Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Шектеу шаралары қандай?

Шектеу шаралары қандай?

Әлемді жайлаған коронавирус дерті тез арада елімізде өршіп кетеді деп ешкім ойламады. Қаннен-қаперсіз жатқан қазақ елін шынында да абдыратып тастады. Деннің саулығы, жақын жандардың амандығы үшін сәуір-наурыз айында төтенше жағдай орнатылып, талап күшейгені белгілі. Дегенмен, шектеу уақыты біте салысымен халық қоғамдық орындарға шыға бастады. Тіпті, сырқаттың бар екеніне сенбейтіндер кездесті. Санитарлық талапты сақтамай, бетперде кимей жүрген тұрғындар көбейді. Той-томалақ, құда шақыру жасырын болса да өткізілді. Ережеге бағынбағанның әсерінен бүгінде елімізде қауіпті індет тез тарады. Күннен-күнге вирусты жұқтырғандар өршіп бара жатқанын естідік. Осыған орай тағы да карантин уақыты қабылданды. Сонымен 5 шілдеден бастап екі аптаға бірқатар шектеу енгізілді. Бұл талапқа бағынбағандар айыппұл төлейтіні ескертілді. Сол үшін де карантин талаптарын орындап, тәртіпке бағынған жөн.
Жаңа қаулының талабы
Өткен аптаның соңында бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы шықты. Қатаң карантин шаралары енгізілді. Ендігі міндет қауіпті індеттің тарауына жол бермес үшін тәртіпке бағыну. Жаңа қаулының талаптары жөнінде толығырақ айтып өтсек,  бірінші, көлік қатынасы бойынша мынадай тәртіп орнайды. Мәселен, елдер тізімі көбейтілмей, халықаралық әуе қатынасы сақталады. Оның ішінде уақытын шектеу арқылы өңірлер ара­сындағы әуе қатынасы, темір жол қатынасы сақталады. Ал өңірлер арасындағы жолаушылар автобусы қатынасы уақытша тоқтайды. Сонымен қатар, қоғамдық көліктің жұмысы уақыт бойынша шектеледі.
Екінші, азаматтардың жүріп-тұруы бойынша мынадай тәртіп орнайды. Оның ішінде ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салынады.
Ашық ауада жаттығулар жасауға рұқсат. Дегенмен, тұрғындардың көшелерде, саябақтарда, скверлерде 3 адамнан артық серуендеуі шектеледі. 65 жастан асқан адамдардың сыртқа шығуына да шектеу бар.
Үшінші, бірқатар нысандардың қызметіне тыйым салынды. Атап айтсақ, сұлулық салондары, шаштараз, спорт залдары, фитнес орталықтар, бассейндер, азық-түлік және азық-түліктік емес жабық базарлар, жағажайлар, аквапарктер, мәдениет нысандары, музейлер, көрмелер, форумдар, конференциялар және өзге де ұйымдастырылған бұқаралық іс-шаралар, ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелері (кезекші топтардан басқа), діни нысандар және ойын-сауық орталықтары, караоке, бильярд, компьютер клубтары, боулинг орталықтары, кинотеатрлар, балаларды сауықтыру лагерлері, фудкорттар, банкет залдары жұмысы уақытша тоқтады. Ал мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), кеңсе­лердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің кемінде 80 пайызы қашықтан жұмыс істейді. Медицина ор­талықтары алдын ала жазылу бойынша қызметін жалғастырады. Күнделікті қажетті дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің, ашық базарлардың қызметі сақталады.
Карантин уақытында қызметі сақталатын нысандар да бар. Алайда олар күшейтілген сани­тарлық-дезинфекциялық режимді сақтауға мін­детті. Ашық ауада қоғамдық тамақтану нысан­дары үздіксіз өндірістік айналымы бар құрылыс, өнеркәсіп кәсіпорындары; ашық ауадағы құры­лыс жұмыстары; ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы жұ­мыстары; халыққа қызмет көрсету салалары, оның ішінде авто жуу, автомобильдерді және тұрмыстық техниканы жөндеу, ХҚКО-лар, екінші деңгейлі банктер жұмысын жалғастыруға мүмкіндік бар.
Ескеретін жайт, карантин шектеулері 2 ап­таға белгіленгенмен эпидемиологиялық жағ­дайға байланысты ұзаруы немесе күшейтілуі мүмкін.
 
Облыс әкімінің  үндеуі
Аймақта коронавирусқа қарсы күрес шара­лары қатаң түрде қолға алынды. Облыстағы ахуал об­лыс әкімінің тікелей бақылауында. Дерекке сүйен­сек, өңірімізде инфекциялық стационарда – 515, провизорлық стационарда – 1670 төсек орын дайындалған. Сондай-ақ, инфекциялық ста­ционарда – 200, провизорда – 1257 науқастар емделуде. Облыста барлығы 76 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Маусым айында қосымша 20 портативті өкпені желдету аппараты алынып, дәл осындай құрылғының 63-не Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне сатып алу туралы өтінім жолданған. Сондай-ақ, бүгінгі күні облыстық медициналық мекемелерде 5 компьютерлік томография жұмыс істейді. Қажеттілікке байланысты тағы да осындай 2 ап­парат алу жоспарлануда. Өңірде маусым айында пневмония дертінің асқынуына байланысты үйде ем алушыларға қосымша көмек беру мақсатында дәрігерлік мобильдік топтар құрылып, әкімдіктің қызметтік автокөліктері берілген.
Өткен аптада аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова тұрғындарға үндеу жолдады. Ел басына қиын күн туған қысылтаяң шақта, бірге болуға, карантин талаптарын орындауға шақырды.
– Инфекциялық аурулардың ағымын алдын-ала дәл болжап білу мүмкін емес. Дегенмен, алғашқы күндерден вирусқа қарсы арнайы шаралар қабылданды. Қатаң бірлескен тәртіптің арқасында індеттің алғашқы легін тежей ал­дық. Алайда, экономикалық-әлеуметтік қажет­тіліктен қатаң шектеулерді жеңілдеттік. Соның негізінде тұрғындар арасында санитарлық талаптарды ескермеу белең алды. Вирустың барына сенбеушілік көбейіп, оқшауланудан шығып, көпшілік бас қосулар жиіледі. Індетті жұқтырғандардың саны бүгінгі күні көбеюде. Сондықтан барлық мүмкіндіктер жұмылдырылып індеттің одан әрі тарауын шектеу жұмыстары атқарылуда. Жаңадан енгізілетін шектеулерге түсіністікпен қарап, қолдауға шақырамын. Біз «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» сақтық шараларын қолдансақ қана бұл жұмыстар нәтижелі болады. Әрқайсымыз жақындарымызға жанашыр болып, ынтымақ пен бірліктің арқасында індеттің бетін қайтарамыз, – деді облыс әкімі.

Қоғамдық көлік тәртіппен жүреді
Жоғарыдағы шектеулердің барлығы елдегі күрделі эпидемиологиялық ахуал ескеріле отырып жасалғаны белгілі. Осыған сәйкес, облыстық бас санитариялық дәрігердің жаңа қаулысы жарияланды. Соның негізінде қоғамдық көліктің жұмысы демалыс және мереке күндері тоқтатылды.
– Жұмыс күндері облыс, аудан орталық­тарындағы қоғамдық көліктің жұмысына сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін шектеу қойылды. Де­генмен, талапқа сәйкес көлік сыйымдылығын 50 проценттен  асырмау керек. Ал демалыс, мереке күндері қоғамдық көліктер тоқтатылады. Қауіпсіздік үшін тәртіпке бағынғанымыз дұрыс. Қызметкерлерді және қарапайым тұрғындарды санитарлық ере­жені сақтауға шақырамын. Қоғамдық көлікке бетпердесіз мінбеу керек. Сондай-ақ, адамның сыйымдылығына да мән берген жөн. Өзіміз және жақындарымыз үшін талапқа бағынған жөн, – дейді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің директоры Нұржан Ахатов.   
А.Айтжанова      
08 шілде 2020 ж. 550 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам