Жаңагүлдің жансарайы

Қазақтың қолөнері – ықылым заманнан бірге қалыптасып келе жатқан дәстүр діңгегі саналады. Бұрындары ауылдық жерлерде көптеп кездесетін осы өнер түрін қазір бірен – саран болмаса жоқтың қасы. Көненің көзіндей болған бұл өнер ұлттық оюлармен әспеттеліп, ұлықталып келеді. Осындай өнер түрін заман ағымына сай жаңғыртып, жандандырып жүргендердің бірі – жеке кәсіпкер Жақсыгүл Суманова. Ол 2018 жылдан бастап, қыз жасауы, құрақ көрпе, киім қысқарту секілді жұмыстардың барлығын жасай береді. Банктерден несие алып соған шағын екі тігін машинасын сатып алған. Заман талабын ескеріп арнайы «Инстаграм» әлеуметтік желі арқылы өз парақшасын ашып, дайын өнімдерін сонда салып отырады. Сол арқылы тапсырыс та қабылдай береді.
Ана көрген тон пішер...
Ісмер қыз жасауы, құрақ көрпе секілді жұмыстарды бала күнінен бойына сіңген тәрбие өзегі санайды. Оның айтуынша, әкесі Суман Бөкеұлы мен анасы Күләй Егізбайқызы жаңқаға жан, темірге тіл бітірген еңбек адамдары болған. Кереге, уық секілді киіз үй жасауларын Сыр талынан жасайтын болған. Сонымен бірге, тері илеп баларына қажетті етіктер және түйе терісінен мақалай тігіп беретін болған. Халқымызда ана көрген тон пішер деп осындайда айтса керек-ті.
Мақсатым – ұрпақтан - ұрпаққа мұра ету
– Анам бала кезімізде жүн түткізіп, киіз үй қазықтарын қақтыратын. Ою ойдырып, тігілген сырмақ пен алашаны боятатын. Анамның қалай киіз басып, тоқыма тоқығандарын көзбен көріп, көңілге тоқып жетілдік. Қазақ үшін құрақ көрпе тігудің орны ерекше құнды саналады. Ол үлкен ыждағаттылық пен төзімді талап етеді. Қолым қалт етсе, тапсырыс қабылдап тігін тігуге кірісемін. Құрақ көрпеге көбіне қошқармүйіз оюларды саламын. Көрпенің екі түрі болады. Жамылғы және төсеніш көрпе. Сондай-ақ, ені мен ұзындығына қарайда бөлінеді. Анамның айтуынша, құрақтың екі жүзден астам түрі болады. Мата қиындыларынан қиюластырып тіккен тігіндіні құрақ деп атайды. Бұл қызға беретін анасының сыйы мен сүйіншісі саналады. Құрақ – «адамның басы құралсын» деген ырыммен тігілетін көрпе.
Мақсатым – ұлттық қолөнерімізді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету. Менің осы кәсібімді Дана есімді жиен немерем үйреніп келеді. Берекелі өнерді бала бойына баулығаннан бөтен болмайды. Қыз баланың ісмер болғаны біріншіден өзіне содан соң болашағына пайдалы, – дейді біздің кейіпкеріміз.
Ж.Суманова 1992 жылы шағын тігін цехін ашып, жанына Сандуғаш, Айжан, Гүлмира, Гүлнар есімді тігіншілерді біріктіріп, көптеген жұмыстар атқарады. Талдыарал ауруханасы мен офтальмология орталығын төсек жапқышпен қамтамасыз етіп отырған. Карантин кезінде маска тігіп елге өз үлесін қосып келеді. Студент шағында ата-анасына салмақ түсірмей қолдан киім тігіп алатын. Мұның барлығы бойға сіңген тәлім тәрбиенің жемісі еді.
Ұқыптылықты үйрендік
– Бұрындары киімдеріміз қысқарып қалса немесе ұзындау болса есепсіз тастай салатынбыз. Енді осы тігін цехі ашылғалы киімдерді осында әкеліп, өңдеп қайта жаратып жатамыз. Бүгін тағы қызымның көйлегін қысқартуға әкеліп тұрмын. Апайға қыз жасауын жасатып жатқандарда көп. Жаңагүл апаның еңбегі зор. Берген тапсырыстарды уақытылы орындайды. Ұқыптылық, тазалық секілді асыл қасиеттерді осы кісіден үйрендік, – дейді Анар Дабанова есімді тұрғын.
Тілші түйіні
Иә, халқымыздың ұлттық құндылығы саналатын қолөнер бұйымдары ұлтқа – мақтаныш, ұрпаққа – мұра. Өткеннен тағылым тінін тарқататын берекелі істің болашағы баянды. Бұл бұйымға бүгінде елдің қызығушылығы артып келеді. Ендеше елдің ескірмейтін мұрасы жылдармен жаңарып, ғасырлармен ғибраттала бермек.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ