Дәріханаға барғанда...

Елімізде тараған қауіпті індетпен қатар пневмонияның көбеюі халықты әбігерге салғаны рас. Әсіресе, тұрғындар дертке дауа болар дәрі таппай дүрбелеңге салынды. Дегенмен, қатаң бақылаудың нәтижесінде дәріханадағы жағдай ретке келді. Қаламыздағы дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бұған біз арнайы барғанда көзіміз жетті.
Дәрі-дәрмек жеткілікті
Қазіргі таңда облыс орталығында фармацевтикалық қызметпен 178 дәріхана, дәріханалық пункт айналысады. Барлық дәріхана жекеменшік нысан саналады. Ескеретін жайт, алдағы екі аптамен салыстырғанда ұзын-сонар кезек жоқ. Халықтың қарасы азайған. Мәселен, «Ескі базар» маңында «Аңсар» дәріхана желісіне халық кезексіз кіріп, сұраған дәрісін алып жатыр. Дүрбелең басылған. Келушілер дәрігер тағайындауынсыз дәрумен тағы да басқа дәрі-дәрмекті сұрауда.
«Әлеуметтік дәріхана». Аты айтып тұрғандай, бұл жерде тұрғындарға жеңілдік қарастырылған. Әрбір дәріні 7 процент жеңілдікпен алады. Мұнда да халық аз. Бір-екі адамнан ғана келуде. Бұл жағдайға қарап біз қуандық. Себебі, тұрғындар арасында дерттің өршуі азайған. Сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмектер жеткізілді. Бүгінде адамдардың азаюы соның айқын дәлелі.
– Халық тарапынан ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды, иммуномодуляциялық препараттарға сұраныс күрт артқаны байқалды. Соған орай қажетті шаралар қолға алынды. Жоқ дәрілерді дистрибьюторлық қоймалардан алу үшін тапсырыстар жолданды. Соңғы екі аптада қажетті дәрілер келіп түсті. Дегенмен, тұрғындар арасында осы аптада келушілер азайды. Қуанарлық жағдай, дәрігер тағайындауымен дәрі сұрайтындар азайды. Күннен күнге тұмау, пневмония дертіне шипа болар дәрілерді сұраушылар саны сейілді. Осы өзгерісті бақылап қуанып отырмыз. Халықтың арасында ауру деңгейі төмендеген секілді, – дейді «Әлеуметтік дүкеннің» меңгерушісі Айгерім Бейіс.
– Дәріханаға денедегі ыстықты түсіретін, микробқа қарсы, вирусқа қарсы препараттар келіп түсті. Сұранысқа сай препараттар аптасына 3 рет жеткізілуде. Парацетамол дәрісіне қанша сұраныс жібергенмен, фирмада жоқ болып келмей жатыр. Дегенмен, оның орнына алмастыратын дәрілерді ұсынамыз. Олар сұраныс бойынша жеткілікті. Бұрынғыдай дәріхана алдында ұзын-сонар кезек жоқ. Көріп отырғаныңыздай адам азайды. Соңғы жаңалықтар халықты елең еткізгені белгілі. Бүгінде балалардың дәруменіне сұраныс арта түсті. Тұрғындар алдын-ала сатып алып жатқан секілді. Дәрігер тағайындауынсыз келіп жатқандар көп, – дейді «Ecopharm» дәріханасының сатушысы.
Дәріханаларда вирусқа қарсы қажетті дәрі-дәрмек табылғанымен, парацетамол әлі де жоқ.
– Парацетамол бар ма?
– Жоқ, әлі келмеді.
Байқағанымдай, дәріханаларға әлі де қызуды түсіретін парацетамол және дәрумен С дәрісі келмеген немесе сұраныс көп. Себебі, біз барған 4 дәріханадан да парацетамол табылмады.
Дәрілердің бағасына келсек, әзірге сұранысқа сай препараттардың қымбаттамағаны байқалды. Дәрілік заттардың шекті бағасын DariKZ мобильді қосымшасынан білуге болады. Ескеретін жайт, бағаны шекті көрсеткіштен арттырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондықтан осы қосымшаға кіріп, олардың сатылымдағы бағасын салыстыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, тұрғындар I-Teka мобильді қосымшасына кіріп, қажетті дәрі-дәрмекті іздестіруге болады. Бұл қысқа уақыт ішінде қажетті ақпаратты алудың ең тиімді тәсілі. I-Teka қосымшасы дәріханаларда белгілі бір дәрі-дәрмектің бар-жоғын көрсететін мәліметтер базасы ретінде құрылған. Мұнда пайдаланушы дәрі бағасы мен қандай дәріханада бар екенін жылдам біле алады. Ол үшін қала атауын және қажетті препараттың атын жазып, іздейсіз. Керек мәлімет дер кезінде шығады. Бұл да дәл қазіргі уақытта халыққа көп көмегін тигізіп жатқан секілді. Өйткені ауырып жатқан адам дәрі іздеп уақыт жоғалтпайды. Сондықтан аталған қосымшаны телефонға жүктеп алғаныңыз тиімді.

Қала әкімінің тікелей бақылауында
Халықты қажетті препараттармен қамту шаралары қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей бақылауында. Арнайы мобильді топ дәріханалардың қызметіне мониторинг жасап, жұмысын бақылап отыр. Олар қала дәріханаларын дәрі тапшылығын жою мақсатында күнделікті аралайды. Әрбір дәріханада қандай қажеттіліктер бар екенін анықтап, уақытылы дәрі-дәрмектің жеткізілуін назарда ұстайды. Соның нәтижесінде өткен аптада облыс орталығына Шымкент қаласынан 100 мыңға жуық дәрі-дәрмек жеткізілді. Осы орайда, айта кеткен жөн, қаламызда дәрі тапшылығын болдырмау мақсатында қала әкімдігі және ірі дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін көтерме сауда мекемелерінің Шымкент және Алматы қалаларындағы дәрі-дәрмек өндіруші кәсіпкерлермен қажетті өнімдерді уақытылы жеткізу жөнінде келісім жасалған. Бүгінде сұраныс білдірген 30 дәріханаға аптасына 3 мәрте фармацевтикалық өнімдер жеткізілуде. Оның ішінде эйфулин, дексаметазон, леовит, С дәрумені, глюкоза, цефазалин сынды өнімдер және басқа да дене қызуын түсіретін дәрілік препараттар бар. Сондықтан алдағы уақытта тағы да сұраныстағы дәрілер дәріхана сөрелерінен табылатынынан үміттіміз.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ