Дәрі тапшылығы мәселесі шешіледі
«Бас ауырса, іш ауырса анам дәрі береді» деп алаңсыз жүретін күндердің ауылы алыс. Бүгінде халық тұмауратуға да қорқып қалды. Елімізде тараған қауіпті індет пен қатар пневмонияның көбеюі халықты әбігерге салды. Ең қиыны сол, дәріханаларда дәрі тапшы. Мұндай жағдай еліміздің барлық аймағында анық сезілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәрі тапшылығын тез арада жоюға қатысты қатаң тапсырма берді. Көпшілік осы тапсырмадан үмітті.
Қаламыздағы кез келген дәріханаға барсаңыз ұзын-сонар кезек. Тұрғындар ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды дәрілік заттардың болмауына, сондай-ақ бағаның жоғарылауына байланысты шағымдар айтуда.
Қазіргі таңда облыс орталығында фармацевтикалық қызметпен 178 дәріхана, дәріханалық пункт айналысады. Барлық дәріхана жекеменшік нысан саналады.
– Халық тарапынан ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды, иммуномодуляциялық препараттарға сұраныс күрт артқаны байқалды. Мысалы, бір дәріханадан бір мезетте бұрын бір айлық қор боп есептелетін 2 мың аспирин сатып алынған. Сұраныстың жоғарылауына байланысты аталған дәрілік заттар тез өтіп кетіп жатыр. Қажетті шаралар қолға алынды. Жоқ дәрілерді дистрибьюторлық қоймалардан алу үшін тапсырыстар жолданды. Аптаның алғашқы күнінде дәріханаларға қажетті дәрілер келіп түсті. Бұл дәрілер осы аптаның аяғына дейін жетуге тиіс. Біз дәрінің тапшылығын болдырмау мақсатында тиісті шараларды жасап отырмыз, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Нұрбек Әділханов.
Дертіне дауа іздеген халық «дәрілер қымбаттап кете ме?» деп те алаңдаулы. Себебі коронавирус індеті елімізге келген кезден бастап, дәріханадағы бетперде бағасы күрт өскен болатын. Сондықтан көпшілік көкейіндегі сұраққа орай, сала маманының жауабын білгенді жөн көрдік.
– Дәрілік заттардың шекті бағасын «DariKZ» мобильді қосымшасынан білуге болады. Олардың бағасын шекті көрсеткіштен арттырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Алайда әзірге сұранысқа сай дәрілердің қымбаттамағаны байқалады. Қазіргі таңда сұранысқа сай дәрілер көптеп әкелінуде. Осылайша, дәрі тапшылығы мәселесі реттеледі. Алайда, бір адамның дәр-дәрмекті шамадан тыс көп сатып алуына тыйым салынады. Шаһар басшысы дәрі-дәрмекті белгілі бір мөлшерде сатуды ескертті. Егер отбасында бірнеше адам ауырса ғана препаратты көптеп алуға рұқсат, оның өзінде дәрігер нұсқауы болуы керек, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Нұрбек Әділханов.
Иә, департамент мамандарының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта дәрі тапшылығы болмайды. Дүйсенбі күннен бастап аймақта орналасқан «Ansar» дәріхана жүйесінде дәрі-дәрмек толықтырылды. Аталған дәріхана жүйесі аудан орталықтарында және қала ішінде жаңа базар, орталық алаң, салық комитеті, ескі базар аумағында және Коммунизим шағын ауданында бар.
Бүгінде дәріханаға уақытылы дәрілер жеткізілгенмен, тұрғындар тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдар көп. Сондықтан облыс әкімі аймақтағы ахуалды өзі көру үшін бірқатар дәріханаға барып, жағдаймен танысты. Аралау барысында қаладағы «Ақ қайың» дәріханасында болды. Дәріхана жетекшісі дәрі-дәрмектердің не себепті жетіспей жатқаны туралы әңгімеледі. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы мен қала әкіміне дәрі-дәрмектердің негізсіз өсуін болдырмау мақсатында шаралар қабылдап, бағасын қадағалау және дәрі-дәрмектер бойынша тұрғындар қажет ақпарат алу үшін сенім телефондары мен «Whats App» желісінен арнайы конференция ашуды тапсырды.
Дәріханадағы дүрбелең қашан басылады? Бұл сұраққа жауап табу қиынға соғады. Себебі күннен күнге тұмаумен, пневномиямен ауырған науқастар саны артпаса кемімей тұр. Демек, дәріге деген сұраныс да әзір азаймайды. Қуанарлық жағдай, осындай қиын жағдай туындаған сәтте қарапайым тұрғындар арасында бір-біріне көмектесу жиіледі. Мәселен, әлеуметтік желіде іздеген дәрісін таппай жүргендерге оны табуға немесе үйінде болса беретінін жазған оң пікірлер көптеп кездеседі. Бұл да болса көңілге демеу. Қиын сәтте халық бірге екендіктерін көрсетуде. Иә, жақынымызға жанашыр болған дұрыс.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ