Ел бірлігі індеттің екпінін басады
Күллі әлемге жайылған жұқпалы індет елімізді де айналып өтпеді. Аурудың алғашқы белгілері қылаң берген әу бастан-ақ мемлекет тарапынан алдын алу қауіпсіздік жұмыстары жедел қолға алынды.
Бұл билікке де, халыққа да түскен үлкен сынақ болып тұр. Осыған орай өңірде көрінбейтін жаумен күрес шаралары бүгінге дейін тыңғылықты түрде жүргізілуде. Нәтижесінде аурудың сәл де болса беті қайтып, екпіні басылғаны байқалады. Дегенмен, босаңсып, арқаны кеңге салар мамыражай күн әлі де туа қоймады. Сақтық керек.
Дәріге зәрулік азайды
Осыдан екі апта бұрын дәріхана табалдырығын тоздырып, ұзын-сонар кезекке тұрған тұрғындары қатарының бүгінде аздап саябырлағаны байқалады. Біріне жетсе, біріне жетпей ханталапай болған дәрі-дәрмек жетіспеушілігі де орын алғаны жасырын емес. Оның үстіне баға бағамы шарықтап, қолжетімділігіне байланысты халық тарапынан наразылық көрініс тапты. Халық керек дәруін таппай, біршама әбігерге түскенімен, қазір бұл алаң-елең сәттен сын бермей шығып келе жатқандаймыз.
Аймақтағы осындай мәселені шешу мақсатында облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев дәріханаларды аралады. Дәрі-дәрмек бақылауын күшейтіп, жоспардан тыс тексеру шараларын жүргізді. Нәтижесінде «Europharmа», «Farmcity», «Доктор плюс» дәріханаларында болып, ондағы вирусты емдеуге қажетті препараттардың бар-жоғын нақтылады. Тұрғындармен еркін тілдесіп, қолжетімділік, баға тұрақтылығы төңірегіндегі ашық пікірлерін тыңдады. Олардың айтуынша, осы күні көбіне дексаметазон, ингавирин секілді дәрі-дәрумендер мен дене қызуын өлшейтін құрылғылар тапшылығы сезіледі екен. Осыған байланысты аймақ басшылары дәріхана иелеріне тез арада қажетті шараларды қолға алып, дистрибьюторлармен байланысқа шығу арқылы мәселені шешуді тапсырды.
Қаланың шет аймағы залалсыздандырылды
Соңғы екі апта көлемінде елімізде карантин режимінің қатаңдауына байланысты қаламызды инфекциядан залалсыздандыру жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Қазіргі таңда қала әкімінің тапсырмасына сәйкес белгіленген арнайы кесте бойынша «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскерилер және «Қызылорда тазалығы» мекемесі күнделікті дезинфекциялау шараларын жасауда. Шаһардың тек орталығы ғана емес, шет аймақтары да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінге дейін Гагарин және Титов қыстақтарында дәл осындай сақтық шаралары жүргізілді. Өте мұқияттылықпен жүзеге асып жатқан дезинфекция жұмыстары көп қабатты үйлердің аулалары, кіре берістері, балалар ойын алаңдары, дүкендер мен сауда орындары, аялдамалар мен қоқыс жәшіктері, халық көп шоғырланатын жерлер және Сәулет шағын ауданына қарасты көшелерге жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын тауып, қала әкімдігінің бекіткен кестесіне сай кезең-кезегімен қала аумағы толығымен дезинфекцияланады деп жоспарлануда. Айта кетейік, карантиндік шектеулер енгізілгеннен күннен бастап бүгінге дейін 6,5 млн. шаршы метр жуық аймақ залалсыздандырылып үлгерген. Әсіресе, вирус ошағы анықталған жерлер үздіксіз дезинфекциялануда. Аталмыш жұмысқа барлығы 81 адам, 8 техника жұмылдырылған. Бұған қоса халық нөпірі көп жерлердегі қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында 10 дезинфекциялау тоннель орнатылған. Мұның барлығы өз кезегінде инфекция таралуының алдын алып, тұрғындардың денсаулығы қауіпсіздігін сақтау деңгейін арттыра түспек. Сондай-ақ, бұл іске халық та бей-жәй қарамай, қатаң сақтық шараларын сақтауда жауапкершілік танытуы аса маңызды.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Қатерлі вирус өршіп, халықтың сыналар сәтінде қайырымдылық деген қағида естен әсте шыққан жоқ. Бұл сөзімізге көпшіліктің игі істері дәлел. Елімізде қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал барысында азаматтар бір-біріне көмек қолын созып, жұмыла қайырымдылық шараларының басы-қасынан табылуда. Рас, қазір қоғамдық өмірдің қай саласына болса да жеңіл болып тұрған жоқ. Дегенмен, бизнес өкілдері карантин кезінде біршама шығынға батқанына қарамастан тұрғындарға көмек қолын созып, адамдық қасиетке тән бекзаттық іс тындыруда. Мәселен, жақында ғана өңірдің құрылысшылар ассоциациясы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына 32 оттегі концентраторын тарту етті. Оның ішінде 10 данасы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, 7-і қалалық ауруханаға, 15-і аудандарға табысталуда. Бүгінгі күнге дейін аймақта 30-ға жуық белді кәсіпкер медициналық мекемелерге 45 дана оттегі концентраторы мен 2 000-нан аса оттегі баллонын жеткізді. Мұнан өзге, тегін дәрі-дәрмек, қажетті оттегі құралдары, оны таситын көлік және азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр. «Қызылорда», «Бәйтерек» қонақүйлерінде медицина қызметкерлері тегін жатын орын мен тамақпен қамтуда. Ал, облыс кәсіпкерлері 3 провизорлық стационарға өздері шығаратын «Ағжан су», «Safia», «Аквалайн» ауыз суын тегін таратуда. Сондай-ақ, облыс орталығындағы мейрамхана иелері «Рахмет, дәрігер» қорын ұйымдастырып, провизорлық стационарларда жұмыс жасайтын медицина қызметкерлеріне тегін ас мәзірін ұсынуда. Аталмыш мейрамхана есебінен бүгінге дейін мыңға жуық медицина қызметкерлеріне түскі және кешкі ас ұйымдастырылса, kaspi.kz 4 емдеу мекемесінің 180-нен астам қызметкерді күнделікті бір мезгіл ыстық тамақпен қамтыды.
Халқымыздың қанына сіңген қайырымдылық қасиетін осынау сындарлы сәтте ұмыт қалдырмай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жанашырлық танытқан барша қайырымды жандардың бұл ісі дәріптеуге әбден лайықты. Коронавирус – жалпыға бірдей төнген апат десек, елдік пен бірліктің де сынға түсер сәті дәл осы шақ. Бүкіл әлем осы кезеңде бір атаның баласы екенін сезініп, қарлығаштың қанатымен су сепкендей қолдау білдіруде. Сегіз қиыр шартараптағы сегіз миллиард адамзат біріккенде, әрине ат төбеліндей қазақтың алауыздығына жол жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біздің күшіміз – бірлікте!» – деген сөзі Сыр аймағында осылай жарқын көрініс табуда.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА