Қала әкімі Н.Нәлібаев: «Көзбояушылық қажет емес»
«Жұмыс талапқа сай емес. Нәтижесі міне, екінші қайтара орындауға мәжбүр болдыңыздар. Сапалы салынса, бүгінгі жұмыстарыңызға оң баға берер едік. Бұл тапсырма барлық мекемелерге жүктеледі. 260 көше талапқа сай салынуы тиіс». Бұл қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жол сапасына байланысты айтқан ескертпесі. Расында, жол мәселесі үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Қазіргі таңда облыс орталығы көшелерінде жол жөндеу жұмысы қызып тұр. Биыл «Жұмыспен қамтудың – Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ауқымды жол құрылыс жобаларын іске асыру жоспарланған. Дәлірек айтсақ, қаламызда 200-ден астам көше жөндеуден өтпек.
Бүгінде кезең-кезеңмен шеткі аймақтағы жолдар жөнделу үстінде. Жолды салып, көшелер тегістелгенмен артынша тағы бір мәселенің шеті шығады. Ол – жолдың сапасы. Расында, қалада жөнделген кейбір көшелердің бір жылға жарамай қайта бұзылып жатқанын көріп жүрміз. Тиісті қаражат бөлінген соң жұмысты сапалы жасауға міндетті. Себебі, бөлінген қаржының сұрауы бар екені белгілі.
Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Қызылжарма ауылдық округіндегі Нысанбаев көшесінде салынып жатқан жол жұмысын көрді. Тиісті сала мамандарының тексеру нәтижесінде асфальт қабатының қалыңдығы тиісті талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Осыған орай, қала әкімі жауапты мердігерге кемшілікті ретке келтіруін қатаң тапсырды. Талап орындалмаса жұмыс қабылданбайтындығын ескертті.
– Маған сапалы жұмыс керек. Сапасыз жұмыс қабылданбайды, тоқтат. Көзбояушылық қажет емес. Тендерден ұтып алдыңба, жауапкершілікті сезін. Жұмсалған қаржының сұрауы бар, – деп ескертті қала әкімі М.Исаев көшесінің бойына жаяу жүргінші жолын салып жатқан «Мақсат ЛТД» ЖШС басшылығына.
Бүгінгі олқылықтар нәтижесінде жол сапасын бақылау үшін қала әкімінің өкімімен халықтық бақылау тобы құрылды. Арнайы құрылған топқа қоғам белсенділері және құзырлы мекеме өкілдері енгізілді. Олар алдағы уақытта атқарылатын әрбір істен сапа мен жауапкершілікті талап ететін болады.
ОЙНАЙТЫН ДА ӨЗІМІЗ, СЫНДЫРАТЫН ДА ӨЗІМІЗ
Бүгінде бұрынғыдай емес қалада ойын алаңдары көбейді. Сонымен қатар, спорттық ойын түрлерімен айналысуға болатын алаңдар облыс орталығының бірқатар жерінен ашылды. Қазіргі кезде көбінесе қираған ойын алаңдарын байқап қаламыз. Сондықтан да бұл іске де жауапкершілік қатаң сұралады. Себебі, балалардың жазым болмауы басты қаперге алынады.
Қазіргі таңда қалада 210 аула болатын болса, оның ішінде 140 аула спорт және ойын алаңдарымен қамтылған. Осы жылы жаңадан 30 ойын, спорт алаңын салу жоспарланған. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев А.Тоқмағанбетов көшесіндегі ойын алаңының құрылыс барысымен танысты. Ең бастысы, сапаға мән беру қажеттігін атап айтты. Сонымен қатар, тұрғындарға ойын алаңдарын күтіп ұстау мәселесі бойынша өтінішін жеткізді.
– Ойын алаңдары туралы көп сын айтылып жатады. «Қирап қалды, сынып қалды, қайда кетті» деген сияқты. Біз жыл санап ойын алаңдарына қатты мән беріп жүрміз. Биыл 140 ойын алаңы жөнделіп, толығымен жаңартылады. Өкінішке орай, аталған жұмыстар атқарылып болып жатса, артынша қайта жөндеуге мәжбүрлейміз. Қала тұрғындарынан балалары үшін салынған және жаңартылған ойын алаңдарын күтіп ұстауда жанашырлық танытуын сұраймыз, – деді қала әкімі.
Айтолқын АЙТЖАНОВА