілігін түсіну керек. Олар симптомсыз түрі болса айналасына жұқтыру қаупі жоғары болады. Сондықтан тәртіпке бағынып, талапты орындап жүрсе бұл дертті әлі де болса азайтуға болады. Біздің денсаулығымыз өз қолымызда. Жақынға жанашыр болуды мақсат еткен жөн, – дейді дәрігер.

Мамандығы мақтанышы
Тәжірибелі инфекционист-дәрігер Ғалия Мірманова бүгінде мамандығын мақтаныш етеді. Дәрігер болып 2012 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ең алғаш №4 қалалық емханада жұқпалы аурулар дәрігері болып қызметін бастаған. Қазіргі таңда қызметімен қоса, үш баланы тәрбиелеп отырған ардақты ана.
– Негізінде мектеп бітіріп, мамандыққа құжат өткізетін кезде эпидимиолог дәрігер болғым келді. Бірақ соңғы сәтте «емдеу ісі» мамандығы бойынша факультетке түстім. Сол мамандық бойынша еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Өз мамандығымды мақтан етемін. Алайда, жұмыс өте ауыр. Халықпен сөйлесе білу – ең бірінші мақсатымыз. Жылы сөзбен де науқас адамның көңіл-күйін реттеуге болады. Кейде халықтың арасында түсінбеушілік туындап жатады. Кейде ықыласына бөленеміз. Халықтың алғысын алу дәрігер үшін жоғары марапат деп ойлаймын, – дейді ол.
Р.S: Елімізге тосыннан келген қауіпті індетке байланысты қатаң шаралар қабылданды. Талап күшейді. Дегенмен, бүгінгі таңда ауру түрі асқынып, екі түрде жұқтырғандар саны көбеюде. Ал мамандар күні-түні жұмыс істеп жатыр. Осы тұрғыда дәрігерлердің еңбегі ерекше екендігін айтпасқа амал жоқ. Ақ халатты абзал жандар қашанда құрметке ие.  
Коронавирус инфекциясына халық арасында екіұдай пікір бар. Бірақ сақтықта қорлық жоқ. Қазіргі таңдағы қатаң шараларды орындағанымыз жөн. Қауіпті індетті жұқтырып алмаудың өзгеге жұқтырмаудың амалын қарастырайық. Бейқамдыққа жол бермеу керек. Жақынымызға және өзімізге жанашыр болу – әрбіріміздің міндетіміз.


Айтолқын АЙТЖАНОВА
27 маусым 2020 ж. 727 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам