Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Әйтек атауының тарихын білесіз бе?

Әйтек атауының тарихын білесіз бе?

Қараөзектің бойында Әйтек тоспасы бар. Бұл атау туралы көнекөз кісілерден сұрастырып көрдік, белгілі дерегі болмады. Содан кітап ақтардық, тарихи мәліметтерге үміт арттық, одан нәтиже шықпады. Кенет Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» жырын оқып, Әйтектің тарихын тауып алғандай болдық.
Жалпы, қазақ малмен отырған. Және шөп шауып, қыстық мал азығын жасамаған. Демек, жыл он екі ай бойы жайылымдық жүйе бойынша жүріп, елімізді түгел аралап келді. Жазда Арқада, қыста Сырға құлап, малдың ыңғайына қарай көшіп жүрді. Кейде көтерем малды бір жерге жинақтап, оған бас-көз етіп малшы отырғызды. Олардың жергілікті халықпен араласып, тіпті құдандалы болып, сіңісіп, қалып қойғаны қаншама. Міне, қазақтың жайы осылай.
«Қалқаман-Мамыр» поэмасын ақын «тарихи хикая»  деп атап, «Мұтылған» деген лақап атпен жариялаған. Поэма – Қалқаман мен Мамыр арасындағы махаббат драмасына құ­рылған, жанры жағынан лиро-эпикалық дастан. Негізгі кейіп­керлері: Арғынның биі, ел ағасы Әнет баба, Арғын руының байы Мәмбетей, оны он бес жасар қызы Мамыр, Мәмбетей­дің бастаушысы, батыры Көкенай, Әнет бабаның туысқан інісі Әйтек  және оның тоқалынан туған баласы – Қалақаман.
Жалпы, «Қалқаман-Мамыр» дастаны 1722 жылы қазақ халқының Сыр бойында жүрген кезіндегі оқиғаға құрылған, «Еңлік-Кебек» поэмасының тарихи жалғасы іспеттес.
Өткен іс – ойға күңгірт, көзге танық,
Көрмесе де, білгенге бәрі қанық.
Мың жеті жүз жиырма екінші жыл
Қазақтың Сыр бойында жүргені анық.
Біздің жетінші атамыз Әйтек деген
Бабаңның бір туысқан інісі екен.
Әйтектің бәйбішеден жалғызы – Олжай,
Тоқалынан – Байбөрі Қалқаманмен.
Қазақты ол ұрыста қалмақ алды,
Үш есенің екеуін қырып салды.
Жеңілген соң тұра алмай Сыр бойында,
Арқаға қазақ ауып кетіп қалды.
Осы жол – бар қазаққа белгілі жол,
«Ақтабан шұбырынды» дегенің сол.
Жаяу жүріп табаны аппақ болып,
Қорлық көріп қазақтың шұбырғаны ол.
Сол себептен Қалқаман қалды ізделмей,
«Іздемейін» деген жоқ, шама келмей.
Ол түгіл Әнет бабаң көшке ере алмай,
Тірідей дөң басында қалған өлмей.
Тұқым бар Қалқаманнан осы күнде,
Шын болса, Ұлы жүздің жүр ішінде.
Өздері Еділбаймыз десе керек,
Білмейді кейінгісі бізді мүлде.
Поэманың желісіне назар аударсақ, Қалқаман мен Мамыр бір-біріне ғашық болып қосылғанымен, олардың бір рудан шыққандығына байланысты, екі жас «дәстүрді бұзғаны үшін» өлім жазасына кесіледі. Мамыр өз туысы Көкенайдың қолы­нан қаза табады. Ал Қалқаман өзін өлім жазасына кескен Кеңгір­бай бидің «Енді жазадан құтылдың» дегенін тыңдамай, үстем тап өкілдеріне өкпелеп, Бұхар жаққа кетеді. Дастанда Қалқа­манның ол жақта өсіп-өніп, ұрпағы жүз үйге жеткені айты­лады. Халықтық шығармаға айналған дастан сюжеті фео­далдық-патриархалдық дәуірдегі озбырлық пен әдет-ғұрыпты әшкерелейді, еркіндікті аңсаған халық идеясын паш еткен.
Осындағы Әйтек тегін кісі емес. Ол да байдың тұқымы. Бақсақ, Қараөзектің бойында отырғанға ұқсайды. «Кімнің қонысы?» дегенде Әйтектің ақ боз үйі деген сөз ел ішіне тарап кетсе керек. Содан бастап Әйтек атауы елге сіңісті оқиға сияқты. Бүгінгі тоспаның орны сол Әйтектің жайлауы болса керек.
Қ.Құрбан
25 шілде 2020 ж. 405 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам